ҰРАНЫҢДЫ ӨЗ ҰЛДАРЫҢ АЙТПАСА...

ҰРАНЫҢДЫ ӨЗ ҰЛДАРЫҢ АЙТПАСА...

ҰРАНЫҢДЫ ӨЗ ҰЛДАРЫҢ АЙТПАСА...
ашық дереккөзі
516
Кейде әлдебір нәрсенің түбін қаза берсең, көңілсіз жайттар алдан шыға беретіні  бар. Бүгінде еліміздің спорттық ахуалына көз жүгіртсек, аса өкініштісі, аты белгісіз бейтаныстардың толып жүргенін көрер едік. Бейтаныс дегенде, аты-жөнін білмейтінімізді айтып отырған жоқпыз, өзге елде туып-өскен, спорт саласында қандай жетістіктерге жеткені беймәлімдеу біреулер аяқ астынан қазақ спортында пайда бола кетіп, алаңға жүгіріп шығады. Әрине, олардың арасында ауыр атлетика, күрес саласында жүлдегер болып, еліміздің қоржынын жеңіс медалімен толтырып жатқандары да жоқ емес, бірақ спорттың өзге түрлерінде қара көбейтіп, әшейін алаңды шаңдатып жүргендерінің саны қалыңдау... Олимпиадаларда жүлдегер болып, жеңіс тұғырынан көрініп, әнұранымызды шырқатқандарды саралап көрсек, жыртысымызды өзгелердің көбірек жыртып жүргенін байқау қиын емес. Екі мәрте Азия, екі мәрте әлем чемпионы және 1996 жылғы Атланта олимпиадасында 57 келі салмақта чемпион атанған Мельниченко Қырғызстанда туған. Кезінде Дәулет Тұрлыханов бастаған бапкерлер Қазақстанға алып келген Мельниченко еліміздің спортына елеулі еңбек сіңірді. Бір ғажабы, 2000 жылғы Сидней олимпиадасы қазақ үшін өте табысты болды, себебі онда жүлдегер болған спортшылардың бәрі Қазақстанда дүниеге келгендер еді. 2004 жылғы Афины олимпиадасында грек-рим күресінен күміс медаль алған Георгий Цурцумия Грузияда туған. Қазір ол ұлттық құрамада бапкерлік қызметте. Сондай-ақ, Афина олимпиадасында Қазақстан атынан шығып, еркін күрестен күміс медальға ие болған Геннадий Лалиев Оңтүстік Осетияның тумасы. Олимпиададан соң еліне қайтып кетті. Сонымен бірге грек-рим күресінен Қазақстан қоржынына Афина олимпиадасының қола медалін салған Мхитар Манукян Арменияда туып-өскен. Қазір елімізде бапкерлік қызметте. 2008 жылғы Қазақстанның ауыр атлеттер құрамында Бейжің олимпиадасына қатысып, күміс медаль алған Алла Важенина жарыс аяқталған соң, туған елі – Ресейге қайтты. Сол сияқты осы олимпиадада еркін күрестен екінші орын алған Таймураз Тигиев, әйелдер күресінен қола медаль алған Елена Шалыгина да ресейлік болатын. Ал еліміз атынан екі бірдей олимпиадаға қатысып, Бейжіңде қола медальға қол жеткізген Марид Муталимов – дағыстандық палуан. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында Қазақстан атынан қатысқан ауыр атлеттеріміздің айы оңынан туып, командалық есепте әлемде ешкімге дес бермегенбіз. Өкінішке қарай, әлемді таң қалдырып, алтынды күректеп алғанымызбен, соңынан WADA (World Anti-Doping Agency – бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік) шешімімен біздің спортшылар допинг қолданған деп табылып, қайран төрт алтынымызды қайтарып алды. Онда чемпион болған төрт спортшының үшеуі өзге елде туып өскендер еді: Зулфия Чиншанло мен Майя Манеза Қытайда, Светлана Подобедова Ресейде дүниеге келгендер. Сондай-ақ, Лондонда грек-рим күресінен қола медаль алып, спорттың бұл түрінен еліміздің абыройын сақтап қалған Даниял Гаджиев те дағыстандық. Ал әйелдер арасындағы күресте қола медаль алып, Лондонда туымызды көтерген Гүзел Манюрова Ресейден келген-ді. Бүгінде ол Қазақстанда бапкер болып еңбек етеді. 2016 жылғы Рио олимпиадасында шеттен келіп, еліміздің намысын қорғағандар аз емес. Ауыр атлетикадан олимпиаданың алтын медаліне ие болған Ниджат Рахымов Әзірбайжанда туып, ержеткен. Сол жақта жүріп аты шыға бастаған ол Рио олимпиадасынан азғана уақыт бұрын Қазақстанға қоныс аударған. Сол сияқты осы олимпиадада ауыр атлетикадан қола медаль еншілеген Фархад Харки Қытайда дүниеге келген болса, дзюдодан әйелдер арасында үшінші орын алған Галбадрах Отгонцэцэг Моңғолиядан келген спортшы. Міне, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан қатысқан бес бірдей олимпиадада сырттан келіп, ел намысы үшін сынға түскен спортшылардың бір парасы осындай. Олардың ішінде еліміздің азаматтығын алып, қазақ спорты үшін тер төгіп жүргендері де, медалін ала сала еліне кетіп қалғандары да бар. Әрине, еліңнің намысын қорғаған адам сенің де отандасың, досың. Бірақ қай елдің де басты назарда ұстайтын мәселесі – өз елінде туып-өскен, өз қандасының Отан абыройын асырғаны. Қазақ спортына шеттен келгендер (легионерлер) атой сала берсе, оны өзіміз қалай қабылдаймыз, өзгелер не ойлайды? Легионер демекші, сырттан уақытша спортшы сатып алып, сонымен елдің атын шығарамыз деп санайтын саланың бірі – Қазақстан футболы. Әрине, бұрын жоғары дәрежеде футболы дами қоймаған елден аз уақыт ішінде үлкен жетістік күту асылық болар, бірақ миллиардтаған теңге қаражат салынып, жағдай жасалып жатқан сала қандай да бір нәтиже көрсетуі керек еді. Еуропадағыдай біздегі футбол клубтары да сырттан ойыншы сатып алумен команданы күшейтеміз дейтін болса керек, соңғы 7-8 жылда легионерлерге иек арту күшейіп барады. Осыдан 7 жыл бұрынғы деректе Қазақстан біріншілігінде ойнайтын легионерлер саны 94-ке жеткені айтылатын. Қазір тек премьер-лигада ойнайтын командалардың өзінде 92 болып тұр. Қайсы футбол клубында қанша легионер бар десеңіз, оның көрсеткіші мынадай: «Ақтөбеде» 6, «Астанада» 9, «Атырауда» 9, «Ертісте» 6, «Жетісуда» 11, «Қайратта» 10, «Қайсарда» 10, «Ордабасыда» 9, «Оқжетпесте» 4, «Таразда» 3, «Тобылда» 9, «Шахтерда» 6 легионер бар екен. Ал легионерлердің құрамына келсек, олардың 15-і ресейлік, 12-сі украиналық, 11-і сербиялық, 8-і хорватиялық, 6-ауы белорус, сондай-ақ, Еуропа, ТМД, Африка елдерінен келген 1-2 футболшылардан тұрады. Әрине, әлемнің көптеген елдерінде сырттан футболшы сатып алу мәселесі клубтар арасындағы бәсекелестіктің күшті болуына байланысты. Еуропада кез келген ішкі чемпионаттың өзі қызу тартыспен өтеді. Сондықтан олар командасын күшейтуге ең мықты ойыншыларды шақырып, ақшаны аямай шашады. Әрине, ол ақшаның қайырымы бар. Ал бізде ше? Бізге келіп жатқан легионерлердің көбісі айтулы чемпионатта жарқырап көрініп не өз елінің үздік ойыншысы атанғандар емес сияқты. Рас, танымал футболшылар тым қымбат тұрады, бірақ оларға жұмсаған ақша далаға кетпейді. Сондықтан бізге келген легионерлердің де спорттық бабы мықты болып, футболымызды алға сүйрейтіндей құдіреті болмаса, одан не пайда? Мемлекеттің ақшасын, қазаққа тиесілі қаражатты құр далаға шашқаннан не ұтамыз? Яғни, «Қазақ футболы қашан дамиды?» деген сұрақтың жауабы жақын арада бола қоймайтын шығар. Қазақта «Өзіңнен тумай ұл болмас» дейтін тәмсіл бар. Біз үшін ел намысын өз ұландарымыз қорғағаны маңызды. Әлем сонда ғана қазақ деген халықтың барын біледі, талантын таниды. Сырттан ақшаға жығып әкелген жалдамалы спортшыларымыз олимпиадада көріну үшін немесе аз күнде ештеңені қарық қылмай-ақ қалтасын қампайтуға келіп-кететіні жасырып, жабар нәрсе емес. Демек, ел спортын дамыту үшін алдымен өз спортшыларымызды өсіріп, қаражатты солардан аямауымыз керек. Сонда ғана қазақ спорты патриотизмнің де, мықтылықтың да үлгісі бола алмақ.

Серіктес жаңалықтары