372
ІЗГІ АДАМДАР – ҮЛКЕН ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ
ІЗГІ АДАМДАР – ҮЛКЕН ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ
Бұл ең алдымен, ата-ана тарапынан бауыр еті баласы, туғанынан соған байланып, асты-үстіне түсіп ерекше қамқор болуынан басталатын табиғи физиологиялық сипат, одан қалды баланың бойында басылмаған, бастықпаған психологиялық-эгоистік (өзіне меншіктеп алу) мінез-құлықтың қалыптасуынан болатын әрекет шығар. Әйтеуір бар нәрсенің кілті өз қолыңда тәрізді күй кешетін сәттерің көп-ақ қой.... Қалай дегенде де кез-келген отбасындағы баланың орны ерекше. Ешбір ата-ана бізде баласының басын санап, «көп, аз» деп мақтанбаған, бәріне шүкіршілік етіп отырған. Тіпті, қазақ халқының басқа ұлттардан ерекшелігінің бірі де осы балаға деген сүйіспеншілігінде шығар. Бала қанша жасқа келсе де, оның ата-анасына қарайлауы бітпейді, сый-құрметіне шек қойылмаған... Бізде ата сақалы аузына түссе де баласына балам деп қарау ескірген тәлім-тәрбие емес. Көпшілік өзімізден балаларымыз маңызды деп санайтыны шындық. Сәби сүйгеннен бастап өзіміз де осылай сезіне бастадық.
Сондықтан да болар, бізде бала ешқашан әкесінің алдына түсіп шаппайды, одан бұрын сөйлемейді. Әкесінің көзі тірі болса (қанша шенеунік, сыйлы қонақ болса да), дастарқан басында бас ұстамайды. Бұл ұлтымыздың ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан асыл мұрасының белгісі, ұлттық кодымызды берік ұстап келе жатқан әке мен бала, ұрпақ пен ұрпақ жалғастығының шұғылалы шуағы деп ойлаймын.
Ізгі адамдар, олардың өнегелі қасиеттері ұққан адамға үлкен тәрбие мектебі дерлік. Себебі адамды тәрбиелейтін тек мектеп қабырғасы, немесе пән мұғалімдері ғана емес, өмірден көрген-білгендері, оқыған-тоқығандары, өз жеке басының ізденістерінің жемісі де болса керек.
Қазақстанның Халық суретшісі, әйгілі мүсінші, профессор Хакімжан Наурызбаев бір сұхбатында былай дегені бар: «... Әуелі, бала кезімде дүкендерде дайын мүсіндерді көріп қызықтым. Қызығып, ұстап көремін. Кейбірінің іштері қуыс болады. Сипап көрсем, ішінде саусақтардың ізі барын байқаймын. «Е, мыналарды қолдан жасайды екен ғой» деп ойладым. Өзімнің де жасап көргім келді. Ойластырдым. Кішкентай қап тіктім де, аузын буып, ішіне құм толтырып қоямын. Сыртынан саз балшықтан жапсырып, мүсін жасаған боламын. Біткен кезде қапшықтың аузын ашып, құмды төгіп тастаймын. Бірақ саз балшық жарылып, көңілдегідей болмай жүрді. Аттың, сиырдың қиын қосып та жасап жүрдім, әлгілердің бет-аузы қыл-қыбыр сияқты бірдеңелерге толып кетеді... Сөйтіп жүргенде, бір күні ауылдағы салық жинайтын кісі жасап жүргендерімді көріп қалып:
– Ой, мұның не, бұл болмайды. Боровскойда осындай жасайтын жақсы топырақ бар, гүл өсіретін ыдыстар жасайды. Әкеңе айтып, содан алдыр, – деді. Содан арбаға қос ат жегіп, әкем барып жақсы топырақ әкеп берді...»
Бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу кез келген ұлт пен ұлыстарға тән нәрсе болса керек. Мәселен, Француздың әйгілі актері Жерар Депардье өзінің бір естелігінде: «Мені әкем тәрбиеледі. Ол «Юманите» газетін сатушылардың бірі болатын. Франция компартиясының идеясына әбден сенетін жан еді. Ол үшін фашизмді жеңген күштердің санатында болған партияның беделі зор болатын. Ол өзі оқуды да, жазуды да білмейтін. Отбасым қарапайым, салауатты өмір сүрген жандар болды. Маған да сондай тәрбие берді», – деп жазған. Актердің осы уақытқа дейін ойнаған елге ұнамды экрандық рөлдері, киноөндірісіндегі басқа да насихаттық жұмыстары осы ойларының айғағы деуге лайық.
Ал дағыстандық атақты ақын Расул Ғамзатовтың қызы Патимат Ғамзатова өзінің бір естелігінде мына мысалды келтіреді: «Атамыз Гамзат Цадаса бір дәптерінде «Бүгін менің үйіме 24 қонақ келді. Бірақ олардың үшеуінің ғана атын білемін», – деп жазыпты. Міне, осы қасиет біздің әкемізге дарыған. Ал одан бізге берілген мұрасы да шығар»...
Байқасақ, әке мен бала арасындағы өнеге жолы, отбасындағы тәрбие мысалдары иесін тапқанша осындай алуан түрлі соқпақпен, алуан бағытта көсіліп жатады екен.
Уэльс (АҚШ) қаласында білім департаментінің бұйрығы бойынша, төменгі сыныптың бір мұғалімі аяқ астынан жұмыстан шығарылған. Не себепті дейсіз бе? Мұғалім бүлдіршіндерден бар шындықты жасырмаған көрінеді. Қандай шындық дейсіз бе? Ол шынында да, өтірік емес еді. «Санта Клаус – (яғни біздің Аяз Атамыз) өмірде жоқ, ол – балаларды әртүрлі сыйлықтармен қуанту үшін ойлап табылған персонаж», – депті әлгі мұғалім. Мұны естіген балалардың бәрі үйлеріне жылап келген. Жылаған балалардың ата-аналары мұғалімнің үстінен арыз жазған. Мұндай шынайы ақпарат балалардың жүрегіне соққы болып тиетінін мұғалім білмеген, яки еш ойланбаған...
Иә, түптеп келгенде, балаң қандай маңызды болса, оған беретін тәрбиең де бәрінен маңызды деген сөз. Өзімізден баламыз маңызды дейтініміз де сондықтан-ау. Бұл жалпы бала тағдыры мен өміріне қатысты жандардың бәріне бірдей ортақ шаруа, әрі қашанда аса жауапты нәрсе болып қала беретін шығар деп ойлаймыз.
Кәмила ҚҰДАБАЕВА,
жазушы,
Халықаралық Пикуль атындағы әдеби
сыйлықтың лауреаты