Қызылшаға қарсы екпе егу басталды

Қызылшаға қарсы екпе егу басталды

Қызылшаға қарсы екпе егу басталды
ашық дереккөзі
Бүгіннен бастап республика бойынша қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіледі. Биыл алғаш рет бір жасқа толмаған балаларға екпе салу басталады. Себебі 12 айға толмаған балалардың арасында қызылша ауруына шалдығу көрсеткіші жоғары болып тұр.  Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері елімізде қызылшаға шалдыққан 4670 адам тіркелді. Олардың басым бөлігі - балалар. Соңғы бір аптаның ішінде 500-ге жуық адам қызылшамен ауырып қалды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қызылша барлық аймақтарда тіркеліп отыр. Алайда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Ақмола мен Түркістан облыстарында ауру өршіп тұр. Мәселен, наурыздың басында Астанада он адам жансақтау бөліміне түсті. Ал елорданың инфекциялық ауруханасында қосымша кереуіттерді қоюға тура келді.  Бас санитардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда қызылшаның жаңа мутациясы тарала бастады. «Қызылшаның генетикалық тармақтары, яғни мутацияға жататын Dublin және Kabul тармақтары бар. Осы екі серотип Қазақстанда ешқашан болған жоқ. Мәселен, Астанада ең ауыр 18 жағдайды зерттегенде сол адамдардан Kabul-дың 70 проценті және Dublin-нің 30 проценті шықты. Kabul серотипі, көбінесе, Азиядан келеді. Ал Dublin Еуропа елдерінде жиі кездеседі. Бәрі сол жақтан келіп жатыр», - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Қызылшаның инкубациялық кезеңі 20 күнге дейін созылады. Осы уақыттың ішінде оған шалдыққан адам басқа біреуге ауруды оп-оңай жұқтыра алады. Себебі вирус ауа арқылы таралады және науқас отырған жерде екі сағатқа дейін сақталады. Инкубациялық кезең болғанда адамның өзі қызылшамен ауырып жүргенін білмеуі де мүмкін. Сондықтан мектепке, дүкенге, жұмысқа және басқа да қоғамдық жерге барып, вирусты таратып жүре береді. Ал екпе алмағандар оны 90 процентке жұқтыра алады. Республика бойынша қызылша ауруы, көбінесе, екпе алмаған балалардың арасында жиі кездеседі. Олардың үлесі 60 процентті құрап отыр. Балалардың көбісі екпе салатын жасқа - 12 айға жетпеген. Осыған байланысты биыл қызылшаға қарсы екпені 9 айдан бастап салу туралы шешім қабылданды. «Иммунологтар осы мәселені жан-жақты зерттеп шықты. Екпе салуды 9 айдан бастауға болады. Бұдан бөлек, медициналық мекеме қызметкерлеріне екпе салынады. Себебі олар науқастармен тікелей жұмыс істейді. Қалғаны өз еркімен екпе салғысы келетін азаматтарға беріледі», - дейді Ж.Бекшин. Оның ойынша,  екпеге қарсы шығатындар дәрі-дәрмек саудасынан пайда көріп отыр.