7 Наурыз, 11:42 398 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Көпбалалы ана болу – нағыз ерлік

Ана болу – бір бақыт. Ал көп балалы ана атану – нағыз ерлік. Себебі қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны бағып-қағу да оңай емес. Әрине, қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. Бір ғана «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш пен жігер сыйлайтыны тағы анық. Алайда, «таяқтың екі ұшы» бары белгілі, оларды ешкімнен кем қылмай өсіріп, сапалы білім беріп, аяқтан тік тұрып кетуіне жағдай жасау ата-ананың міндеті.

Соңғы кезде қоғамда көпбалалы отбасының мәселесі өзекті. Оған бейбіт заманда бес баласынан айрылған әке-шешенің қайғысы қозғау болған сияқты. Дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғадан кейін сең қозғалды ма, әйтеуір үкімет те, жергілікті әкімдіктер де көпбалалы аналардың әлеуметтік тұрмысын түзеуге жұмыла кірісті. «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасының өзі: «Көп баланың жәрдемақысын өсіріп, әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді және мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырамын» деген болатын. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы бар. Оларды қолдау үшін 500 миллиард бөлінген.

Иә, елімізде көпбалалы ана атанып жүрген келіншектер аз емес. Біз бүгін өмірдің ешбір қиындығына да қарамай, өмірге ұрпақ әкелуді аналық борышы санаған батыр аналар туралы сөз етпекпіз. Олар – Шымкент қаласының тумасы Айсұлу Жәлелқызы мен Алматы қаласының тұрғыны Әсия Алмасқызы. Екеуі де ұл-қыз өсірген көпбалалы ана. Бүгінгі күннің нағыз батырлары да солар. Жақында «Харекет» қайырымдылық қоры Айсұлуға бес бөлмелі үйдің кілтін табыс етті.

Айсұлу Жәлелқызы, 34 жаста, 12 баланың анасы: Қазақ көбеюі керек!

– Айсұлу, қоныс құтты болсын! Бәрінен де бала-шағаңыз қуанып жатқан болар...

– Көп рахмет! Қуанышымда шек жоқ. Өзім 1984 жылы дүние есігін ашқанмын. Шешемнен ерте айрылдым. Тұрмысқа ерте берген себебі, әкеммен бірге жүретін едім. Кезінде жаз айларында қара су сатып, нәпақа таптым. Тапқан-таянғанымды әкеме беріп, қуантуға тырыстым. Содан не керек, әкем «Сен қызбаласың, бұлай жүргенің жарамас» деп 13 жасымда күйеуге берді. Күйеуім 18 жаста еді. 14 жасымда тұңғышым өмірге келді. Көпке ұзамай әкем де өмірден өтіп кетті. Бір жұбатарлығы, тұңғыш жиенін көріп, өзі «Аллаберген» деп ат қойды. Барған жерім де көп нәрсені үйретті. Қанша дегенмен, баламын ғой. Үй шаруасын істеймін де, қайныларыммен бірге ойнап келемін. Арасында енеме көмектесемін. Бірақ «күйеуім жұмыстан келеді, тамағын дайындайын» деген түсінік болмапты. Екі қайнымды мектепке апарамын. Олар менсіз мектепке бармайтын. Бірте-бірте тамақ жасауды үйреніп, отбасылық өмірге бейімделе бастадым. Ойынды да қойдым, есейдім. Құдайға шүкір, қазір 12 баланың анасымын. 8 қыз, 4 ұл. Тұңғыш ұлым – 20 жаста. 4 балам арнайы мектеп-интернатта оқиды. Енді бәрін жаныма аламын. Олар да қуанатын болды.

– Сонда мектепті бітірмедіңіз бе?

– Екінші сыныптан бастап оқымадым. Оның себебін әлгінде ғана айттым. Анамнан ерте айрылған соң, әкемнің жағдайын жасадым. Оқу да жайына қалды. Пәтер жалдап әр жерде жүрдік. Мектеп ауыстыра беру де қиын болды. Әкеме демеу болуды ғана ойладым.

– Әрине, қазіргі кезде көпбалалы ана атану екінің біріне беріле бермейтін мәртебе. Оның да өз қиындығы көп. Ең қиыны – баспанасыз жүру...

– Талай жыл пәтер жалдап жүрдік. Жұрттың үйін тазалап, ақша таптым. Күйеуім аяқ киім тігеді. Екеуміздің табысымыз ішіп-жемнен, пәтерақыдан аспайды. Көңілге демеу боларлығы – күйеуім өте балажан. Бір баласын нұқып, зекіп сөйлеген емес. Өте ақкөңіл. Бәріне мейірімді көзбен қарайды. Көмек қолын созуға дайын. Алла маған осындай күйеу кездестіргеніне қуанамын.

– Жалпы, қызбалаларға тұрмысқа ерте шығуға кеңес берер ме едіңіз?

– Меніңше, 18 жаста шыққан дұрыс. Ерте балалы болады. Оқуды да, басқа жұмысты да тұрмыста жүріп атқаруға болатын сияқты. Әрине, мендегі өкініш – білім ала алмағаным. Ешқандай мүмкіндік болмады. Енем де аурушаң еді. Мектепті де бітіре алмадым ғой.

– Қазір баспаналы болу да бір арман болды ғой. Оған мұрындық болған «Харекет» қоры сіздерді қалай тапты?

– «Харекет» қоры үлкен сауапты іс атқарып жүр. Әр адам осы қорға ең кемі 1000 теңге құяды екен. Нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болуда. Осы қордың азаматтары екі ай бұрын келіп, жағдайыммен танысты. Тұратын жерімді көріп, жағаларын ұстап кеткен. Ол кезде жертөледе тұратын едік. Сосын «Құдай қаласа, бәрі жақсы болады» деп демеу танытты. Алайда «бізді журналистер тек түсіріп алып кетеді. Еш пайда жоқ» деп өзімді 12 бала туғаныма жарнама жасап жүргендей сезінгенім бар. Бірақ пікірім дұрыс емес екен. Тілші қауымына да мың алғыс. Осы аптада «Харекет» қоры өкілдері «Qazaqstan» Ұлттық арнасындағы «SHAŃYRAQ» ток-шоуында тосынсый жасап, Шымкент қаласынан 5 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Төбем көкке бір елі жетпей тұрды.

– Бұған дейін көпбалалы ана ретінде пәтерге кезекке тұрған жоқсыз ба?

– Тұрдым. Бірақ сол кезек жетпей қойды. Үйсіз жүріп-ақ, 12 бала таптым ғой. Енді жаңа баспанаға кіріп, тағы да ұрпақ әкелем деп бекініп отырмын. Барлық қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға, қазақ көбеюі керек!

Әсия Алмасқызы, 37 жаста, 10 баланың анасы: 21 мың теңге алсақ, үлкен көмек болар еді

 

– Алматы қаласында тудым, осында өстім. Күйеуім Петропавл қаласының тумасы. Алматыда тұрамыз. 19 жаста тұрмысқа шықтым. 30 жасқа дейін үйде баламен отырдым. Күйеуім ғана жұмыс істеді. Жоғары білім алуға мүмкіндік болмады. Үлкен ұлым эпилепсиямен ауырады. Есепте тұрмасақ та, дәрі ішеді. Қазір ол Петропавл қаласында мектепте оқиды. Өзім отбасында жалғыз қызбын. Маған әпке-сіңлі, аға-іні жетіспейтін. Ал күйеуім көпбалалы отбасында өсті. Соған қарап өмірге көп бала әкелсем, олар бір-біріне бауырмал, қамқор болса деп армандадым. 8 ұл, 2 қызым бар. Кейде анам балаларым кішкентай кезде жаны ашып: «Осыншама баланы туып, қайтпексің?» дейтін. Қазір, керісінше немерелерін көрсе, мәз-мейрам болып қалады.

– Білуімше, сіздер де баспана тауқыметін тартып жүр екенсіздер...

– Жоқ, күйеуімнің ағасының үйінде тұрамыз. Баспана кезегіне 2014 жылы тұрсақ та, әлі алмадық. Әкімшілікке де бардық. Әрине, жағдайы бізден де төмен отбасылар бар шығар. Солардан кезек жетпеуі де мүмкін. Бірақ көпбалалы отбасының кезекке тұра салып, үй алып жатқанын естіген емеспін. Бәрі де жылдар бойы пәтер жалдап, күн кешіп келеді.

– Ал жәрдемақы ше? 10 балаға жете ме?

– «Алтын алқа» иегері ретінде 16 мың теңге аламын. Кенже балам 1 жасқа толғанша 10 балаға 9 мың теңге алдым. Кейіннен жәрдемақы алу заңнамасына өзгерістер енгізілген соң, құжат есепке алынбады. Себебі біз күйеуімнің ағасының үйінде тіркеуде тұрғандықтан табыс көзі ортақ есептеліп, жәрдемақы алуға құқымыз болмады. Бірақ қазір құжатты қайта реттеуге кірістік. Оқушы 6 балам мектепте тегін тамақтанады. 2 балам балабақшаға барады. Алматы қаласының әкімі Б.Байбек көпбалалы отбасының балалары балабақшаға тегін барады дегенді айтқанда қатты қуандым. Бұл да болса бізге демеу. Күйеуім кезінде құрылыс компаниясында жұмыс істегенде жағдайымыз тәуір еді. Ешкімнен кем өмір сүрмедік. Бірақ жұмыстан босап қалғанда әлеуметтік тұрмысымыз төмендеп кетті. Қазір 60 мың теңге ғана алады. Енді 21 мың теңге береді деп жатыр ғой. Мұны берсе де, үлкен көмек болар еді. Кейбіреулер «Бала әуелі өздеріңе керек. Неге мемлекетке жалтақтай бересіңдер?» – дейді. Әрине, бала өзімізге керек. Алайда осы елдің азаматы ретінде мемлекеттен қолдау болу қажет. Халық саны көп мемлекет – бай мемлекет. «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар емес пе? Сондықтан бала тууға қабілетті әйелдер өзіне, мемлекетке сенімді болса, халықтың санын көбейтуге әлдеқашан септігін тигізер еді. Ең өкініштісі, қазір сенім азайды. Меніңше, демографияға дүмпу жасау қиын емес. Бәрі де ниетке байланысты. Егер мемлекет ең алдымен ана мен баланың жағдайын жасаса, біз армандаған 20 миллионға осыдан бірнеше жыл бұрын жеткен болар едік. Бірақ әлі сол аз жәрдемақының жырын желеу етіп келеміз.

– Әңгімеңізге рахмет! Балаларыңыздың қызығын көріңіз!

Динара Мыңжасарқызы 

Соңғы жаңалықтар