Менің әкем

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, балалар жазушысы Бақыт Досымның бұл фәниден бақиға озғанына да жиырма жылдан асыпты. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақ әдебиеті мен журналистикасының қоржынына қомақты олжа салды. Соның бірі – «Мейірбектің көгершіні» атты балаларға арналған кітабы. Құдай қаласа, екінші  жинағы  жарыққа шығар күн тақау. Егер көзі тірі болса, биыл асқаралы алпыс жасқа толып, мерейлі мерекесін ел-жұртымен бірге тойлар еді. «Артында бар оңалар» демекші, оның соңында алтын асықтай бір ұл және күміс қасықтай бір қыз қалды. Бақыттың қызы Әйгерім Досыммен аз-кем әңгімелескен едік.

«1998 жылы әкем ауыр сырқатының салдарынан, ауруханада көз жұмды. Ол кезде мен – 10 жастамын, ал ағам – 11-де, – дейді Әйгерім. – Әлі баламыз, іштей әкемізді қайта көрмейтінімізді сезсек те, туған-туысқандардың қамқорлығын көріп, әкеміздің жоқтығын байқамадық. Бірақ әкеге деген сағыныш басылмады. Бала күнімде «Әкемді жоғалтқан сәт түс болса екен, қазір көзімді аша қалғанда әкем алдымнан шықса екен» деп жиі қиялдайтынмын.  20 жылдан аса уақыт өтсе де:  «Шіркін, дәл қазір әкем болғанда ғой» деген өксік-өкініш әлі де бар. Өмірдің әрбір сәтінде әкенің ақылы, қамқорлығы ауадай қажет болды. «Дәл осы сәтте әкем не істер еді? Көзі тірі болса, біздің өміріміз қандай болар еді» деп  ойлаймын.

Әкеміз көпбалалы отбасында туып-өсті. Он екі баланың екіншісі болды, ізіндегі іні-қарындастарына үнемі қамқор болып жүретін. Туып-өскен ауылына бара қалса, ағайын-туыс әкемді жағалап келетін еді. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін. Ағам екеумізге де соны сіңіріп, өсірді. Күнде кеште барлығымызды дастарқан басына жинап, домбырасымен ән айтатын. Кейде сол жерде отырған адамдарға пародия жасайтын. Ондай сәттерде үйіміз құдды бір концерт залы сияқты көрінетін. Кейде ағам екеумізді отырғызып, терме, күй тыңдататын.  Ол кезде 6-7 жастамыз, күй мен термені түсіне бермейміз, бірақ әкеміз: «құлағына сіңе берсін, қазақтың үнін тыңдап өссін» дейді екен. Өмірден ерте кететінін сезді ме, әйтеуір ағам екеуміздің әрбір күнімізді мерекеге айналдыруға тырысатын.

Қыз бала болған соң, мені көп еркелетті. Әлі есімде, 9 жасымда сырқаттанып, ауруханаға түстім. Күнде  жылайтынмын. Әкем ауруханаға күніне үш рет келетін. «Әкемді көрмесем, ұйықтамаймын, тамақ жемеймін» деп жылайтын едім.  Бала күнінде ағам қатты сырқаттанды. Сол дерт әкем мен анамды есеңгіретіп жіберді. Ата-анамыз дерттің бетін қайтару үшін барын салды. Әкем бірнеше жерде жұмыс істеді, ең үздік дәрігерлерді іздеп, талай аурухананың табалдырығын тоздырды. Бірақ сондай ауыр сәтте де, күлімдеп, жайдары жүретін. Балаларына, жарына әлсіздігін көрсеткісі келмейтін. Өзі ауруханаға түскенде анама: «Әзірше балаларды әкелме, мына халімді көрмесін» деген екен. Шамасы, тек жарқын бейнесі, көңілді сәттері есімізде қалсын деген шығар.

Бала  күнімізде  отбасымызбен концерттерге, мерекелік шараларға көп баратынбыз. Сондай концерттерден шыққан кезде: «Өскенде мен актриса боламын» деп армандайтын едім. Кейде: «Әке, мен мұғалім боламын» деп айтатынмын. Әйтеуір, күн сайын өзгеріп тұратын арманымызды  әкемізге ғана айтатын едік. «Ең бастысы, адам болыңдар.  Армандай біліңдер, арман адамға қанат бітіреді, арманнан мақсат пайда болады» дейтін әкем ондайда.  Негізі, адамның мамандық таңдауына ата-ананың ықпалы зор болатын сияқты. Әкем мені жұмысына жиі апаратын еді. «Қазақ радиосының» ғимараты маған ерекше әсер ететін. Кейде әкеме еріп сұхбаттарға баратын едім. Қара репортер ауыр болса да, көтеріп, соның қалай жұмыс істейтінін көргім келетін еді. Бірақ әкем репортерге ешкімді жолатпайтын. Шамасы, бала күнімдегі көріністер мамандық таңдауыма ықпал етсе керек.

Әкем мен анам жеті жылдай дос болып жүріп үйленді. Бір ауылда өсті. «Қарындасыма үйлендім» дейді екен қалжыңдап. Анам екеуі жаңа кітаптар, әкем жазған әңгімелерді талдап, талқылап отыратын. Екеуі бірге отырып, ән салғанды ұнататын. Ел ұйқыға кеткенде қою қара шай ішіп, жоспарларын, мақсаттарын талқылайтын. Әкем үй шаруасына көп араласпайтын. Сенбі-жексенбі күндері анам үйді жинауға кірісе қалса, ағам екеумізді киіндіріп, саябаққа алып кететін. «Үй мұнтаздай таза болғанда келеміз» дейтін. Әрине, отағасы ретінде ағайын-туыстың барлық шаруасын тындыруға тырысатын.

Әкем қайтыс болғанда, Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған бір топ курстастары келіп, қолдан келген көмегін аямады. Кейін мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түскенде, анам жетектеп Шәмшидин Пәттеев ағамызға апарды. Шәмші ағаның қолдауымен «Түркістан» газетінде жұмыс істедім. Марқұм Дидахмет Әшімханұлы ағамыз бастаған ұжым мені жылы қабылдады.  Ғалымжан Мелдеш, Жаңабек Шағатай, Көлбай Адырбекұлы, Құтмағанбет Қонысбай сияқты ағалардың қамқорлығын көп көрдім.  Бүгінде әкемнің көзін көрген біраз азаматтар әлеуметтік желі арқылы «Бақыт Досымовтың қызы екенсің ғой» деп хат жазып, хал-жағдай сұрайды. Кейде «Әкеңнің қамқорлығын көп көрдік, асыл азамат еді» деген жылы сөзді естісем, сондай ақ жүрек адамның қызы болғаныма қуанамын.

Әкем кішкентайынан «Ұлан» газеті, «Балдырған» журналдарына әңгіме жазатын еді. Алматыға оқуға келіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған соң, «Қазақ радиосына» жұмысқа кірді. 20 жылдан астам уақыт сол қара шаңырақта қызмет атқарды. Радионың «Балалар мен жасөспірімдер» редакциясының бас редакторы болды. Елге сыйлы азаматтармен сұхбаттасып, маңызды бағдарламалар жасады. Көзі тірі болғанда, әкем биыл 60 жасқа толар еді. Кім білсін, өмірі қамшының сабындай қысқа болмағанда әлі талай істің басы-қасында жүрер ме еді?!  Көзі тірісінде мансап қуып, араға таныс-тамырды салып, креслода отыруды әкем мақсат тұтқан емес.  Қарапайым тіршілігі, қызметі өзіне ұнайтын. 2000 жылы әкемнің әңгімелері жинақталған «Мейірбектің көгершіні» атты кітап жарыққа шықты. Бір кітабы жинақталып тұр. Бірақ күйбең тіршілікпен жүріп, кітапты жарыққа шығаруды  кейінге ысыра бердік. Оның үстіне, қазір саны бар да сапасы күмән тудыратын кітап көбейіп кетті ғой. Әкемнің кітабы, қолтаңбасы қалған дүниелердің шаң басып, сөрелерде ескерусіз тұрғанын қаламаймын. Келер жылы әкеміздің кітабын  жарыққа шығару ойда бар.

Жазып алған Ермахан  Шайхыұлы

Back to top button