302
"Тұлғалар аллеясы" ашылды
"Тұлғалар аллеясы" ашылды
Атырау өңірінде туған азаматтар қазақ елінің дамуына, әдебиет пен өнердің ілгерілеуіне қашан да қызмет етіп келеді. Олардың қатары қай кезеңде болсын сиремеген. Жуырда осы өлкеде халқымыздың біртуар азаматтарының құрметіне «Тұлғалар аллеясы» ашылды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде пайда болған аллеяға білім, ғылым, мәдениет және өнер саласында айрықша із қалдырған тұлғалардың бюсттері орнатылды.
Атап айтқанда, Мұхамбет-Салық Бабажановтың, Мұрат Мөңкеұлының, Бақтыгерей Құлмановтың, Ығылман Шөрековтің, Салық Зимановтың, Зейнолла Қабдоловтың, Нұрмұхан Жантөриннің, Әбіш Кекілбаевтің ескерткіш-бюсттері қойылды.
Салтанатты шараға ардақты азаматтардың ұрпақтары, туыс-туғандары қатысты. Олардың қатарында, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері, ақын Қойшығұл Жылқышиев, академик Зейнолла Қабдоловтың баласы Бақыт қажы Қабдолов, Нұрмұхан Жантөриннің қызы Бахыт Жантөрина, академик Салық Зимановтың келіні Жаннат Зиманова болды.
Аллеяның ашылуы барысында Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хаты оқылды.