314
ЕҢБЕКШІ ӘЙЕЛДЕР ҮКІМЕТКЕ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ
ЕҢБЕКШІ ӘЙЕЛДЕР ҮКІМЕТКЕ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ
Павлодар қаласында «Еңбек әйелдері – Қазақстанның басты құндылығы» деген ұранмен аймақтық форум өтті. Оның жұмысына қатысушылар Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту, демократиялық құндылықтарды қамтамасыз ету, бейбітшілік және ұлтаралық келісімді сақтау бағытындағы саясатын қолдайтындарын жеткізді.
Егемен елімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және саяси демократияландыру жолында нақты қадамдар жасалды. Осы мақсаттағы жаңа міндеттерді жүзеге асыруға еңбеккер әйелдердің де қосар үлесі зор болмақ.
Қазақстан халқының жартысынан көбін еңбекші әйелдер құрайды. Олар үлкен күш. Сондықтан да мемлекет жұмыс істейтін әйелдерді әлеуметтік және экономикалық жағынан қорғау, ана мен баланы құқықтық және әлеуметтік қолдау мәселелеріне баса назар аударып келеді. Осы бағытта Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2030 жылға дейін жүзеге асырылады.
Форумға қатысушылар еліміздің экономикалық және әлеуметтік жаңаруы, әрбір қазақстандық отбасының игілігі мен жақсы тұрмыс-тіршілігі мемлекеттік қызметте және барлық салада жұмыс істейтін әйелдердің белсенділігіне тікелей байланысты екенін тілге тиек етті.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жұмыссыз әйелдер 5,3 пайызды құрайды. Сондықтан оларды еңбекпен қамту бағытындағы бағдарламаларды жергілікті билік орындары белсенді түрде жүргізуі қажет. Өкінішке орай осыған жеткілікті мән берілмейді. Жұмыс берушілердің көбі әйел мамандардан гөрі ер азаматтарды жұмысқа қабылдауға ынталы. Себебі еңбеккер әйелдер ана болғандықтан бала күтіміне және басқа да тұрмыстық жағдайларға байланысты жұмыс уақытын жоғалтуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе жеке кәсіпорындардағы жұмыс берушілер жұмыс істейтін әйелдердің құқықтарына, ана мен баланы қорғаудың мемлекеттік кепілдіктеріне, әйелдердің денсаулығын қадағалауға жүрдім-бардым қарайды. Олардың бірінші кезекте ойлайтыны – табыс. Ал сол табысқа еңбек адамдарының арқасында жетуге болатынын неге ұмыт қалдырады? Жұмыс орнында лайықты жағдай жасалса, еңбек адамдарына тиісті әлеуметтік кепілдіктер жасалса, онда еңбек адамдары еш алаңсыз өнімді де еселі жұмыс істейді ғой.
Тағы бір байқалған олқылық – 87,6 мың адам санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс істеген. Оның ішінде18,4 мың әйел-адамның шаң-тозаң және қоршаған ортаға зиянды жұмыс орнында еңбек еткені белгілі болып отыр. Осындай өндірісте жұмыс істеген аналар дені сау ұрпақты дүниеге әкеле ме, жоқ па, бұл да кең талқылауды, кешенді шаралар қарастыруды қажет ететін өзекті мәселе. Олар бала-шағасының тіршілігі және еңбекақының жоғары болуы үшін ауыр да зиянды жұмыс істеуге мәжбүр.
Лайықты еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбекті қорғауда ұлттық және халықаралық стандарттарды енгізу; жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесін салалық кәсіподақтармен келіссөздер жүргізу мен ұжымдық келісімдер арқылы шешу, еңбек күрделілігіне, қызметкердің біліктілігіне және еңбек жағдайына байланысты сараланған сыйақы белгілеу мәселелері де осы Үндеуде көрініс тапқан. Сондай-ақ көп балалы отбасыларға, жалғызбасты және мүгедек балалары бар аналарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беру жөнінде де ұсыныстар бар.
Ғалым ОМАРХАН
Павлодар