512
Жастар жылынан не күтесіз?
Жастар жылынан не күтесіз?
«Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің метеорология мамандығының 1-курс магистранттары арасында «Жастар жылынан не күтесіз?» атты тақырыпта кең көлемде дөңгелек үстел өтті.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңа формацияның жас толқыны өсті. Ел Президенті мен мемлекет оның қалыптасуына және дамуына көп үлес қосты. Мемлекет тәуелсіздігін нығайтудың жауапкершілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру және әлемдік деңгейде ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жастарға аса зор жауапкершілік пен үлкен үміт жүктеледі», – деп атады.
Дөңгелек үстелді ашқан философия және саясаттану факультетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Назираш Сүлейменқызы Жұбаназарова академик Ғалымқайыр Мұтановтың «Биік асулар жолында» атты мақаласында аталғандай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналғандығын айта келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының басты тұжырымдарын ұстаным тұтқан ұлттық университеттің маңызды міндеті – тек бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ғана емес, сонымен бірге еліміздің ертеңгі тұлғаларына айналар жас ұрпақтың рухани болмысын қалыптастыру. Әл-Фараби атап өткендей: «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген ойдың негізінде студенттердің бойында білім мен тәрбие қатар ұштастырылуда», – деп өз ойын тұжырымдады. Мемлекеттің болашақта әрі қарай дамуы мен гүлденуі тікелей жастарға байланысты болғандықтан, қоғамның белсенді буыны, елдің ертеңі –жастардың тәрбиесіне баса көңіл аудару уақыт талабы екенін атап айтты.
Сонымен қатар география және табиғатты пайдалану факультетінің, метеорология және гидрология кафедрасының доценті, география ғылымдарының кандидаты Айман Нысанбаева: «Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші, сондықтан ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы отандық тарихты дамытудың жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетеді. Бұл туынды Президентіміз айтып кеткендей, оның «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының тікелей жалғасы болып табылады. Сондықтан біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақты ұлттық өркениетті рухта тәрбиелеуге белсене атсалысуға міндеттіміз», – деді.
Дөңгелек үстел барысында магистранттар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың «Биік асулар жолында» атты мақаласын кеңінен талқылап, өз ойларын ортаға салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағандықтан, жастардың өзекті мәселелері туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Оның ішінде жастардың баспаналы болуы, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге шығып, білімін жетілдіруі жөніндегі тақырыптарға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, метеорология мамандығының 1-курс магистранттары 2019 жылдың «Жастар жылы» деп белгіленуі үлкен мәртебе екендігін атап айтып, осы жылы «Ауыл – еліміздің алтын бесігі» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Осы жобаны жүзеге асыру құжаттарында ауылдағы жастар мәселесінің арнайы бір бағыт етіп енгізілуін, ауыл жастарының жағдайы, олардың спорт, мәдени-рухани шаралармен қамтылуы, бос уақыттарының тиімді ұйымдастырылуы сынды мәселелер «Жастар жылы» аясында шешімін табатынына сенім білдірді.
Назираш Жұбаназарова,
философия және саясаттану факультеті,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының
профессоры