11 Сәуір, 16:38 410 0 Заң Ахмет ӨМІРЗАҚ

БІР КҮНДЕ 133 САЛЫҚ ИНСПЕКТОРЫ ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛДЫ

Өзбекстан:

Қоғамдағы жемқорлық індетімен күрес оңай емес. Санасын парақорлық кеселі меңдеткендерді ақылға шақырып, дұрыс адамның қатарына қосудан асқан қиындық жоқ. Содан болар, кей елдерде кісінің қалтасына көз салғыштарды қатал жазалайды.

Осыдан он бес жыл бұрын Грузияның президенті болып сайланған Михаил Саакашвили билікке келуден елдің ішкі істер органы қызметкерлерін түгелге жуық жұмыстан қуып, әлемді айран-асыр қалдырған еді. Бірақ оның бұл қадамының елдегі жемқорлықты жою жолындағы батыл қадамы екенін білгеннен кейін, жұрт грузиндер басшысының ол шешімін қолдап, өзге елдер өзіне үлгі тұта сөйлегені бар еді.

Міне осыған ұқсас бір оқиға өткен аптада өзбек елінде де болып, жұрттың назарын аударды. Өзбекстан мемлекеттік салық инспекциясының таратқан ақпаратына сәйкес, Ташкент қаласы, Шайхантохур ауданы мемлекеттік салық инспекциясының 133 қызметкері (ішінде аудандық салық инспекциясының басшысы да бар) бір мезгілде жұмыстан босатылған.

Содан бір күн бұрын Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиеевтің бейнеселектор арқылы өткізген жиналысында Ташкент қаласындағы бірқатар мемлекеттік салық инспекцияларының құрамын жаңалау туралы бұйрық берген көрінеді. Жиналыста президент Шавкат Мирзиеев аз ғана уақыт ішінде мемлекет қазынасына түсер салық мөлшерінің мүлде азайып кеткенін айтып, соңғы кезде салық қызметкерлерінің жұмысының қожырап кеткенін сынаған екен.

Өзбекстан мемлекеттік салық инспекциясының мәлімдеуінше, Ташкент қаласы, Шайхантохур аудандық салық бөлімінің түгелге жуық қызметкері және Миробод, Мирзо Улуғбек, Учтепа, Сергели, Юнусобод, Бектемир аудандарының салық инспекциясы басшылары «өз арыздары негізінде» жұмыстан босатылған.

Қалай дегенде де Өзбекстан басшылығының бұл қадамы мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ширату үшін ғана емес, сонымен бірге елдің жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында жасалғанына күмән жоқ.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар