Биыл Алматыда 104 жеке меншік клиника мемлекеттік тапсырыс алды

Биыл Алматыда 104 жеке меншік клиника мемлекеттік тапсырыс алды

Биыл Алматыда 104 жеке меншік клиника мемлекеттік тапсырыс алды
ашық дереккөзі
285
Биыл Алматыда 104 жеке меншік клиника мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бұл қала бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет ететін 185 емдеу мекемесінің 56 пайызы. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. «Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке клиникалар саны соңғы 2 жылда екі есе артты, - деді Т.Әбілдаев. – Сонымен қатар, жеке меншік сала өкілдері медициналық көмектің көптеген түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Олардың саны Алматы қаласында ғана емес, республика бойынша бірнеше есеге артты». Атап айтқанда, биыл оңтүстік астанада стационарлық көмек көрсететін жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 11-ге, стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсететін клиникалар саны 7-ге, консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін жеке субъектілер саны 4-ге көбейген. Сондай-ақ, алматылықтар тіркеліп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне (ТМККК) енетін қызмет түрлерін пайдалана алатын емханалардың да жартысынан астамы – жеке меншік. Бүгінгі таңда Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша 77 емханамен келісімшарт бекіткен. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып отыр. Емханалардың көбеюі ұзын-сонар кезекті азайтып, учаскелік дәрігерлер жүктемесін төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл мәселені шешуге қосымша ашылатын учаскелер де септігін тигізеді. «Жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту мақсатында 2019 жылы 88 жаңа учаске ашу көзделіп отыр», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел Бисенбаева. Әсел Бисенбаеваның айтуынша, пациенттерге ыңғайлы болуы үшін Damumed ақпараттық жүйесі негізінде ұялы қосымша әзірленді. Пациенттер аталған жүйе арқылы дәрігерге жазылып, зертханалық талдаулар нәтижелерімен таныса алады. Сондай-ақ, қосымшаның көмегімен үйге дәрігер шақыртуға болады. Осындай кешенді шаралардың арқасында пациенттерге қызмет көрсету уақыты 20 пайызға, кезекке кететін уақыт 30 пайызға қысқаруы тиіс.

Серіктес жаңалықтары