«Астана LRT» жеңіл рельсті көлік жүйесінде тұрақты жолаушылар тасымалы осы демалыс күндері — 16–17 мамырда басталады. Бұл туралы бүгін журналистерге City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
— Ашылу осы демалыс күндеріне жоспарланып отыр. Нақты, иә, — деді Дүйсебаев "Астана LRT" нысанына жасалған экскурсия барысында.
Tengrinews.kz мәліметінше, қазіргі уақытта жоба дайындықтың соңғы кезеңінде. Елордада пойыздарды сынақтан өткізу, қауіпсіздік жүйелерін тексеру және инфрақұрылымды реттеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, LRT-ның сынақтық пайдалануы 2025 жылғы 29 қыркүйекте басталған және кемінде 6 айға созылуы тиіс болған. Бұған дейін CTS компаниясында пойыздар сағатына 40–50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5-тен 10 минутқа дейін болатынын хабарлаған еді.
LRT бағыты елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Желінің басталуы халықаралық әуежайдан (сол жерде пойыздарға қызмет көрсетуге арналған депо салынған), ал соңғы нүктесі — «Нұрлы жол» вокзалы. Жалпы бағытта 18 станция бар, олар қаланың негізгі іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтеді.
«Астана LRT» станциялары:
101 — "Әуежай";
102 — "Атамекен";
103 — "Есіл";
104 — "Мәңгілік ел";
105 — "Астана жұлдызы";
106 — "Нұра";
107 — "Университет";
108 — "Ұлы дала";
109 — "Астана Арена";
110 — "Жекпе-жек сарайы";
111 — "Сығанақ";
112 — "Бәйтерек";
113 — "Министрліктер үйі";
114 — "Ұлттық музей";
115 — "Театр";
116 — "Мыңжылдық аллеясы";
117 — "Жібек жолы";
118 — "Нұрлы жол".
Болашақта қала билігі желіні Қосшы қаласына дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Жобаның екінші кезеңіне дайындық басталып кетті — жуырда жаңа эстакада учаскесі үшін алғашқы темірбетон арқалық құйылды.