2090
ҚАЙСАР «ҚАРА МАЙОР»
ҚАЙСАР «ҚАРА МАЙОР»
Тарих – оқиғалар қазаны. Оны сан түрлі соғыстың оты қыздырып, миллиондаған тағдырлар қуырылып жатады. Дегенмен соғыс атаулының жылнамасын жылдар өткен сайын қайта парақтап, оның мән-мағынасына ой жіберуге мүмкіндік бар...
Бүгінде «Ауған соғысына» баға берген кезде мемлекет пен саясаттың, идеологияның әскери адамдар тағдырына қалай әсер ететінін, бұйрық берушілер мен орындаушылар арасындағы айырманың салмағын сезбей, соғыстың еріксіз қатысушыларын кінәлі қылуға бейім тұрушылық көп.
Соғыста армияның адам қырушы машинаға айналатыны шындық. Яғни, «сен өлтірмесең – сені өлтіреді» деген принциппен жүретін соғыстың қатал заңы соғысушы тараптың қай-қайсысына да өз үстемдігін жүргізеді. Осы тұрғыдан соғыс жүргізуде «әскердің миына» айналатын офицерлерге көп нәрсе байланысты. Ақылды да білікті офицерлер соғыс кезінде өз әскерін қырылудан аман алып қалу үшін барын салып, соғыс шығынын мейлінше азайтуға күш салады. Олар үшін әрбір жауынгердің тірі қалуы маңызды. Міне, осындай офицерлердің қатарында ауған соғысы кезінде аты аңызға айналған Борис Төкенұлы Керімбаевтың аты құрметпен аталатын.
Кеңестік әскерилер ғана емес, ауғандық қарсыластары да мықтылығын мойындап, «қара майор» деп аты шыққан қараторы қазақ баласы, шын мәнінінде, соғыс жағдайында бүкіл Кеңес Одағы офицерлері арасында ерекше ерлік көрсеткен санаулы офицердің бірі болды.
Борис Керімбаев 1948 жылдың 12 қаңтарында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ташкенттегі В.Ленин атындағы жоғары жалпы жауынгерлік командалық училищені бітірген соң, Совет армиясының Германиядағы тобының (ГСВГ) мотоатқыштар взводының командирі болып, әскери өмірін бастады.
Ал 1980 жылы КСРО Қарулы Күштері 10-басқармасы Бас штабының Эфиопиядағы жаяу әскер бригадасы командирінің кеңесшісі болса, іле-шала Бас барлау басқармасының Бас штабының басшысы, армия генералы Ивашутинның тағайындауымен 177-арнайы мақсаттағы жеке бөлімшеге командир болып бекітілді. 177-әскери бөлімше Орта азия әскери округінің Қапшағай қаласындағы 22-арнаулы мақсаттағы жеке бригадасы базасында құрылған еді.
177-бөлімше Б.Керімбаевтың командирлігімен 1981 жылдың 20 қазанында Ауғанстанға кіріп, Фарьяб өлкесінің Меймене қаласына қарай бағыт алды. Арнаулы бөлімше ауған жеріне табан тіреген соң-ақ моджахедтік құрылымдарға қарсы соғыс қимылдарын бастап кетті. Міне, осыдан бастап «Қара майордың» ауған соғысындағы тарихы басталды.
Меймене маңындағы Мовлади-Кара атты дала командирі басқарған моджахедтер күшін талқандаған соң, 177-бөлімше әсерлері де өз командирінің қараторылығын және алғашқы жеңген қарсыласының атын еске түсірерліктей символды түрде «Қара майор» деп атап кетті. Сол кезде Б.Керімбаевтың әскери шені майор еді.
Соғыста көбіне тәжірибелі командир басқарған дайындығы күшті әскери бөлімшелерге сенім артылып, үнемі жорықтың бел ортасында жүруге тура келеді. Өзінің ерекше дайындығы мен командирінің жүректілігінен болар, «Қара майор» басқарған 177-бөлімше де аса маңызды әскери операцияларға үнемі қатысып жүрді. Қапшағайда құрылған әскери топ (177-арнаулы мақсаттағы әскери бөлім) 1982 жылдың 15 қаңтарында Дарзов елді мекеніндегі әскери операцияға қатысса, арада бес айдай уақыт өткенде 500 шақырымды жүріп өтіп, Руха елді мекені маңындағы атақты Пандшер шатқалына жетті. Бұл кезде кеңестік әскерлердің Пандшердегі кезекті операциясы енді ғана аяқталған еді. 40-армия басшылығы Керімбаевқа осы шатқалды бақылауға алып, моджахедтік құрылымдарды жақындатпауға бұйрық берді.
177-бөлімді күшейту мақсатында оған 108-атқыштар дивизиясынан арттиллерия және реактивті артбатареясы, 177-полктың танк взводы мен әскери атқыштар батальоны берілді. Қуатты әскери күшке басшылық қылған Борис Керімбаев осы аймақтың бейресми қожасы атанған ауғандық тәжіктердің қатал басшысы Ахмад Шах Масудтың әскерлеріне қарсы белсенді соғыс қимылдарын жүргізді. Сан жағынан басым әрі сегіз ай бойы қатты қарсыласқан Ахмад шах Масудтың әскерлерін Панджшер шатқалынан қуып шықты. Міне, осыдан соң ғана Ахмад Шах Масуд 40-армия басшылығымен осы ауданда белгілі бір кезеңге дейін соғыспауға келісімге келді. Бітімгерлік ісіне 40-армияның жоғары шенді офицерлерімен бірге Борис Керімбаев та қатысты.
Панджшер («Бес арыстан») шатқалы – Ауғанстанның стратегиялық маңызды ауданы. (Аймақтың орталығы Руха қышлағы). Өйткені елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғап тұрған ең басты жол осы өлкеден өтеді. Гиндукуш таулары жоталарының арасынан өтетін Кабул – Хайратон тас жолы Саланг асуында орналасқан тоннель арқылы өтеді. (Тоннелді ел арасында «Ауғанстанның кеңірдегі» деп атайды). Панджшер өлкесі және Саланг асуы 1975 жылдан 1989 жылдың басына дейін кеңестік әскерлер елден шығарылғанша ауған елінің коммунистік жүйеге қарсы топтары ұрыс жүргізетін аймаққа айналды. Кеңес әскерлері осы өлкені қолда ұстап тұру үшін бес рет ірі әскери операция ұйымдастырды. Демек, бұл жерді иелеп, ұстап тұру үшін соғыста жеңіске жеткен қазақ ұланы Борис Төкенұлы Керімбаевтың ерлігін, шынында да, Кеңестік кезеңнің әскери тарихында елеулі оқиға деп санауға болады.
Жасыратын несі бар, ауған елі кеңестік әскерлерді құшақ жайып қарсы алған жоқ. Жергілікті елдің түсінігінше, «шуравилер» (кеңестіктер) елді жаулауға келген басқыншы, залым, тонаушылар. Осындай жағдайда жергілікті елмен байланыс жасау тұрмақ, олармен тілдесудің өзі қиын болатын. Бірақ халықпен байланыста әрқашан әділдікті ұстанған Борис Керімбаев әскерилердің жергілікті халыққа зәбір көрсетуіне тыйым салды. Елдің сеніміне кіру үшін ерлік те көрсетті, сөзінде тұрып, азық-түлікпен де көмектесті. Мысалы, оның әскерлері Мейменеден Дарзобқа келіп, кейін қайтадан Мейменеге көшірілмекші болғанда жергілікті ақсақалдар әскери басшылыққа барып, «мұсылмандар батальонын осында қалдырыңыздар» деп өтініш жасауға дейін барған. Олар Керімбаевтың батальоны сонда тұрғанда мал сойып, қонақ қылып тұрған екен.
Панджшер шатқалына жақындай алмаған Ахмад шах Масуд «Борис Керімбаевты өлтірген адамға 1 миллион АҚШ долларын беремін» деп жар салған. Тіпті, оны бес миллионға дейін көтеріп, ақырында соны орындаған адамға сұрағанын беремін деуге дейін барған. Бұл деректің өзі «Қара майордың» соғыста қандай күшті қарсылас болғанын танытса керек.
«Қара майор» үнемі қарамағындағы сарбаздардың өмірі үшін өзін жауапты санап, әрбірін аман сақтау үшін жанын аямаған командир. Содан болар, Ауғанстанда оның сарбаздарынан 50-ақ адам қаза болған, екеуі жоғалып кеткен. Бір ұрыста ең көп жоғалтқаны 7 адам екен. Соғыс жағдайында бұл өте аз шығын деп танылады.
Ауған соғысында Борис Керімбаевқа өте қиын тиген бір жағдай – оның әскері үш жаққа бірдей бағынып, үш жақтан бір мезгілде әртүрлі бұйрық алған көрінеді. Түсінікті қылып айтқанда, «Қара майор» басқарған 177-арнаулы мақсаттағы әскери бөлім Ауғанстандағы 40-армияға, Түркістан әскери округына және Мәскеудегi Бас штабтың Бас Барлау басқармасына бірдей бағынышты болған. Ал бұның қиындығы өз-өзінен түсінікті. Біреуі соғысуға бұйрық берсе, екіншісі ол бұйрықты жоққа шығарады немесе басқа бұйрық береді. Бұл дегеніңіз соғыс жағдайында өте күрделі әрі орынсыз жағдай. Соның өзінде соғыста жеңіске жету – нағыз кемеңгерлік деуге татитын мінез, парасат.
Панджшердегі жеңістен кейін, 1983 жылдың сегізінші наурызында шатқалдан барлық әскери бөлімдерді алып шықты, ал 177-арнаулы мақсаттағы әскери бөлім Парван өлкесіндегі Гүлбахар елді мекеніне көшірілді. Сол жылдың аяғында 177-бөлімнің командирлігін Владимир Квачковқа тапсырған «Қара майор» әрі қарай әскери қызметін жалғастыру үшін Орта Азия әскери округіне жіберілді. 1985 жылы 22-арнаулы мақсаттағы әскери бригадасы Ауғанстанға енгізілгеннен кейін оның орнында қалған әскери құрамалардан 546-арнаулы мақсаттағы оқу полкі құрылып, 80-жылдардың соңында таратылғанша Б.Керімбаев осы полктің командирі болды.
Ол өзі бастан кешкен жағдайлар туралы «Қапшағай батальоны» атты құжатты-деректі хикаят жариялады. «Ерекше тапсырма», «Отрядтың құрылуы», «Ауғанға жол», «Меймене», «Дарзоб», «Панджшер», «Жауынгер достар», «Соңғы шайқастар» деген бірнеше тараудан тұратын бұл еңбегінде Борис Төкенұлы өзі куә болған соғыстың шындығын паш етіп, соғыстағы өмірдің қиындығын бүкпесіз баяндайды.
Халқы батыр атаған Борис Керімбаев туралы «Қара майор» атты фильм түсірілген.
Мәңгілік ештеңе жоқ. 2019 жылдың 12 ақпаны күні Борис Төкенұлы Керімбаев Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің госпиталінде ұзаққа созылған науқастан дүние салды.
«Қара майор» енді ұрпақтар жадында Отанның, мемлекеттің алдында антқа берік болудың үлгісі болып, есімі әрқашан құрметтеле бермек.