601
«ЕЛ АРНА» ТЕЛЕАРНАСЫ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАДЫ
«ЕЛ АРНА» ТЕЛЕАРНАСЫ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАДЫ
«Ел арна» телеарнасы екі жылдық мерейтойына орай қысқаметражды көркем фильмдердің сценарийіне байқау жариялады. «Ерке Есілдің самалы» тақырыбында жазылған сценарийлер 27 наурыз бен 1 мамыр аралығында қабылданады.
Байқауға жіберілген фильмдерді «Ел арна» арнасының көркемдік кеңес мүшелері іріктеуден өткізеді. Ең үздік деп танылған 1 жұмыс өндіріске жіберіліп, Астана күніне орай «Ел арна» арнасының эфирінен көрсетіледі. «Байқаудың мақсаты қазақстандық сценаристердің жұмыстарын көпшілікке насихаттау, көрермендерді «қысқа метр» жанрымен жақынырақ таныстыру, сондай-ақ дебютанттарға қолдау көрсету», - дейді «Ел Арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт.
Өнер бәйгесінің шарттарымен https://elarna.kz/kz/baj-au сілтемесі арқылы танысуға болады.
https://www.youtube.com/watch?time_continue=17&v=HZhqF0VdhyM
Тағы бір жағымды жаңалық, 27 наурыздан бастап, отандық киноның отауына айналған арна жаңа бағытқа бет бұрды. Енді, телеарнадан көркем және деректі фильмдермен қатар, спектакльдер, сахна саңлақтарының өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық бағдарламалар көрсетіледі. Осы орайда, көрермендер еліміздің театрларының репертуарымен танысып, үздік премьералар, беделді республикалық және халықаралық фестивальдерден жүлдемен оралған қойылымдарды тамашалай алады.
Қысқаша мәлімет:
«Ел арна» - отандық көркем фильмдер мен деректі картиналар ұсынатын еліміздің алғашқы кино арнасы ретінде 2017 жылы ашылды. 2018 жылдан бастап, арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «алтын қорында» сақталған ленталармен толықты. Сонымен қатар, арнаның шығармашылық тобы қысқаметражды фильмдер өндірісін қолға алып, аталған туындылар киносүйер қауымның оң бағасына ие болғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, өткен жылы «Ел арна» Халықаралық кинофестивальдердің бас ақпараттық демеушісі болды. Беделді кино бәйгелерден тікелей көрсетілімдер мен күнделіктер дайындады.