БІР ЕРЛІКТІҢ АҚИҚАТЫ

БІР ЕРЛІКТІҢ АҚИҚАТЫ

БІР ЕРЛІКТІҢ АҚИҚАТЫ
ашық дереккөзі
930
Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ: Атаман Дутовтың көзін жою  қалай іске асты?  Смағұл болыс ретінде көп уақытын ел ішінің дау-дамайын шешуге арнады. Кейде жергілікті қазақтар жекелеп, не топ-тобымен бұл «ине-жіптен жаңа шыққан» болыстың үйіне, «мына заман қалай ауан алып барады» тәрізді сұраулармен ентелейді. Смағұл олармен жиі-жиі әңгіме өткізеді. Ара-арасында мектеп ашу, қараңғылыққа қарсы күресіп, сауатсыздықты жою, егіншілікті кеңейту, ағаш не саман кірпіштен үйлер салу, кейбір ұлты орыс дәулеттілердің қазақтарға қысым жасауы сияқты мәселелер төңірегінде желпінеді. Бірақ бұл көбіне сөз, нақтылы іс-әрекет жағы өте мардымсыз еді. Осындай тірлікпен 1920 жылдың жаз айлары туды. Бұл Қоғалы өңірінде күннің ең қатты қызатын шағы шілде мен тамыздың тоғысы. Сондай бір күндерде Смағұлға әлгі Жаркенттегі өзінің жақын досы, ЧК бөлімшесінің бастығы Асаннан құпия шақырту келді. Хабаршы арқылы «менің шақыртқанымды жан баласы, тіпті әке-шешең, қойныңдағы қатының да білмесін. Жаркентке жай өз шаруаңмен келген бол» деген қатаң ескертпесін қоса жөнелтіпті. Осы екі аралықта үйленіп те үлгерген Смағұл бұл тапсырмаға орай қасына қару-жарағы сай екі атшы-қосшы ертіп, бөгде бір сылтау тауып Жаркентке қарай құстай ұшты. Жаркентте Асан мен Смағұлдың әңгімесі тағы да есік-терезесі тарс бекітілген оңашалықта өтті. Асан оң қолының алақанын жазып жіберіп Смағұлдың алдына тосты да: – Мына қолымда неше саусақ бар? – деп қадала сұрады. – Бес саусақ бар! – деп Смағұл бірден таңқ етті. – Ия, бес саусақ! Артығы жоқ! Осы бестікті ұмытпа! Біздің иығымызға аса жасырын, бірақ зілдей ауыр бір міндет жүктеліп тұр! Оны білетін мен, сен және Қасымхан Чанышев. Аузын буып жүруге жарайтын тағы екі адамды өзіміз таңдап қосамыз. Барлығымыз бесеуміз. Егер бұл жайды жазатайым алтыншы адам естісе, ол қай-қайсымыз арқылы білсе де сол алғашқы бестіктің біреуі ату жазасына кесіледі! Ия, солай! Себебі, бұл мемлекетаралық шаруа! Смағұл бұл ескертпеден сескенген жоқ, қайта туа бітті ержүректігі бар неме өзінің басқа үлкен бір кәдеге асқалы тұрғанын сезіп бойына қайрат жиды. – Маған сонау Мәскеуден, ВЧК-дан, анығын айтсам, Дзержинскийдің дәл өзінен арнайы хабаршы келді. Оның қалай келіп, қалай кеткенін менен басқа ешкім сезбей де қалды! – деп жалғастырды, Асан бұдан арғы сөзін. Сосын Смағұлға өңменінен өтердей жаман да қатал көздерімен ұзақ, тіпті тым ұзақ қадалды. Оның бұл қарасында «егер осы міндетті атқаруға лайықты үлес қоссаң, мұртыңды балта шаппайды. «Алаш» қозғалысына қатысы бар деген жаман атағың жайына қалады, ешкім оны жариялап та абырой таппайды» деген жазу тұр еді. Смағұл бұл жазуды үтір, ноқаттарына дейін ажыратып анық оқыды. Ия, бұл ендігі жерде отқа да, суға да түсуге әзір. Мәселе, бір кезде патшалық Ресейде туы шалқыған, әйгілі казак-орыс әскерлерінің атаманы, генерал-лейтенант, осы 1920 жылдың наурыз айында Қытайға өтіп, едәуір күшпен сонда бекінген, қазіргі большевиктер өкіметінің ымырасыз қас дұшпаны, әрі бұл өкіметті төңкеріп тастап, бүкіл ресейлік патша тағына қонжиюға дәмесі бар Дутов Александр Ильич дейтіннің көзін жою туралы еді. Бұдан кейінгі жыбыр-жыбырға Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышев та қатысты. Түбінде бұл әрекет сол Чанышевтың қолымен жүзеге асырылуға тиіс. Бірақ Дутов дегенің үстіне басып кіре қоятын адам емес, Чанышевқа лайықты көмекшілер керек. Сол көмекшілердің бірі мына Смағұл болуға тиіс. Бұл істе асығыстық мүлдем басы артық дүние, сосын да бұл үшеудің жыбыр-жыбыры үш-төрт күнге созылды. Асан Омбыда оқығаны өз алдына сонда жүріп Петербор, Мәскеу, Орынбор тәрізді қалаларға қатынап, көп білік жинаған. Оқыған-тоқығаны, көріп-білгені мына екеудің жиған-тергенінен әлдеқайда зор. Сосын да Асан өз әріптестерін қосымша көп жайға қандырды. Ақырында бұл ЧК бөлімшесінің бастығы: – Қазіргі кезек күттірмес бірінші шаруа Қытай жерінде сол атаман Дутов бекінген Сүйдін, не одан сәл әрідегі Құлжа қаласының маңынан сенімді екі адам табу. Олар өте қағілез, ауыздарына берік, құралайды көзге атқан мерген, қайраты тасып қалшылдап, қойға шапқан бөрідей жігіттер болуы шарт. Мергендігімен қатар құлқынқұмарлығы танылса – ырыс үстіне ырыс. Большевиктер өкіметінің сол Дутовтың басы үшін атаған сый-сияпаты періштенің өзін жолдан тайдырардай! Бұл сөздердің тұсында Смағұл мен Қасымхан бір-біріне аңтарыла көз тастады. Қасымхан өте жас кезінде саудагер әкесімен бірге керуен тартып, Құлжа қаласына екі-үш мәрте қатынағаны бар. Ал бүгінде мына ЧК-ның жауапты өкілі сипаттағандай жігіттерді ол жақтан тап басып тани қоятындай еш мүмкіндік жоқ. Ал Смағұл Қытай жеріне ат ізін салып үлгермеген. Сәлден соң барып, бір ақылды сол Смағұл қосты. – Өз туыстарымды жер-көкке сыйғызбай мақтағаным емес, менің әкем Диханбай қажы ақылдың кені. Қоңсылас екінші болыстықтың иесі, мен тәрізді ол да болыс. Сабаншы да солай. Ол да қажылыққа барған. Менің әкем сол Малдыбай байдың немересі де, ал Сабаншы сол бидің бел баласы. Менен бір мүшелдей үлкен. Міне, сол екі қажы Қытайға көп қатынаған, әрі ол жақтан келімді-кетімділер де бұларға соқпай өтпейді. Екеуінің Қытайдағы дос-жарандары хақындағы жырына біраз мейірімді қандырып едім. Сіз атағандай Қытайдан сенімді адамдарды солар табуы ықтимал! Бұл ұсынысқа Асан мырс-мырс күлді: – Айналайындар! Мәселенің байыбына тереңірек бойласаңдаршы! Бір елден екінші елге террористер жіберіп, өздері үшін қауіпті саналған адамды оққа байлау халықаралық келісім-шартпен тыйым салынған әрекет! Егер біздің қылықтарымыз жат жұрт сұғанақтарының құлақтарына шалынса баршамыздың күл-талқанымыз шықты дей бер! Смағұл, жаным, дос егіз, дұшпан сегіз, сенің көз алдыңа бес саусағымды неге тостым? Ұмыттың ба? Смағұл да еркін ойлы, ЧК-ның жауапты өкіліне бірден жауап қайырды. – Ұмытқам жоқ! Тек мұндай шара үшін ол бестігіңіз тым тар қауыз ғой! – Шынында біз ондай қауызға сыймаймыз! – деп Қасымхан Чанышев та Смағұлды қолдады. Үшеуара өстіп ырғаса-жырғаса келе ақырында Смағұл Матай тауының етегіндегі қос қажыға барады, әлдебір қауырт іске қатыстыру үшін Қытайда қол-аяғы берік, ұшқыр, сенімді екі-үш жігіт-желең тауып беретіндей сыралғы достарыңыздың бірін атаңызшы деп қолқа салады, тек қандай қауырт іс екенін оларға ашпайды деп келісілді. Сонымен Смағұл Қоғалы аңғарындағы өз ата қонысына қарай қайта салды. Жолай Сабаншыны ілестіріп, Матай тауының күншығыс жақ етегіндегі Қызылқайнар жайлауында отырған әкесінің алдына барып тізе бүкті. Келген шаруасын ай-шайсыз, басы артық ырду-дырдуды маңайлатпай Сабаншы екеуіне ұғынықты етіп бірден жайып салды. Диханбай қажы оның не қауырт іс екенін сұрамады да, тек баласының алабұртқан жүзіне қарап қалайда мұның үлкен бір шаруаға бел буғанын бажайлады. Зерделі Сабаншы да солай. Енді екі қажы бір-біріне алақтап, Қытайда мұның шаруасына қол ұшын берер қай тілеулесімізді атаймыз деген сауалмен айқасты. Кенет Диханбай өз санын өзі сарт еткізіп ұрды: – Неменесіне соншама бас қатырдық! Құдай айтқан әлгі осыдан екі-үш жыл бұрын ғана Қытай асқан, суанның Сатай болыстығын басқарған, кәдімгі Мұқа болыс неғып аузымызға түспей тұр?! Қалмаққа шапқан Сатай батырдың ұрпағы, ағыңа да, қызылыңа да көндікпей шүршітке беттеп, әрі ондағы ағайын-туғандардың басын құрап, паналатқан сол Мұқа болыспен шендесер кім бар? Біле білсеңдер менде оның талай қажетіне жарағанмын! Ол менің сөзімді жерге тастамайды! Қаласаңдар сол Мұқаға тілдей хат жазып берейін. Немесе ауызша сәлем жолдайын! Менің саған әке екенімді ол сұңғыла қайтсе де біледі. Өз тапқырлығына өзі сүйсінгендей көздері жылтырап, Диханбай қажы жайраңдай күлді. Жалпақ маңдайлы, бойы мықырлау, есесіне толған торсықтай төртбақ денесі бар, шымыр адам еді. Алты ұлының ішіндегі мойны озық Смағұлдың бір үлкен іске мойынсұнғанына дән риза. Смағұл үйден шығып үлгермеді, әке шаңырағының астында тағы екі адам пайда бола кетті. Бұлар әлгі Диханбай қажының тұрғыласы Ермұрат пен оның баласы Ақатай еді. Смағұл оларға көп алаңдамады, қысқа сәлемдесті де одан арғыға уақыт таппай тайып тұрды. Сабаншы да осында қала тұрды. Енді осында қалған екеу Смағұлдың қандай іске араласпақ екенін өздері анық білмесе де ойға түйген жора-жорамалдарын Ермұрат пен оның баласы Ақатай алдында қалай да бөлісті деуге негіз бар. * * * Оқырман сол заманның келбетін дұрыс түсінуі үшін Суандағы алты болыс елдің бірін басқарған Мұқа болысқа сәл-пәл сипаттама берелік. 1916 жылға дейін-ақ Жаркент уезіне көптеп ағылған казак-орыстар легі Мұқаның жүйкесін жұқарта бастаған. Енді қалай, Бұрхан, Көктал, Талды, Шежін, Сарыбел тәрізді топырағы құнарлы, көк майсалы қоныстар солардың аяғының астында тапталды. Ол аздай 1916 жылғы қазақтардан әскер алу туралы атышулы июнь жарлығы төбелерінен жай түсіргендей еді. Міне, сол шақта, Жаркент уезіндегі жиырма болыс ел, оның ішінде суанның алты болысы да бар, бәрі бір-ақ күнде шарт жарылды. Ел көтерілді. Әйгілі әкелі-балалы Аққабақ, Сатай батырлардың тұқымысың деп баршасы Мұқа болысты қолбасшы дәрежесіне көтерді. Бұл Мұқа әрі бұған дейін де өте зорлықшыл казак-орыстарға сес көрсетіп, батыл қимылдары арқылы аты шыққан адам. Ішкі дау-дамайды шешуде де алдына жан салмайды. Аузы дуалы суан ақыны Әбіләкімнің мына бір шумағы әлі күнге ауыздан ауызға көшуде: – Халыққа салса Мұқа жеңеді, Қалыпқа салса Сүлеймен жеңеді. Мұқа – келсе, Сүлеймен толқып аққан сең еді. Байсуанның ішінде Бұларға кім тең еді? Суандағы Мұқа болыс бастаған көтерілістің алғашқы қарқыны керемет. Бұған мынадай бір нақтылы мысал да бар. Бұл суандар мекенінен сәл тысқарыдағы бас көтерулер бірден жаншылып, тірі қалғандары жаппай түрмеге қамалды. Жаркент түрмесіне 57 адам түсті. Бұлар осы жағдайда да аласұрып тынши қоймады. Өздерін ауыр жаза күткенін жүректерінің соғысы арқылы сезгендей, мына қапастан қашып шығуға ниеттенеді. Түрме ішінде өзара келісіп, шай әкелген түрме қарауылын шап беріп ұстап, соққыға жығып, басын мылжалап өлтіреді. Дереу біразы алтыатар, маузер тәрізді қару-жарақты қолға түсіріп, қашады. Алайда сыртқы күзет те бар ғой, араларында тағы арпалыс болып, қашқындардың 28-і қайта қолға түсіп, әскери сотқа беріледі. Қалғандары айдалаға бас сауғалап зытпай, қолдарындағы қаруларымен бірден Суан көтерілісінің басшысы Мұқа болысты паналайды. Бұдан кейінгі атыс-шабыста осы жаңадан қосылғандар ерекше ерлік көрсетті делінеді. Әрине, бұл Суан көтерілісі де жеңіліске ұшырайды. Жетісу губернаторы мұнымен қанағаттанбай, сол 1916 жылдың күзінде осы бүлікшілерден келген шығынды солардың мал-мүлкін, қыстауларын, егістіктерін сату арқылы өтейік деген ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс патшаға жеткенше 1917 жылғы ақпан төңкерісі бұрқ етті. Сөйтіп, «Алаш» үкіметі дүниеге келді. Мұқа болыс қайта бас көтерді. Ол «Алашты» өзіміздің ұлттық үкіметіміз деп қабылдады. Суандағы алты болыс елді де соған үндеді. 1917 жылдың көктемінде Қапалдағы «Алашорда» өкіметінің жоғары мәртебелі өкілі осы Қоғалы өңіріне, Жаркент уезіне беттеді дегенді естіп, Жаркенттен бері қарай салып ұрып, Алтынемел асуына жетеді. Бұл ретте Мұқа болыс көптеген ақсақал-қарасақалдарды, танымал азаматтарды ерте келген еді. Міне, Алтынемелде осы топ, бұларға әрі жергілікті біраз жұртшылық қосылып, жоғары мәртебелі өкілді зор салтанатпен қарсы алды. Мұқа болыс өзінің табиғи шешендігіне басып, таза ұлттық, үкіметтің құрылуымен баршасын құттықтайды. Әрі осы Алтынемел асуының етегінде қырық өгіз сойдырып, ұлан-асыр той жасайды. Бұл оқиға кейін біраз аңыз-жырға айналған.
Мұқа болыстың ел есінде сақталған тағы бір еңбегі қазақ балаларын оқытуға көп күш жұмсаған. Сол заманғы көзі ашық, зиялы азаматтардың бірі – Қазан университеті малдәрігерлік факультетінің түлегі Түбек Атауылов патша заманында-ақ Жаркент өңірінде өз мамандығы бойынша қызмет еткен екен. Бұл да зерделі, ұлт қамын ойлауға өресі жететін жан. Әрі осы Түбек Атауыловтың бір қызы әйгілі мемлекеттік қайраткер Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шығуы да көп жайды аңғартады. Осындағы тағы бір көрнекті тұлға – ұйғыр байы Уәли Юлдашев еді. Міне, Мұқа болыс осы Түбек Атауылов, Уәли Юлдашев сындылармен тізе қосып, Жаркенттегі медіресені кеңейтіп, қазақ, ұйғыр балаларын білім алуға, сол кезде аса қат мамандықтарды игеруге үндеген екен. Әрқилы балшы, сынықшы, оташы, бақсы, жыршы тәрізді өнері барларға да жағдай жасапты.
Осындай өз елі үшін аянбаған Мұқа болыс сындыларға да өз елінде опа таптырмапты. Большевиктер өкіметі келісімен «мынау алашордашыл элемент» деп бірден бұған суық қолдарын жүгіртеді. Кешегі ақтардан, бүгінгі қызылдардан көрген жәбір-жападан зәрезап болған Мұқа болыс шекараның жақындығын пайдаланып, мал-жанымен, ауыл-аймағымен Қытай жерінен бір-ақ шығады. Қытайға көшу үрдісін ең алғаш қалыптастырған осы Мұқа болыс. Жат жерде де бұл адамның асқан ұйымдастырушылық қабілеті, көрегендігі, шешендік өнері, мал-жанның қабағына қарай білетіндігі кәдеге асыпты. Сондықтан Қытай жеріне мына жаңа үкіметтің аса құпия тапсырмасымен аттанған баласы Смағұлға Диханбай қажының сол Мұқа болысты атауы тегіннен-тегін емес еді. Смағұл осы олжасымен Жаркентке қайта оралды да, ЧК-ның жауапты қызметкері Асан, Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышев екеуінің алдында Қытайдағы суан Мұқа болыстың жайын баяндады. Тағы да ұзақ дидарласудан соң Смағұл мен Қасымхан екеуі екі жолмен шекарадан әрі асып, Сүйдін қаласының маңына жақындайды. Сүйдін қаласының солтүстік шығыс жағында көлденеңінен созылып Сарыбұлақ тауы жатушы еді. Сол Сарыбұлақтан мол сулы Сарыбұлақ өзені терең сайды қақ жарып, күркіреп ағатын. Оның өнебойы, әрі арғы аталмыш таудың етегі жаз жайлау, қыс қыстауға толы. Мұқа болыс сол Сарыбұлақ тауының етегінде, дарияға таяу жайлаулардың бірінде отырған. Смағұлды өте жақсы қарсы алды. Әкесі Диханбай қажының хал-жайын бірнеше мәрте сұрағыштап, ұшып-қонып дегбірсізденді. – Дәл бүгінде Қоғалы өңірінде, Матай, Доланалы тауларының өне бойында жалайыр-қарақалпақтан шыққан Диханбай қажыдан шоқтығы жоғары пенде жоқ-ау, сірә! – дегенді дәміл-дәміл қайталайды. Смағұлдың шаруасын тыңдап қаныққасын едәуір ойланып, өзінің үш қойшысын шақыртты. Олар Махмұд Қожамияров,Тоқтам деген екі қазақ және Нұқай атты бір ұйғыр жігіті еді. Оларды біраз сөзбен суарып барып: – Мына Смағұл сонау Матай таудың етегіндегі бір қасиетті адамның, қажының баласы! Осында үлкен іспен ат басын тірепті. Бүгіннен бастап бұл Смағұл отқа түс десе отқа, суға түс десе суға түсіңдер! Сендер ат құлағында ойнайтын шабандоз, әрі батыр да батыл сайыпқырансыңдар! Бұдан әрі мал соңында салпақтауларың жараспайды! Егер мына қажы баласының тапсырмасын тап-тұйнақтай орындасаңдар үлкен сый-сияпат өз алдына, шекарадан ары асып, туған жермен қауышып, бір-бір мансапқа ие боласыңдар! – деді. Бұл уәдеден үш жігіттің көздері оттай жанып, бір-біріне жалтақтай берді. Не іс, ол жағын Мұқа да білмейтін, анығын Смағұл әзірше одан да мұқият жасырды. Сөйтіп, Смағұл және Мұқа болыс берген үшеу – барлығы төртеу болып, түнделетіп Сүйдінге жетіп, осында аталмыш жігіттердің бірінің туысының үйіне ат басын тіреді. Мұқа болыстың көмегі мұнымен таусылған жоқ еді. Бірер күннен соң осы Сүйдінге базаршылаған түрмен келген Мұқаны Қасымхан Чанышевпен де жүздестірді. Мұқа мен Қасымхан жылап көріскенге ұқсады. Себебі бұл татар жігітінің бір кездегі ірі саудагер, бүгінде марқұм әкесін бұл Мұқа да жақсы білген екен. Әкесінің қасындағы Қасымханды да бала кезінде көргені есінде. Ендігі үшеуара құпия әңгіменің мазмұны мынау. Бұлар атқармақ іс осында бекінген атақты орыс атаманы Дутовқа барып тіреледі, бұлар сол атаманнан көмек сұрамақ екен. Бірақ оған барар жол өте қиын, сосын да сол атаманға кіріп-шығарлық дәрежесі бар бір лауазымды адаммен таныспақ керек, соны қалай табамыз? Мұның басты себебі, мына Қасымхан Чанышев Жаркент милициясының бастығы бола тұра мына большевиктер өкіметіне өлердей жаны қас, мұның аса дәулетті саудагер әкесін қызыл әскерлер әрі тонап, әрі жанын жаһаннамға жіберіпті, сол әке кегі үшін оларға қарсы майдан ашпақшы! Сол үшін де атаман Дутовтың қоластында қызмет етпекші! Бұған қоса қолайлы жағдайда екі елдің арасында апиын, тері-терсек, әшекейлі бұйымдар, шұғадан тігілген киім-кешек тасып, әке кәсібін жалғастырмақшы. Мұқа осы Сүйдінде бір аптадай бөгелді. Біраз таныстармен жүздесіп, ақыры Смағұл мен Қасымханға сүйінші сұрағандай елпелектей жетті: – Сендердің істерің оңға басады екен! Жаңағы орыс атаманның тілмашы, әрі ең жақын жанашыр досы мұндағы, ондағы елдің бәріне танымал жан. Ол атақты төре тұқымы! Мен де жақсы танимын оны! Баяғы заман тынышта, арғы бетте, өзіміздің атамекенде ол біздің үйде талай жата-жамбастаған! Ол дегенің кәдімгі күллі қазақ төбесіне моншақ көтерген Абылай хан бар емес пе, міне, сол Абылай ханның тікелей ұрпағы! Ныспысы – Меделхан. Абылай ханның кіші қалмақ тоқалынан туған бел баласы Әділдің он төрт ұлы болған! Солардың бірінен Сөк туады (кейбір әдебиетте оның ныспысы Сүйік деп жазылады). Сөктің Бөкей, Бөжей атты екі ұлы белгілі. Бөжейден Ешбай, Мұхаметше тарайды. Осындағы Ешбайдан жаңағы мен атаған Меделхан мен оның інісі Батырша туады. Бұл екеуін де төре тұқымы деп әзәзіл көріп, қызылдар соңына шырақ алып түсті емес пе? Кішісі Батыршаның қол-аяғын кісендеп, сонау Арқа жаққа, Қарағандыға әкетті деп естігенбіз. Ал мына Меделхан қашып құтылып, осындағы орыс атаманның қолтығынан пана тауыпты. Ол Меделхан қазақ пен орыстың ғана емес, басқа да біраз тілге судай, әрі талай ілімді меңгерген нағыз замана сұңғыласы. Орыс атаманға жол тапса сол тауып береді! Өзгеге бастарыңды шатпаңдар! Бұдан әріде Смағұл бой жасыра тұрды. Атаман төңірегіндегілерге әзірге мұның көрінуі орынсыз еді. Сосын да ол шекарадан бері асып, Жаркентке оралды. ЧК-ның осындағы бөлімше бастығы Асан оны Матай тауы етегіндегі өзі басқарған болыстыққа жібермей уақытша қасында ұстады. Ал Қасымхан мен Меделхан Абылайхановты Мұқаның өзі беттестірді. Қасымхан мен Меделхан тез тіл табысты. Қасымханның қызыл өкіметке өлердей жау болуына себеп те көпе-көрнеу.
Кешіріңіз оқырман! Бұл жерде тағы бір түсініктеме қажет. Ұлты татар, Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышевтың осы қарқында тым белсенді шығуына басқа да тосын себеп бар. Мәскеудегі ВЧК-ның орталық органдарының жауапты адамдары атаман Дутовтың көзін жоюда асқан мүдделілік, әрі асығыстық танытты. Сосын да үсті-үстіне ВЧК-ның Жаркенттегі бөлімшесіне әрқилы нұсқаулар, ақыл-кеңес сияқтыларды жіберіп жатты. Сондағы бір нұсқау нобайы былай: Қасымхан Чанышевтың Жаркенттегі отбасын толайымен, әйелі, бала-шағасы, іні-қарындастары бар, айналасы оншақты жан – бәрін бір түнде қамауға алып, Қасымханның өзіне «егер сен атаман Дутовтың көзін жоюды тез, әрі қапысыз жүзеге асырмасаң, не сатқындық жолға түссең, мына туыстарыңмен о дүниеде бір-ақ жүздесесің» деп шарт қою. Бұл бұйрық табанда орындалды. Ал Қытайдағы Қ.Чанышев сол төре тұқымы Меделханмен беттесер қарсаңда бұл жайдан хабардар етілді.
Өкінішке қарай бұл тілмаш, әрі көмекші-кеңесші қызметін атқаратын төре тұқымының Қасымханды атаман Дутовпен жолықтыруға өкілеттігі жетпейді екен. Ондай өкілеттік осындағы діни басшы поп, әрі атаманның барлау қызметін басқаратын Иона-әкейдің қолында бар екен. Бірақ сауысқаннан сақ пәле, не нәрсені тексерсе де қыл-қыбырына дейін өз көзінен өткізбей оған жол бермейді екен. Қасымхан әлі де біраз бөгелді. Тек осы уақытта Меделханмен бірнеше мәрте сұхбаттасып үлгерген ол әлгі Мұқа болыс ұсынған үшеуді, яғни Махмұд Қожамияров, Тоқтам атты қазақ жігіттерін және Нұқай атты ұйғыр жігітін сол Меделханға қызметшілікке орналастырды. Мұндай ұшқыр да, әрі не жұмысқа да жұтынып тұрған малайларға Меделханның өзі де зәру екен, бірін атшы, екіншісін еден сыпырушы, үшіншісін аспазшы етті. (Жалғасы газетіміздің келесі санында)

Серіктес жаңалықтары