ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ ЕҢБЕГІНЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ ЕҢБЕГІНЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ ЕҢБЕГІНЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
747

2019 жыл, 19 наурыз, сағат 19.00.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық телеарналар арқылы қазақстандықтарға  үндеу жолдап, өз өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын жария етті. Бұл көпшілік әсте күте қоймаған тосын мәлімдеме болғаны рас. Өйткені мемлекетті отыз жылға жуық уақыт басқару тізгінін нық ұстап, тәуелсіз елімізді аумалы-төкпелі, қиын-қыстау күндерде шалыс бастырмай, сүріндірмей, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, бірлігі мен тұтастығын сақтап, егемен Қазақстанды халықаралық деңгейдегі қуатты да мықты мемлекеттердің қатарына қосу жолында сарабдал саясат жүргізе білген әлемдік аренадағы танымал тұлғаның тосын шешім жасағанын естіген жұрт алғашында әрі-сәрі күй кешкені түсінікті.  Мұндай шешім жасау Елбасының өзіне де оңай болмағаны анық. «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­– оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның Президенті болып сайланғанда елдің жағдайы қиын болатын. Оны қазақстандықтар ұмыта қойған жоқ. Кеңес империясы құрдымға кетіп, егемен еліміз етек-жеңін жия алмай, жоқшылық пен тапшылықтың тауқыметін тартқан халық «Ертеңгі күніміз не болар екен?» деп алаңкөңіл болып отырған уақытта Қазақстанның Тұңғыш Президенті елімізді тығырықтан алып шығу жолында даралық пен даналық таныта білгенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Сол бір қиын-қыстау күндерді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мәлімдемесінде тағы да бір рет көз алдымызға әкелді. «Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік. Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық» деді егемен еліміздің Тұңғыш Президенті. Жылдар жылжып, ел экономикасы түзеліп, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара бастады. Елбасының сындарлы саясаты мен баянды бастамалары, қайтпас қайрат-жігері арқасында әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс кезінде де Қазақстанның шаңырағы шайқалған жоқ, еліміздің еңсесі түспеді. Өйткені еліміздің ұстанған бағыт-бағдары мен стратегиялық мақсат-мүддесі айқын болатын. Бұл сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі көреген саясаткер екенінің тағы бір дәлелі. Қазақстан әлемге  кең таныла бастады. Елдің болашағы зор екеніне көздері жеткен инвесторлар елімізге қарай ағылды. Ел экономикасын нықтай түсудің түрлі тетіктері мен механизмдері іске қосылды. Жақсы жоспарлар мен баянды бағдарламалар жүзеге асты. Қазақстанды шикізатты елден өндірісі өркендеген елге айналдыру мақсатында Президенттің бастамасымен Индустрияландыру жоспары жүйелі жүргізіліп, осының нәтижесінде мемлекетіміздің экономикасы мен әл-ауқаты артқанын бәріміз де жақсы білеміз. Қазақстан әлемдегі озық 50 елдің қатарына қосылды. Ендігі мақсат – дамыған 30 елдің қатарына ену. Амандық болса, оған да жететін күн алыс емес. Бұл биік мақсат-міндеттің жүзеге асуына Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта да өзінің лайықты үлесін қосатын болады. Өйткені ол саясат сахнасынан кеткен жоқ, егемен елімен бірге болады. Қазақстан заңдарына сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие. Басқа да өкілеттігі аз емес:  Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі. Қазақстанның алдында тұрған асқаралы міндеттердің орындалуы жолында Тұңғыш Президенттің де аянып қалмасы анық. Оны өзі де мәлімдеме жасағанда айтып қалды: «Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тұңғыш Президенттің елдің әл-ауқатын одан әрі жақсарту бағытындағы батыл бастамаларының барлығы да толық орындалатын болады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметі мәлімдеді. Қазақстан Республикасының Ата заңы – Конституцияда Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына берілетіні айқын көрсетілген. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. «Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.    Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

 2019 жыл, 20 наурыз, сағат 12.00. Парламент Үйі.

 Қазақстан Республикасы қос Палатасының бірлескен отырысы басталды. Алдымен Мәжіліс  төрағасы Нұрлан Нығматулин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кірісуіне арналған шараның ашық екендігін жария етті. Құрметті қарауыл залға еліміздің туы мен Конституциясын әкелді. Осыдан соң Тұңғыш Президент - Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев барша депутаттар мен жиналған қауымның қошеметімен залға кіріп, жоғары орынға отырды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президент куәлігін, омырауға тағатын белгі мен байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына қолын қойып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президенті жүктеген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант  берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасы депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен  өсіп-өркендеуі және халықаралық бедел-абыройының артуына  өлшеусіз, ұланғайыр еңбек сіңіргенін атап өтті. «Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды», – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Астана қаласын «Нұрсұлтан» деп өзгертуге ұсыныс жасады. Бұған депутаттар орнынан тұрып, қол шапалақтап қошемет білдірді. Айта кету керек, елорданы Елбасының есімімен атау жөнінде бұған дейін де депутаттар ұсыныс жасаған болатын. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттағы ұстазы екенін айта келе: «Тұңғыш Президенттің құрметіне Астанада монумент тұрғызуды тапсырамын»,− деді. Рәсім барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді. Сонымен қатар, Елбасыға «Құрметті сенатор» дәрежесі берілді. Және барлық мемлекеттік органдар мен оқу орындарында, мекемелерде Тұңғыш Президенттің портреті сақталатын болады. «Еліміздегі қалалардың орталық көшелеріне Назарбаев атауын беруді ұсынамын»,  – деді Қ.Тоқаев.  

Ғалым ОМАРХАН,

Астана

Серіктес жаңалықтары