1550
ӘНШІ ӘБДІЖАППАРДЫҢ БАСЫ НЕГЕ ДАУҒА ІЛІКТІ?
ӘНШІ ӘБДІЖАППАРДЫҢ БАСЫ НЕГЕ ДАУҒА ІЛІКТІ?
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші наурыз айы аяқталуға таяған шақта жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа отандық телеарнаның біріне сұхбат беріп, ата тегіне қатысты біршама ойын ортаға салды. Көпке түсінікті болу үшін әңгімені әріден тарқатсақ. Әбдіжаппар көп сұхбаттарында «мені түрік, өзбек ұлтының азаматы деп ойлайтындарға «мен қазақпын, тегім қожа» деп айтудан шаршадым» деп жүр. Десек те әнші жайлы сөз бола қалса, оның руы, шыққан жері айтылмай қалмайды. Осы жолы қожалардың бағзыдан келе жатқан құдалық жөн-жоралғысын, салт-дәстүрін сөз етіп Әбдіжаппардың басы біраз дауға қалды. Әлеуметтік желі қолданушылар пікірі екіге жарылып ақтау мен даттауды аяп қалмады.
Аманкелді Қайратұлы есімді желі қолданушысы: «Пайғамбарымыздың ұлдарының барлығы өзінің көзі тірі кезінде бақилық болған. Бұның ғибраты сол, пайғамбар өлген соң балаларын пайғамбар тұтып кетпеуі еді деп тәмсілдейді білетіндер. Алайда өзіміздің түсінікке салып, пайғамбардан ұрпақ қалмаған екен ғой деген ой түюге болмайды. Себебі, арабтарда ұрпақ қыз жағынан да жалғаса береді. Бүгінгі таңда да әлемнің әр түкпірінде асыл пайғамбарымыздың ұрпақтары өмір сүруде. Сол пайғамбарымыздың ақыр заманға қарай Мәхди есімді өз ұрпағынан болған ер адамның келетіні және оның барлық елді дінге бастайтыны айтылады. Сондықтан, өздерін пайғамбар ұрпағы санайтын кейінгілер өзгелермен қыз берісіп, қыз алусыды жөн санамаған. Себебі Мәхди өз араларынан шығады деп үміт еткен. Әйтпесе қасындағылар мен құлды да қатар қойып, адамдықтың мәңгі өлмес өнегесін көрсеткен пайғамбар да сахабалар да табиғиндар да олардың ұрпақтары да өзге ұлтты кемсітіп кем көрмеген. Сөйтіп заман өтіп, уақыт өзгеріп кете барды емес пе. Мәхдиді өз араларынан күткен бұрынғылар солай некеге сақ қараған. Енді, аталарымыз өйткен екен, бүйткен екен деп бүгінгілердің айтуы заңдылық қой. Әбдіжаппар да қан араласып кетіпті дегенде басқа нәрсені айтқысы келген болар. Әйтпесе генетикада несі бар. Әрине, бұл жігітке де біраз іздену керек. Өйткені ишанның шығып-шықпауы қанға емес жанға байланысты. Қалай болғанда да ақ қарасы айырылмаған ақпарат. Журналистің құр сенсәция жариялауы» деп жазды.
Бәрінен де отқа май құйып, желідегілердің ызасын келтірген белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің эмоцияға толы жазбасы болды.
«Ұлттың Қауіпсіздік қызметі қайда қарап отыр? Мына әншінің үстінен қылмыстық іс қозғалсын! ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бабымен жазалансын! Сонда Қазақтың елінде, жерінде тұрып біз оларды бұзып жатырмыз ба? Сонда Қазақтың қаны таза емес бұзылған деп айып тағып отыр ма? Сонда Қазақтың қыздары бұзылған ба? Неге осындай ел алдында жүрген жұлдызсымақтар ауыздарына байқап сөйлемейді?! Біз Араб еліне барып бұзған жоқпыз, өздері дуана сияқты қаңғып келіп, қазақтар кеңпейіл жайлы болған соң осында қалып қойды! Олай руға бөліп, бізді менсінбей қарауды тоқтатыңдар! Сосын қазақты әркім басынып бітті ғой! Шаршатты осылай жоғарыдан менсінбей қарайтындар! Ауыздарыңа байқап сөйлеңдер! «Әрбір қазақ жалғызым» – деген Сабыр Адайдың ұлы сөзін ұмытпаңдар! Әлжаппар Әлқожа халық алдында кешірім сұра, әйтпесе заң алдында осы сөздерің үшін жауап бересің!» , – деген А. Орынбектің жазбасына бір тәуліктің ішінде 4 жүзге жуық пікір жазылыпты.
Қаптаған жазбалар ішінен Мырзан Кенжебайдың пікірі көз тарты.
«Султан Сүлеев! Ата тегін айтқаны, қан араласқанын айтқаны үшін адамды кінәлау, ессіз деу естілік емес. Сосын жер бетінде қаны араласпаған халық жоқ. Қазақтың көбінде қалмақтың, моңғолдың, ноғайдың қаны бар. Абылай Шыңғыс ханның ұрпағы, оның шешесі де, екінші қатыны да жоңғар қызы. Қазекемдер ұлы, данышпан атап жүрген М.Әуезов қожа. Біз кіші жүз әлімдер де, адай, беріш, байұлы т.б. Қазақ хандығы дегеннің құрамында болған емеспіз. Орыстар да өздерінің бастауы қайда жатқанын әлі білмейді. Не болса соған шуылдап не көрінді? Қазақ қатын қалаштарының фб тан басқа істейтін ісі жоқ екені көрініп тұр. Бассыз, құр шуылдақ ұлтпыз. Шынында қожалар да, төрелер де таза өз қанын сақтауы керек еді» деді М. Кенжебай.
Әбдіжаппарды кінәлаған жұрт қарасы көбейгесін бе, Айгүл Орынбектің «...өздері дуана сияқты қаңғып келіп, қазақтар кеңпейіл жайлы болған соң осында қалып қойды» деген жазбасы шамына тиді ме екен әншінің туған әпкесі Роза Әлқожа да мәселенің ақ-қарасын айырып беруге көшті.
Өз жазбасында: «Айгүл, Әбді-жаппар айтпаған сөзі үшін де кешірім сұрай алады. Ел деген көп. Көпке иілу қажет. Тек өзіне жарнама жасап жатқан сіздейлерден қорқамын. Ұлтараздық, руаралық өшпенділіктен қорықпайсыздар ма?
Сіздің арқаңызда қанша адам анамызды боқтап, руымызға тіл тигізіп жатыр. Көп қазақты қожаға қарсы қойғанда әрине көп жеңеді. Бірақ біздің құдайымыз бар. Сіз де ол жоқ шығар?!» деп ашынғанын жеткізді. Розаны жұбатқал жұрт: «Аяқтан шалған қазағым-ай! Басқа ұлт пен ұлыс көрсе күлетін халге жетіпсіздер! Əбдіжаппар мың жылда бір туатын азамат! Өнері өрге жүзсін!», – деген сыңайлы пікірлер білдірді.
Халық шулағасын танымал адамдар да, ойын жеткізіп, ел арасындағы екіге бөліну мен алауыздықтың алдын алғандай болды.
Танымал продюсер Әлия Құдайберген жеке парақшасына: «Әбдіжаппардың әкесін де, анасын да, әпкесін де, бауырларын да өте жақсы танитын адам ретінде айтарым: олар қазақтың қандай ел екенін, оның салт-санасы, дәстүрі қандай екенін күнделікті тіршілігінде көрсетіп, дәлелдеп, ұрпағының санасына сіңдіріп келе жатқан жандар. Сондай дәстүрлі отбасында өскен бала ешқашанда қазаққа қарсы сөз айтпайды. Өзі де солай депті, міне. Осындай бір былықтарды ұйымдастыратын адамдардың болашақтан үміті не екен деп таңғалам?! Өзі ғой әлі жас, мұндай сөздің талайынан өтеді. Әке-шешесінен ұят емес пе? Ақ орамалын арындай аялап, әр перзентін еліне адал қызмет етсін деп, ақ сүтін берген анасының көңілін неге ойламайды, сол блогерлер? Қожа кім, қара кім, оның тарихы бар емес пе? Бүлінген, бөлінген түк те жоқ. Ол бұрыннан бар сөз. Мысалы, біздің жақта қожа қожадан қыз алады, қожа қожаға қыз береді. Тіпті, қожаға үйленбеген ұлымен әкесі "қан бұзылды" деп, араласпай қоятын, қожаға бармадың деп, қызының бетін көрмей кететін де жағдайлар бар. Оны біз қалыпты қабылдаймыз, мысалы. Ал, бұл мәселеден хабарсыз адамдар дұрыс түсінбеуі, оны бөлінушілік, бұзбекерлік деп түсінуі әбден мүмкін. Бұл отбасында ондай қаталдық жоқ қой. Ұлы да, қызы да сүйгендерімен бірге. Әлі жап-жас баланың қанатын қайырып, сағын сындырғанда сол бала өшіп қалмас. Талантты бала. Өресіз емес. Еңбекқор. Роза өсірген бала ғой! Сөзден жаңылған шығар, әрі кетсе. Ұят қой. Айналысатын басқа тірлік жоқ па?!», – деп халықты түсіністікке шақырды.
Ақын Ұларбек Дәлейұлының: «Ру мен жерге бөлінген Қазақтың келешегі тұман. Ал, мына бір нәрсе есімізде болғаны дұрыс шығар:
Тарихтан өзім мойындайтын, «ақсүйектер» деп аталған рулық топ – Шыңғыс тұқымдары, яғни, төрелер. Олар Қазақ алдында өз міндетін абыроймен өтеді. Қажет кезде басын берді, қанын төкті. Қожалар діни ағартумен айналысты. Дін арқылы ішкі бірлікті ұстауға күш салды. Ешкімді алалаудың керегі жоқ-ау» дегені рулық түйткіл жалпыхалықтық сипат алмау керек екенін аңғартты.
Танымал журналист Гүлбағыш Бостан да мәселенің байыбына барып, пікір білдіру керегін. Фейк ақпарат пен хайп жарнаманының аражігін ажыратпай әңгіме айту қате екенін айтып қалды.
«Əбдіжаппарды айыптап, хайп қуып жетісіп жатыр екен біраз сайт. Ұлттық арнадан көрсетпеу керек дейтін ғажап ұстанымдарыңыз болса «біржыныстылықты» əнімен де, киімімен де насихаттап жүргендерді қуалап, қазақтың сөзін, тұрақты тіркесін қисайтқаны үшін неге сотқа бермейсіздер? Журналист сауал қойды, білгенін, көріп өскенімен жауап берді. «Қара мен қожа» деген сөзді ойлап тапқан Əбдіжаппар емес қой. Толық мəніне бармай жатып жерден алып, жерге салуға, бұлақ көрсе көзін ашпақ түгілі үстіне мусор құйып кетуге неге сонша құмарсыздар» деп ашынды журналист Гүлбағыш Бостан.
«Тағы да сол сүйікті тақырыбымыз - текті-тексіз, ақсүйек-қарасүйек боп жырғап жатыр екенбіз ғой. )) Құдая тоба, айналдырған он миллионның айналасындағы жұрт, бітірген ісі шамалы. Неткен тәкәппарлық десеңізші. "Көкмойнақтың үйірі" дерсіз. Асыл тұқымы туралы айтқанда бірінен бірі өтеді. Құдды жетпіс жеті ата-бабасына өздері акушер болғандай еседі. Басынан үркіншілік, соғыс, ашаршылық, нәубет өтпеген, мұхиттың ортасындағы жеке аралда тұрған елдің ұрпағындай көсіледі. Және сол жазбаны көбі «шатадан туған» данышпан ойлап тапқан гаджетке жазып жатқанын ұмытады. Қазіргі әлемдегі ұлы өнерпаздар – Анджелина Джолидің неліктен күйеуімен қосылып африкадан балалар асырап алып жүргенін, ұлы актер Александр Серебряковтың неге жетімханадан ұлдар өсіріп отырғанын түсіне алмай кететін шығар бұ жазғандар... ))», – деген журналист Қасым Аманжол да желі қолданушыларын сын тезінен бір өткізіп алды.
Тәулік бойы толассыз тулаған қожа руы жайлы жазбалар әсер етсе керек, белгілі журналист Құдияр Біләл желіге «Қожа» атты циклдық жазба қалдырды. Оның басында қожа ұғымына тоқталмай Әбдіжаппар айтқан «қара» атауына түсінік берген.
Жазбаға үңілсек: «Әбдіжаппар дұрыс айтады. Қожалар қараға қыз беріп, қарадан қыз алған соң тектерін бұзып алды. Соның салдарынан ишандық, сопылық жолды жалғастырудан қалды. Аталары салған жолдан айныды. Енді сауал: Сонда «қара» деп кімді айтамыз? Басын ашып алайық. Қара - қазақ емес. Сәл-пәл тариxқа үңілейік. Біздің қазақ болғанымыз кеше ғана. Нақтыласақ, 1456-жыл. Ал қазақ даласындағы қожалар тариxы кем дегенде одан 500 жыл әріде жатыр. Сондықтан кейбіреулер айтып жүргендей, қожаны қазақтан ажыратудың еш қисыны келмейді. Егер тариx қатпарына үңіліп жіліктер болсақ, бір жүзге кіретін кей рулардың бір-біріне сорпасы да қосылмауы мүмкін. Сондықтан аз қазақты бөлшектеудің қажеті жоқ. Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Сонда "қара" кім? Ол – дінсіз қауым. Ұғынықтылық үшін Алланың xақиқи жолын – ақ десек, оған керағар жақтың қара болатындығы көп ақылды қажет етпейді. Сонда мына сайын далаға Алланың ақ жолын алып келе жатқан қожалар дінсіз, кәпір қара қауымға өлсе қыз бере ме? Әрине бермейді. Тағы да қайталап айтайық, ол кезде қазақ деген ұғым жоқ. Алайда Әбдіжаппар өкініш білдіретіндей, біз осы үрдісті жойып алдық. Қазіргі күні қожаның қызы қараға кете беретін болды. Бұл жерде енді қожа мен қазақ бір ұғымға айналады. Ал қыздарымыз болса дүниенің төрт бұрышына кетіп жатыр. Соған Әбдіжаппардан басқа алаңдап жатқан адам жоқ. Әрине, шүршіттен туған бала ешқашан сопы болмайды. Себебі – қара. Сондықтан ел боламыз десек, қараға қыз бермейік, ағайын! Және бір жәйт. Осы дау-дамай барысында біраз адам қожалар әулетіне тіл тигізді. Себебі... Себеп көп. Ең бастысы – жүректерінде дақ бар. Қара дақ. Ал ол қараның кімдер екенін жоғарыда айттық қой. Сондықтан ағат әңгіме айтқандардың тәубесіне келгені жөн. Егер мұсылман болса, әрине» – дей келе тариқха тоқталып, негізді мысалар келтірді.
«Қожаны қожа еткен – қазақ. Қожаларды «Ишан», «Пір» деп әспеттеген де қазақ. Қожаның қаршадай баласына дейін атын атамай «Қожеке» деп құрмет биігіне көтерген де қазақ. Болмаса қазақ арасына кірген өзге қырғыз, түркімен, парсы сынды ұлт өкілдері өзге ру құрамына сіңіп, бірі « арғын, екіншісі « адай аталып кеткен. Тіпті біздің ауылдың Гена атты болгар жігіті өзін «құлшығаш» руы санатына қосады. Сол сияқты қалың қазаққа жалғыз атты қожаны өз қатарына қосып алу қай руға да аса көп қиындық туғыза қоймайды. Оның үстіне қожалар қауымы өздеріне жүктелген міндеттеріне орай бір жерде топталып отырмайды. Соған орай қазақ атам: «Қожада ел болмас, төреде жер болмас» деген. Сондай-ақ: «Жаңбыр жауып көл болмайды, қожа жиналып ел болмайды» деген де бар. Кеңестік дәуір қазақ даласындағы «Қожалар мектебін» жойды. Іле колxоздастыру басталды. «Қожалар ауылы» міне осы кезде ғана бой көрсете бастады. Болмаса, әр ру, әр ауылда бір-бірден ғана қожа болды». Бұл Құдия Бәләлдің жазбасынан үзінді. Аңғарған болсаңыз журналист жазбасында ақылға қонымды біршама дерек бар. Журналист біраз жайтты сөз ете келіп: «Осы дау-дамайдан аңғарғанымыз – біз қазақ болғымыз келеді екен. Біз қазақтықты рудан жоғары қоюды үйреніппіз. Ендеше оның тілін де әспеттейік. Өзге ұлт құрамына еніп бара жатқандарға да «тәйт» деп қоялық. Ең бастысы – Қазақ болайық!» деп Құдияр Біләл ойын түйіндеді.
P.S: Қазірде Әбдіжаппар Әлқожаның өзі өңірлерде жеке кештерін беріп жүр. Әлеуметтік желідегі белсенділердің бастамасы әнші шығармашылығы мен халық арасындағы жақындыққа сызат түсіргендей. Өйкені бүгін әншінің өзі парақшасына ұзақтығы 3 минутқа жуық видео-үндеу жүктеді. Бақсақ: «елден бөлектенгім келмейді, ондай ойым да жоқ. Артық кетіп, ағаттық жасаған болсам, кешірім сұраймын!», - деп арда халықтың алдынан өтті. Не де болса, безбеннің екі басы теңессе екен. Олай болмаған күнде қазақ өнері мен өнерпаздары әлем алдында басқаша танылып жүрмесіне кім кепіл?!...
Дайындаған: Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН