«СОЛ ҚЫЗ ҚАЗІР МҰРАТЫМ, ТІЛЕГІМ ДЕ»

«СОЛ ҚЫЗ ҚАЗІР МҰРАТЫМ, ТІЛЕГІМ ДЕ»

«СОЛ ҚЫЗ ҚАЗІР МҰРАТЫМ, ТІЛЕГІМ ДЕ»
ашық дереккөзі
Ақын Аманхан Әлімұлының лирикалық сырласу кеші Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде белгілі ақын, танымал лирик ақын Аманхан Әлімұлымен кездесу кеші өтті. Үш сағатқа созылған «Сол қыз қазір мұратым, тілегім де» атты шығармашылық кешінде ақын лирикалық өлеңдерін оқып, қатысушылардың түрлі тақырыптағы сұрақтарына жауап берді. Кездесу кешінде жүргізуші болған жоқ, ақынның оқырмандармен сырласуы іспеттес болды. Кездесу кешінде жас ақындар балауса жырларын оқып, аға ақынның ризалығына бөленді. Әсерлі кездесу соңында Аманхан Әлімұлы: "Біз әлем халқымен бәсекелесе алатын, бәсекелестікке лайық ұлт болуымыз керек. Қазақтың тұлғалы қаламгері Қалтай Мұхамеджановпен бір сұхбаттасқан сәтімде ол «Аманхан, пәленше менен неге озып кетті деме, мен пәленшеден неге қалып қойдым де. Ол сені қанаттандырады, ең жаман қасиет қызғаныштан бойыңды алыс ұстатады. Ілгері ұмтылдырады, қамшылайды дейтін. Сондықтан, құрметті жастар, мен де сендерге Қалтай ағамның сөзін қайталаймын, Сендер де "анау менен неге озып кетті демей, мен неге одан қалып қойдым" деп өздеріңе сұрақ қойып, өздеріңді қамшылаңдар, өздеріңе деген жауапкершілікті арттырыңдар. Біз бәріміз сондай болсақ, ұлттымыз өзге ұлттармен бәсекелесе өсіп, өркендеп, дүниеге танылған үстіне, таныла түседі.  Осыны естен шығармасақ бәсекелестікке лайық ел-жұрт, ұлт болып қалыптасамыз. Уақыт пен заманның талап-тілегінен қалмаймыз" – дей келіп, кештің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ризалығын білдірді.  width= P.S. Ақындық деген құдіреттің нәр алар мөлдір бастауы – махаббат пен жастық шақ десек, Аманхан Әлімұлының жырларында сезімдер шарпысы бөлекше көрініс табады. Ендеше әдемі лириканың бір үзігіне көз сала отырыңыздар. * * * Қас пен көздің, бауырым, арасында, Асқақ кеуде соңына қарасын ба? Басым кетіп барады білегінде, Санам кетіп барады санасында.   Жаулап алған жанымды талма кеште, Керемет күн кешегі қалмады есте. Ернім кетіп барады ерінінде, Шайқалады шаттығым алма төсте.   Кеш ұғынған қадірін тірегім бе, Сол қыз қазір мұратым, тілегім де. Көзім кетіп барады бұрымында, Өзім кетіп барамын жүрегінде.   * * * Көгілдір көктем, Елік қыз, есіңде ме еді, Кең дала кербез көлбеңдей төсін кереді, Есіңде ме еді?..   Алғашқы рет біз бірге асқанда қырға, Шүпілдеп тұрған тегене аспан да нұрға, Асқанда қырға.   Қызғалдақ ғұмырың құлпырып өмір төсінде, Келе алмай тұрды, сеземін, көңіл шешімге, Өмір төсінде.   Жанарың жанып жұлдыздай жалқынды кеште, Жүрегің, жаным, жүгенсіз алқынды төсте, Жалқынды кеште...   Бақыттан сол бір бұл күнде бақыт та аспайды, Алқара көк те жұлдыздан жақұт шашпайды   ҒАШЫҚТЫҚ ХАТТАР ЖАУАБЫ  «Мен кеше жұлдыздармен сырласқанда...» Сен мендей ғашық па едің түнгі аспанға? Өзіңдей сыймай кетем бөлмеге мен, Кеудемді əлдеқандай мұң басқанда. «Түсімде бұрымыммен ойнадың кеп...», Сол күні, рас, сені ойладым көп. Өкпелеп тұрғандай боп елестедің: «Сен менсіз талай тойды тойладың», – деп. «Тойда бопсың, бір қызға қызықтың ба?..» Олай, жаным, күдерді үзіп тынба. Ерте көктем қайтадан оралғанмен, Жаның қалар жабырқап, жүзіп мұңға. «Сүйіктім деп көп жерде қайталапсың...» Көп нүктені, аяулым, байқамапсың. Əдейі ме, бекер деп осынымды, Менің тұнық кеудемді шайқамақсың. «Лала гүлдер бұл күнде қырда тұнды...», Мен жүрмін-ау өзіңсіз мұнда мұңды. Жалын кешкен шығарсың гүлдер қуып, Бойтұмарым, серік қып бір хатымды. «О, от сезім, қай жаққа алып ұштың?!.», Оралмадың, жаныма салып ұшқын. Келмесіңді білемін қасыма əсте, Кесесінен бал татпай сағыныштың.