Сапарбаев және басқалар...

Сапарбаев және басқалар...

Сапарбаев және басқалар...
ашық дереккөзі
401
Басы дау-дамайдан арылмайтын, артынан үнемі сөз еретін министрліктер көп емес. Соның көш басында – Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұр. Солай болуы заңды да. Себебі халыққа керегі – балаға сапалы білім беру, денінің сау болуы және қамсыз қарттық. Алайда, осы үш министрлік те реформадан көз ашар емес. Денсаулық сақтау саласы сапалы медициналық қызмет көрсетуді дұрыс жолға қоя алмаса, білім жүйесі әлі күнге өз бағытын таппай, кәдімгі сынақ алаңына айналды. Бұл – оқулықтағы олқылықтар, тестілеудегі жүйесіз сұрақтар, тағысын тағы. Ал дәл бүгін әлеуметтің мазасын қашырған мәселе – баспаналы болу, жұмыссыздықпен күрес, бейнеттің зейнетін көру, көпбалалы отбасылардың жанайқайы. Көптің көңілін күпті еткен түйткілді шешудің жолы қайсы? Жалпы, осы салаға келген министрлер қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай ма? Әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін қандай бағдарламалар жүзеге асты? Оның «қызығын» жұрт көрді ме? Сансыз сауалға – дүдәмал жауап. Шын мәнінде, қарапайым халық бетпе-бет келіп отырған мәселе көп. Оны көретіндер де, көзге ілмейтіндер де бар. Әсіресе, мұны осы салаға келген басшылар жан-тәнімен сезіне білуі тиіс. Оның жаны да, қаны да қазақ деп соққаны абзал. Себебі үйсіз-күйсіз жүргеннің дені – қазақ, жұмыссыз жүргеннің көбі – қазақ. «Басы ауырмағанның жанында балтырың сыздамас» демекші, анау шалғайдағы елді мекенде шиеттей бала-шағасымен «шықпа жаным, шықпа» деп күнелтіп жүрген отбасының ахуалы кімді алаңдатады? Ал тепсе темір үзетін жігіттердің қол қусырып, бос сенделіп жүргені ше? Демек, әлеуметті қорғау, бұл – ең алдымен қазақтың мәселесі.

Әлеуметке кім келді, кім кетті?

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері әлеуметтік салаға оннан астам министр тағайындалыпты. Олар халықтың есінде қандай ісімен есте қалды? Бердібек Сапарбаевқа дейін халықты әлеуметтік қорғау саласында оннан астам министр ауысты. Біреулері өз еркімен кетті, енді бірін қызметінен алды, тағы біреуіне тіпті жұмыртқа лақтырды. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары Әлеуметтік қамтамасыз ету және тұрғындарды әлеуметтік қорғау деп аталған министрліктің алғашқы басшысы Зәуре Қадырова (1990-1995) болды. Бұған дейін ол сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы және бюро мүшесі болған еді. Қадырова қызметінен өз еркімен кеткен еліміздегі ең алғашқы министр. Зейнетке шыққан соң ол өткен кезеңді еске алып, өз еркімен жұмыстан кетуін министрлер кабинетіндегі келіспеушілікпен және «халықты алдағысы келмеу» ниетімен түсіндірді. «Министрлер кабинетіндегі әріптестеріммен «түсінбестік» көп болды. Менің қысымыма төтеп бере алмаған үкімет жағдайы қиын тұрғындарға түрлі жеңілдіктер жасауға уәде берді, алайда ештеңе істемеді. Осындай игі ниетіміз бар екенін халыққа жеткіздім, бірақ соңында оларды алдағандай болып шықтым. Соған шыдамай қызметтен кеттім», – деген 2012 жылы берген пікірінде. Алайда, Қадырова министр қызметінен кеткен соң 2007 жылға дейін парламент мәжілісінің бірнеше шақырылымында депутат болып, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетін басқарды. Одан кейін халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басшы болып Байкәрім Түтенов (1994-1995), Сейітсұлтан Әйімбетов (1995-1996) тағайындалды. Дағдарыс жылдарында министрлікті аз уақытқа ғана басқарған олардың қызметінде ел есінде қаларлықтай ештеңе болмады. 1996 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін біріктірген соң Наталья Коржова алғашқы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып үш жыл қызмет атқарды. Оның тұсында зейнетақы жасы ұлғайтылды (әйелдер жасы 55-тен 58-ге, ерлердің жасы 60-тан 63-ке), зейнетақы жинақ жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Коржовадан кейін бұл қызметке 1999-2000 жылдары Николай Радостовец, 2000-2001 жылдары Әлихан Байменов келді. Президенттің бұрынғы көмекшісі Гүлжан Қарағұсованың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған кезі ел есінде қалды. Басқалармен салыстырғанда осы қызметті алты жыл басқарған ол зейнетақыны қайта есептеу жүйесін енгізген соң қатты сынға ұшырады. Ол 2007 жылдары баспасөзге берген сұхбатында: «Атаулы әлеуметтік көмекті беру процесінде ел қазынасынан бөлінер жәрдемақы «нан-сүтке жетеді, басқа еш нәрсе керегі жоқ» деп маңдайы терлемейтін жеңіл табысқа иек артатын, тым болмаса балалары үшін жақсы өмір сүруге талпынбайтындар тобының пайда болғанын байқадық. Бұл көмекке арналған қаржы аспаннан түсіп немесе қалталы шетелдік капиталистің қолынан шығып жатқан жоқ, мемлекеттік қазынадан бөлініп жатыр. Ал мемлекет дегеніміз – сіз бен біз...» деген еді. Сол кезде экс-министр ханымның бұл уәжін мақұлдағандар да, даттағандар да болды. Егер мемлекеттен атаулы көмек алып, маңдайы шылқып отырған отбасы болса, міне дер едік. «Баяғы жартас, сол жартас». Мұндай пікірді айтарда да жеті рет өлшеп, бір рет кесу керектігін неге қаперге алмайды? Тағы да сол Қарағұсова ханым: «Іштен шыққан перзентің өміріңнің жалғасы болғандықтан, сәби өміріне Құдай алдында да, қоғам алдында да тек сіз ғана жауаптысыз. Мемлекеттің бөліп отырған азын-аулақ қаржысы сізді бұл жауапкершіліктен құтқара алмайды. Егер сіз перзентіңізге аналық мейіріміңізден бөлек, жақсы өмір сыйлай алатыныңызға сенбесеңіз, бақытсыз шаранаға өмір бермей-ақ қойыңыз дер едім» деген-ді. Бұл тығырықтан шығаратын жауап па? Әрине, кез келген ата-ана өмірге келген сәбиін білімді, саналы ұрпақ қатарынан көргісі келетіні сөзсіз. Сол үшін бүкіл ғұмырын арнайды, күреседі. Өзі бағындырмаған биікке баласының қолы жеткенін қалайды. Әлеуметті қорғайтын министрдің аузынан «қазақ көбейсін, өнсін» деген емес, осындай екіұшты пікір естиміз деп кім ойлаған? Қарағұсовадан соң бұл салаға қазіргі министр Бердібек Сапарбаев (2007-2009) келді. Ол «Нұрлы көш» бағдарламасының тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізді. 2008 жылы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан берi миллионға жуық қандасымыз көшiп келдi. Дегенмен әлi күнге дейiн баспана, жұмысқа орналасу, елге тезiрек сiңiп, халықпен араласып кетуге байланысты проблемалар жетiп артылады. Солардың барлығын зерттей келе, мемлекетiмiздiң демографиялық жағдайын жақсарту мақсатында, халықтың санын көбейту әрi өңiрлердiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайын дамытуды көздегеннен туындаған идея болатын. Ең бастысы – елiмiзге көшiп келуге ниеттi қандастарымыз бен отандастарымызға жағдай жасау. Өкiнiшке қарай, кейбiр басылымдарда «оралмандардың көбiсi масыл, бiлiмдерi таяз, олардан бiзге түсер пайда жоқ» деген пiкiрлер жиi кездеседi. Ол дұрыс емес. Келiп жатқан оралмандардың орта бiлiмдi қоса есептегенде, 96 пайызының бiлiмi бар. Екiншiден, келiп жатқандардың көбiсi зейнет жасындағы адамдар деген пiкiрдi де жиi естимiз. Бiрақ, бұл да жаңсақ айтылған пiкiр. Келушiлердiң 96 пайызы жұмысқа жарамды» деп қандастардың елге оралуына мүмкіндік беріп, олар туралы екіұшты пікірді жоққа шығарған бірден-бір министр. Одан кейін Гүлшара Әбдіхалықова (2009-2012) тағайындалды. Ал осы саладағы ең жас басшы, 35 жасында небәрі бірнеше ай ғана министрлікті басқарған Серік Әбденов (2012-2013) «потому что, потому что» сөзімен танымал болғаны белгілі. Ол әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы бастамасы үшін жұрттың наразылығына ұшырады. Әбденов министр болып тұрғанда Астана мен Алматыда декреттік төлемді қысқартуға қарсы наразылық акциясы өтті. Ал баспасөз конференциясының бірінде азаматтық белсенді Андрей Цуканов министр Әбденовке жұмыртқа лақтырып, әп-сәтте танымалдылығын арттыра түскен еді. Тіпті, ​2018 жылы Oil Construction Company мұнай сервистік компаниясының бас директоры қызметін атқарғанда да мұнайшыларды жаппай жұмыстан шығарғаны туралы ақпарат тараған. 2014 жылдың тамызында президент жарлығымен Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біріктірілді. Жаңадан құрылған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін Тамара Дүйсенова басқарды. 2017 жылдың қаңтарында министрлікті қайтадан бөлгенде ол әлеуметтік қорғау министрі болып қалды. Алайда 2018 жылдың ақпанында «міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді» кейінге шегергені үшін президент Назарбаев оны топ алдында сын тезіне алғаны белгілі. Ал кешегіге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымованың міндетіне еңбек және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, азаматтардың түрлі санатына әлеуметтік қолдау көрсету және жәрдемақы тағайындау міндеті кірген еді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз осындайда айтылса керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Мәдина Әбілқасымова да көпбалалы аналардың жағдайын біле тұра, «Алтын Алқа», «Күміс алқа» иелерінің барлық  баласына ай сайын алатын 16 мың теңгесін ауыз толтырып айтып, «Көпбалалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жағдай жасамаған» дегені жұртшылықтың зығырданын қайнатқан. Содан кейін қазақ тілін, қазақтың тіршілігінен бейхабар экс-министрдің орнынан кетуін талап еткендер саны артты. Тіпті, ашынған 5 баланың анасы Ақмарал Басирова: «Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова қатты қателесіп отыр немесе өзге ғаламшарда өмір сүретін секілді ме?! Қолына билік тиіп, көкте самғап жүр-ау шамасы. Тіпті өз еліндегі көпбалалы ата-аналардың қалай, қандай жағдайда өмір сүретінін білмейді де. Жерге түсіңіз, Әбілқасымова ханым! 5 баланы дүниеге әкеліп, өсіріп отырған мен 10 000 теңге алатынмын. Яғни, әр балама шаққанда 2000 теңге» деп жазды. Сөйткен Әбілқасымова да бір жыл толмай жатып, орнынан кетті. Ал таяуда жәй-жапсары бұрыннан таныс министрлікке Бердібек Сапарбаев қайта тағайындалды. Ол келе сала Президенттің пәрмені бойынша көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуге кірісті. «Тұрмысы төмен отбасының балаларына берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. Егер 1 шілдеге дейін ол 4 мың 834 теңге болса, 1 сәуірден бастап әр балаға 20 789 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса, 23 жасқа дейін төленеді» деді. Нақты тапсырма бар, тек орындау ғана қалды. Сапарбаевтың бұл істі дөңгелетіп әкететініне жұрттың сенімі мол. Себебі өзі айтқандай, ол халыққа уәде берсе, орындауға тырысады. Оған «Жас алаш» газетіне берген сұхбатындағы мына пікірі дәлел. «Жұмыс істеу тәсілім өте қарапайым, халықпен жақын араласып, барлық мәселені өз көзіммен көріп, жұрттың арызын өз құлағыммен естіп, мәселені тез арада шешуге тырысамын. Былайша айтқанда, ел-жұртпен жиі араласқанды жақсы көремін. Кабинетте қамалып отыра алмаймын. Жұмысты адал әрі таза істегенді ұнатамын. Сосын өтірік айтпаймын. Егер халыққа уәде берсем, оны орындауым керек. Берген уәделерімді әр уақытта бақылауда ұстаймын. Берген уәдем заңға сәйкес келіп, қаржы болып жатса орындауға тырысамын». Халыққа да керегі осы. Қазір ел арасына жиі шығып, халықтың тіршілігімен танысып, тезірек шешкісі келетін басшылар сирек. Қалай десек те, мемлекеттің басты байлығы – халық. Сондықтан мемлекет халықтың әл-ауқатының көтеріліп, тұрмыс жағдайының жақсаруына барынша үлес қосуы заңдылық. Осы тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен оның басшысы Бердібек Сапарбаевқа артылар жүк те жеңіл емес.

Серіктес жаңалықтары