28 Наурыз 2019, 16:01 690 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Елбасы Алматыға келді

Осы аптада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына келді. Қаланың барлық жоғары оқу орындарын біріктіретін G-38 студенттік ұйымының екі мыңға жуық студенті Елбасын гүл шоқтарымен салтанатты түрде қарсы алды.

Жастар ұйымының өкілдері Елбасына өскелең ұрпаққа көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін, әрі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты. Ал траптан түскен Нұрсұлтан Назарбаев тосынсый көрсетіп, жылы қарсы алғаны үшін жастарға ризашылық білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекетімізді дамыту ісіндегі жас ұрпақтың маңызды рөліне ерекше тоқталды. – Сіздер – бақытты жансыздар. Себебі Алматы сияқты əсем қалада білім алып, гүлденген əрі бүкіл əлемге танымал елде өмір сүріп жатырсыздар. Қазақстан – біздің Отанымыз. Біздің міндетіміз – тəуелсіздігімізді қорғау. Баршаңызға мықты денсаулық, болашақтарыңызға табыс тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Алматыда биыл екінші жыл қатарынан 2020 жылға дейінгі Жол картасы жүзеге асып жатыр. «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы арқылы жас отбасылар алғашқы жарнасыз 5 пайыз несиемен жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізе алады. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыда өткен жылы бірнеше жатақхана іске қосылды, биыл тағы 2680 орынды 5 жатақхана салу жоспарланған. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы арқылы қалада білім гранттары 1,5 есе өсіп, 28 мың грантты құрады. Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың үздік оқушыларына осы айдан бастап стипендия беріле бастады, яғни жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері ай сайын 10 мың теңгеден, ал мектеп оқушылары 5 мың теңгеден алуда.

 

Соңғы жаңалықтар