«МЕН –  БАҚЫТТЫМЫН»

«МЕН –  БАҚЫТТЫМЫН»

«МЕН –  БАҚЫТТЫМЫН»
ашық дереккөзі
Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының жан дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның Бауыржанымын», «Мен – қазақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, талғампаз жұртшылығымыздан жоғары баға алғаны мәлім. Бүгін танымал жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайды 80 жасқа толуы құрметімен құттықтап, оқырман назарына оның Баукең туралы соңғы жазбаларын ықшамдап ұсынып отырмыз.

*  *  *

  – Әкеңіздің қалай «халық жауы» болып  ұсталғанын білесіз бе? – Әпкем Жахтияның айтуынан білем. Ол кезде біз Ташкент қаласында тұрыппыз. Әпкем он алты,  ағам алты жаста көрінеді, мен бір айлық екем. 1937 жылы 12 мамыр күні үйімізге жандарында тапаншалары бар екі қара киім киген адам кіріп келіпті.  Бұған дейін: «Бұрнағы күні Пәленшені, кеше Түгеншені «халық жауы» деп ұстап әкетіпті. Енді кезек бізге де келеді-ау», – деп үрейленіп жүрген үй ішіндегілер қара киімділерден естері шығып, шошып кетеді. Өйткені әлгі ұсталған адамдардың бәрімен қоян-қолтық араласып-құраласқан екен. Қара киімділер ішке енісімен: – Тәңірберген Отарбаевтың үйі  осы ма? – дейді дауыстарын көтере сөйлеп. – Иә, осы. – Өзі қайда?! –  Ай-шайға қарамай заттарды беталды лақтырып, үйдің ішіне тінту жүргізеді. Бір  кезде дәліздің түкпір жағынан беті-қолын жууға кеткен әкем келіп қалады. – Тәңірберген Отарбаев сенсің бе? – дейді әлгілер. – Иә, менмін. – Сен қамауға алындың, бізбен бірге жүресің! – Қайрат ағам әкемнің аяғын құшақтап: –  Әке, кетпеші, кетпе!  Бұлар сізді атады. Тапаншасы бар.  Әкетайым, кетпе, – деп шырқырап жылайды. Бір айлық мен бесікте шырылдап жатыппын. Әлгілер әкемді алып кетеді.  Әкем кетіп бара жатып: – Мәке, Мәриям, балаларға ие бол.  Мен ақпын,  қайтып келем, – депті. Әкемді Ташкент қаласының түрмесіне апарып қамайды. Анамның Мұса Мылтықбаев деген нағашы ағасы: – Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләнда сияқты сендерді де түрмеге жабады. Тездетіп  қашыңдар, – дейді. Анам мені көтеріп, екі  баласын жетектеп Шымкенттегі төркініне келеді. Сөйтіп   айдалудан аман қалады. Әкем Ташкенттің түрмесінде екі жыл  отырады. Ақталып әні келеді, міне келеді деумен күтіп, кешіккеннен кейін нағашы Перне мамам (мен ол кісіні  мама деп кеткем) алты жасар Қайрат ағамды ертіп Ташкенттің түрмесіне барып, әкемізбен жолығады. Ол кісінің сақал-мұрты өсіп, өңі әбден жүдеп кеткен көрінеді. Әкем ағамды  құшақтап сүйген сайын, Қайрат бетін алып қаша беріпті. Кейін оның: – Әкем мені құшақтап сүйе берді. Өсіп кеткен сақал-мұрты бетіме тікен сияқты тиген сайын   басымды алып қаша бердім. Сонда мен бейбақ әкемнің соңғы рет бетімнен сүйіп тұрғанын білмеппін. Білгенде мойнынан құшақтап, бетімді алып қашпас едім, жабысып айырылмас едім, – деп талай рет көз жасын көлдетіп,  жылағанын көрдім. Ташкент түрмесінде әкем екі жыл жатқаннан кейін Коми АССР-індегі қуғын-сүргіндер лагеріне айдалады. Ол жақтан келген хаттары үйімізде әлі сақтаулы.  «Көз жасым  кеппейді», «Бақта мен сайрап жүрген құс едім»  деген тәрізді мазмұнда жазылған өлеңдері көп.

«ПЕРНЕ МАМАМ БОЛМАҒАНДА МЕН НЕ ІСТЕР ЕДІМ?»

–  Әкем түрмеге қамалған соң, шешем қылтамақ ауруына ұшырап,  Қайрат ағамды үлкен қызы Жақтияға, мені өз анасы Перне мамама тапсырады.  Ол кісі   қайтыс болғанда, мен алты жаста екенмін. Әкемнің інісі Сапақ  ағайымыз шешеме бір бұзауын берген көрінеді. Ол үлкейіп сиыр болыпты. Сапақ ағайымның жұбайы Күләнда апам анамның қазасына көңіл айта келіп, (абысыны ғой)  кетерінде сиырды әкетем депті. – Қалай әкетесің? Мына балалар сүт, айран ішпей ме? Бұларға да тамақ керек,  – деп нағашы ағам Мұса Мылтықбаевтың әйелі Нұрипа келіспейді. – Сиырды бермесеңдер Ұлжанды беріңдер, – деп Күләнда апам отырып алыпты. – Ұлжанды берейік, кейін қайтып аламыз.  Сиырды берсек, екі бала тамақсыз қалады, – деп өзара келісіпті. Менің Күләнда апаға барғым жоқ. Өзімен бірге әкеткелі қолымнан ұстады Нағашым Перне мамамның есігіне жаутаңдай қарадым. Ол кісі көріп қалса,  мені жібермейтін шығар  деп ойлағам. Күләнда апа  көйлегінің етегімен көлегейлеп,  мені жабыңқырай берді. Тағы қарасам, тағы сөйтті. Перне мамам көрінбеді. – Ешқайда қарама! Қарама! – деп Күләнда апам қолымнан жетектеп, өзімен бірге алып кетті. Ол кісінің Үлан, Аян, Баян деген үш ұлы, менімен қатарлас Клара деген қызы бар еді. Кларамен ойнап, бір апта  көңілді жүрдім. Бір аптадан кейін ұйқы, күлкіден айырылдым. Себебі, олар Ленгер (қазіргі Төле би) ауданының бір ауылында тұратын. Сапақ ағай қайтыс боп кеткен. Ол кісі мектепте мұғалім болып істеген екен. Күләнда апа үй шаруасындағы адам, мал ұстайды. Мені сол малдың соңына салып қойды. – Әй, жүгір, ана қойларды былай қарай айда, мына ешкілерді бері қайырып кел! – дейді. Тура жүгірем. Жалаңаяқпын. Далада тікен көп. Қайсыбір тұстан ирелеңдеп жылан шыға келеді.  Шағып алады екен деп шыңғырып жылап, қашам. Күндегі көрген күнім осы. Күләнда апа  жылы сөз сөйлеуді білмейді. Бар айтары: «Ананы қайтар, жүгір!»  Зырылдап жүгіріп,  бетінің ауған жағына қарай ұзап бара жатқан  қойларды, ешкілерді қайтарам. Күләнда апа ұлдарын, қызы Клараны жұмсамайды, тек мені ғана жұмсайды. «Неге бұлай?» деп түнде төсегімде жатқанда даусымды шығармай жылап жатам. Аяғымның тікен кірген жері іріңдеп, ісіп кетеді. Қаси-қаси ол жараға айналды. Екі қолым да жара. Бір күні Күләнда апа мені қарсы алдына отырғызды да, үлкен инеге ақ жіпті сабақтап, оны қазанның күйесіне ара-бері ысқылап алды. Бір ұлы екі қолымды ұстап отырды. Өзі екі қасымның қосылатын арасын, екінші  сол бетімнің ұшын, үшінші ерніме жақын иегімді инемен тесті. Төртінші оң бетімді теспек бола бергенде, иегімнен аққан қанды көріп қалып, бақырып жылап, қолын  сермеп, қашып шықтым. Аула іші кең еді, қуғанмен ұстатпадым. Ұлжан апа: «Сондағы инемен тескен үш нүкте әлі бар», – деп  қолымен  көрсетті. Көкпеңбек үш нүктені мен  анық көрдім. – Ол кісі не үшін бұлай істеген? – деген менің сұрағыма: – Білмеймін ғой. Бұл маған әлі күнге жұмбақ. Өзінің қызына неге мұны істемеді деп көп ойландым», – деді Ұлжан апай күрсініп.  – сен дұрыс түсін, қарағым, мен ешкімді жамандап емес, керісінше  болған оқиғаны ғана айтып отырмын. Алты жасар қалада өскен қызбын. Күні-түні тыным көрмеймін.  Ары жүгіріп, бері жүгіріп  қатты қиналам, жылаймын. Тікенектер аяғыма батады, жыландарды көріп шошимын. Қарным жөнді тоймайды. Дастарқанға шақырғанда, ары отыр, бері отыр демесе де,  кішкене қорқам. Шегініңкіреп отырам. Бір күні атала істеді. Қарным тоятын болды-ау деп қатты қуандым. Әбден күнге күйгенмін, қап-қарамын. Көзім сығырайып кеткен, шашым тарақ дегенді білмейді. Аяқ-қолым жара, қышыған сайын қасимын. Ауладағы пешке от жаға бастаған едім, Клара менен сәл алыстау орындықта отырған.  Әсем  киінген бір әйел келіп, Клараға қарап: – Ұлжан! – деді менің атымды атап.  Клара қолын шошайтып  мені көрсетті. Әйел назарын маған бұрды. Мен үн-түнсіз жара, қотыр қолдарымды, іріңдеп ісіп кеткен аяғымды көрсетіп,  жыладым. Пешке ағаш салғансып, көзімнен  сорғалаған жасты жеңіммен сүртіп, ештеңе демедім. Бірдеме десем, Клара анасына айтып қояр деп сақтандым. Келген апай: – Маған су әкеп берші? – деді. Мен орнымнан тұрып, үйге еніп, кесемен су алып шықсам, әлгі әйел кетіп қалыпты. Кешке дастарқан басына түгел жиналдық. Клара: – Күндіз біздің үйге бір әйел келді, – деп еді, Күләнда апа менен: – Ол келген кім? – деп сұрады. – Білмеймін, бір апа келді. – Не деді? – Ештеңе деген жоқ. – Сен не дедің? – Ештеңе деген жоқпын. Кейін білдім, үйімізге келген  апай Шымкент қаласында медресе ашып, балаларды оқытқан Кенжеқожа деген кісінің Рәбиға атты қызы екен. Ол кісіге нағашым Перне мамам: – Егер сол жаққа жолың түссе,  немере қызым Ұлжанның хал-жағдайын біле келші?  Түсіме қайта-қайта кіре береді. Қиналып жүр-ау, – деп өтініпті. Рәбиға апайдың мені іздеп келгені,  жара, қотыр қолдарымды, іріңдеп, ісіп кеткен аяғымды, үнсіз жылағанымды көріп, шыдай алмай су сұрағаны, суды күтуге де дәті жетпей кетіп қалғаны  содан екен.  Рәбиға апай менің ауыр халімді Перне мамама айтып: – Ол қызды неге бердіңіздер? – деп  кінәлапты. – Енді сиырды берсек, балалар аш қалады дедік қой, – деп Перне мамам ақталғансыпты. – Тезірек барып әкетпесеңдер, ол қыз құл болып жүр. Ана әйел оны сәл үлкейсе, біреуге тоқалдыққа сатып жіберуден тайынбайды, – дейді. Содан бір аптаның ішінде Перне мамам мен Қайрат ағам екеуі мені іздеп келді. Кішкентай ауылда не болып жатқанын жұрттың бәрі көріп, біліп отырады ғой. Күләнда апам өктем сөйлейтін кісі еді. – Сен неменеге келдің?! – деді Перне мамама. Өзі мені  нағашыларының біреуі келіп әкетіп қалады-ау деп  қорқып жүреді екен. – Мына қызды алып кеткелі келдім. Мұны сонша қорлағаның не?! – деп Перне мамам да даусын көтерді. – Жоқ, мен бұл қызды ешкімге бермеймін! – Бересің! Бермеуге хақың жоқ! Айқай-шу басталды. 12-13 жасар Қайрат ағам: – Менің қарындасымды қандай күйге түсіргенсіңдер, мұнша неге қорлағасыңдар?! – деп айқайлады. Үлан, Аян, Баян, Клара төртеуі үнсіз тұр. Перне мамам алып кетем деп менің бір қолымнан, Күләнда апам бермеймін деп екінші қолымнан ұстап, өздеріне қарай тартады. Сол кезде менде де ақыл бар екен. Күләнда апаның бермейтінін біліп, Перне мамама: – Қолымды босатыңызшы? – дедім. Ол кісі босатты. Енді Күләнда апаға: – Сіз де қолымды босатыңызшы? – деген едім, ол кісі де босатты. Ауыл сыртындағы жол төрт торапқа  созылып жататын. Перне мамам мен Қайрат ағамның қай тораппен келгенін білмеймін. Білмесем де тәуекел деп бір жолға түсіп, тура кеп қаштым.  Соңымнан Баян ағай қуды. Оның ізін ала Қайрат ағам жүгіріп келе жатыр. Екеуіне де  жеткізер емеспін. Күнде қойларды қуып, жүгіріп үйренгем ғой. Бір жерге барғанда бұрылып қарап едім, Баян ағай көрінбеді, Қайрат ағам жүгіріп келеді екен. Тоқтап, ол кісіні күттім. Мені өзен жағасындағы қалың талдың арасына жасырып, «сен осында күт, мен Перне мамаңды алып келем» деп кетті. Біраздан кейін есекке мінген Перне мамам да келді. Мені шешіндіріп, өзенге шомылдырып, «осымен кет  пәлекет» деп  кір-қожалақ ескі киімдерімді өртеп жіберді де, маған өзі әкелген су жаңа киімдерді кигізді. Жүрегім жарылардай қуанып: – Мама, мына киімдерді енді менен ешкім тартып алып қоймай ма? Бұлар маған ба? – дей бердім. – Саған, бәрі саған, ешкім тартып алмайды, – деген мамамның сөзіне  сенбей, «бұл киімдерді қазір кигізгенмен, ертең біреу алып қояды ғой» деген ойда болдым. Перне мамам мені Шымкенттегі үйіне алып келді. Ол кісінің үйі қаланың орталығында,  қазіргі әмбебап көп қабатты  магазиннің орнында еді. Шалы білімді, кезінде орысша оқыған, тілмаш боп істепті. Төрт ұлы майданға кеткен соң, өзі балаларыма баспана болсын деп үй салдырыпты. Ұлдары оқыған, қалада өскен, бәрі соғыстан аман келіпті. Бір ұлы тұтқында болғандықтан қызметке орналаса алмай, сауда саласында істепті. Ол кісі өте қайырымды, юморға бай, айналасындағалырды күлдіріп, көңілдендіріп жүретін кісі еді .  Қалған екі ұлы  партиялық жауапты қызметте, Абдрахым деген төртінші перзенті прокурор, сот  болыпты. Перне мамам өте ақылды, абыройлы кісі еді.  Көрші ақсақалдар той, жиын өткізерде менің мамама келіп, «былай етсек, олай етсек қайтеді?» деп ақылдасатын. Үлкен ұлы: – Ақсақалды кісілер оқыған әкеммен ақылдаспай, оқымаған анаммен ақылдасады, – деп таңғалады екен. Осы Перне мамам үйінен екі есік шығарып, Слан, Төлеген деген екі баласын отбасымен отырғызып, шалы қайтыс болғаннан кейін өзі аула шетінен шағын үй  салдырып, менімен сонда тұрды. Көшеге қараған терезесінен ары-бері кетіп бара жатқан адамдардың аяқтары көрінетін. Қазір ойласам, келіндерімен сөзге келіп, қадірімді қашырмайын, олардың қабақтарының түйілгенін көрмейін, жеке отырайын деп шешсе керек. Нағашы ағамның балаларымен аулада ойнаймын.  Олардың бәрі аппақ, бәрі әп-әдемі, таза киінген. Мен жабайымын, қап-қарамын. Аяқ-қолым жара. Олар орталарына аң келіп қалғандай маған таңырқап қарайды. Мен жаутаңдап, жасқанып тұрам. Кейде Перне мамам келіп: «Әй, менің қызымды қоршап қызықтағанды қойыңдар», – деп мені өзімен бірге ертіп кетеді. Үстімдегі киімдерімді көрсетіп: – Мама, мына киімдерімді ешкім алып қоймай ма? – деймін. – Алмайды, ешкім алмайды. Саған қанша рет айтам, – деп Перне мамам ашуланады. Әбден үйренгенім сонша, тамақты қолыма ұстатуы керек. Ұстатпаса, жемей отырам. Ол кісі магазинге, не басқа жаққа кетерде: « Столдың үстінде анандай,  мынандай тамақ тұр. Өзің алып же», – дейді. Мен мамам келгенше жемеймін. Қолыма ұстатқанда ғана жеймін. Ол кісі маған қалай тамақ істеуді үйретті. – Мама мына кеспенің бәрін салайын ба? – десем: – Бәрін сал, – дейтін. – Ертең қайтеміз? – Ертең Құдай жеткізеді. Қала өміріне бірте-бірте үйреніп, әп-әдемі бола бастадым. Мектепке бардым. Үздік оқушы атандым. Бесінші сыныпқа көшкен жылы Перне мамам ауырды. Жүріп-тұруы қиындады. – Мен тірі кезімде сені мектеп-интернатқа өткізейін. Әйтеуір үкімет аштан өлтірмес. Сен жетімсің, әке-шешең жоқ. Интернатқа алады, алуы керек, – деп бір кісіге ертіп барды. Қазір ойласам, сұр түсті, суық өңді, сақал-мұртты ол кісі қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі екен. – Шырағым, мынау жетім немеремді мектеп-интернатқа өткізейін деп едім. Биыл бесінші сыныпқа өтті. Оқу озаты.  Қандай құжаттар керек, – деп сұрады. – Неге өткізесіз? – Әке-шешесі жоқ, жетім. Мен қартайдым, аурушылмын Жасырмаймын төрт ұлымның балалары, әйелдері бар. Олардың пейілдерін білем– Төрт ұлыңыз, төрт келініңіз неге бұл қызға көмектеспейді? –  Көмектеседі ғой. Көмектескенімен қайсысының есігінен сығалап жүреді? – Біз мектеп-интернатқа ана алыс ауылдардағы шопандардың балаларын ғана қабылдаймыз. – Бұл қыздың әкесі жоқ екені рас, шешесі жоқ екені рас. Жетімдерді қабылдамағанда байдың балаларын қабылдайсыңдар ма? Мен Москваға жазам, – деп Перне мамам ашуланып, таяғымен  еденді дүңкілдете ұрды.  Өзі  өткір, өжет кісі еді. Ешкімнен тайсалмай, айтатын сөзін айтатын. Ана сұр кісі бәрібір мені қабылдамайтын болды. Перне мамамның қабағы түсіп, көңілсіз күйге енді. Үйге келдік. Ауланы ары-бері кезіп, мені уайымдай бастады. Шай ішіп, біраз көңілін басқан соң, екеуіміз базарға бардық.  Жүрмей, әр жерде тоқтай берді.  Сәл жүргеннен кейін ентігіп, жүрмей тұрып қалады. – Мама, неге тоқтай бересіз? – десем: – Е, айналайын қызым, маған жүру қиындау болып барады. – Сол кезде Перне мамамның жүрегі ауырады екен. Оны  айтпады. Базардан керек-жарағын алды. Әр жерге бір аялдап, үйге келдік. Төрт ұлының біріне  ананы, мынаны әкеліп бер десе, әкеліп береді ғой. Оларға салмақ салғысы келмегенін көрмейсіз бе? Арада екі апта өтті.  Перне мамам мені ертіп, әнеукүнгі үйге қайта барды. Сұр кісі жоқ, көрші бөлмедегі ақ көйлекті орыс кісі бізді қабылдады..  Перне мамам орысша жақсы білетін. – Мынау немере қызым, жетім, – деп менің де, өзінің де жағдайын түгел айтып, түсіндірді. Әлгі ақ көйлекті кісі: – Немереңізді қабылдаймыз, –   деп біреуге телефон соқты. Кейін білдім, ол мектеп-интернат директорына телефон соққан екен. Перне мамам қуанып, алғыс айтып, мені мектеп-интернатқа ертіп барды. Тәрбиеші апаймен ұзақ сөйлесті. – Бұл қызым тамақты өз бетінше жемейді.  Әбден жасқаншақ болып қалған. Бақылап, өзін еркін ұстауына көмектес, – дегенін естіп қалдым. Тәрбиеші апай асханадағы бір столда төрт қыз отырған біздің жанымызға келіп: «Ұлжан, неге тамақ жемей отырсың. Же, ұялма», – деп жігерімді жанығаннан кейін  қыздармен бірге тамақ жеуді үйрендім. Мен бұл кезде де әкемнің «халық жауы» деген жаламен сотталғанын бідген жоқпын. Қасымдағы балалар да білмейтін тәрізді. Егер білсе, мені мазақтап күлер еді деп те ойлап қоям. Нағашы Сман ағамның  Сусар деген қызы бізге ағылшын тілінен, күйеуі математикадан сабақ берді.  Ол кісі керемет сұлу, ақылды, мейірімді еді. Мені өзіне  жақын тартып, еркелетті. Содан көңілім көтеріліп, қатарға қосыла бастадым. Жетінші сыныпта оқып жүргенімде мен түстен кейінгі бастауыш сынып оқушыларына нан кесетін болдым. Сұйық тамақтан басқасының бәрі – нан, шұжық, конфет, май менің қолымда. Оларды балалардың бәріне бірдей етіп өлшеп бөлетінмін. Өзім би, өзім қожамын. Жетім өскендіктен бе, адал болдым. Бөлмелес қыздарыма сыбағаларынан артық ештеңе бермейтінмін. Келесі жылы тәрбиеші апай мені  жоғары сынып оқушыларына нан кесуші етіп қойды. Ол кезде оқушылар ауыл шаруашылық жұмысына көмектесетін. Көбіне мақта теретін. Ол жақта мен шараушылық меңгерушісі болдым.  Әйтеуір мұғалімдерім маған жылы қабақ танытты. Қараша айында оқуымыз қайта басталды. Нан кесушімін. Жексенбі күндері Перне мамама барып тұрам. Жеңгелерім өздері тұрған үйдің есік алдын сыпырып, тазалап, Перне мамамның есігі алдын сыпырып, тазаламайды. Мен келем де, шелекпен суды әкеп,  мамамның есігі алдына шашып,  сыпырғышпен сыпырып, мұнтаздай етіп тазалаймын.  Жеңгелерімнің есігі алдын өздеріне ұқсап сыпырып, тазаламаймын. Олар: – Мына қызды көрмейсің бе, өзінің есігінің алдын ғана тазалап, біздің есік алдын тазаламапты, – деп бұрқылдап сөйлеп жүреді. Бір күні оқушыларға мондарин тараттым. Қыздардың біразы  жемейміз деп ұсынғанымды алмады. Оны далаға тастаймын ба? Тор дорбаға салып, Перне мамама апарып берейін деп үйге бардым. Барсам, кішкене үйде мамам жоқ.  Үлкен үйге кірсем, төсекте жатыр. – Мама, сізге мондарин әкелдім. Бұл менің тұңғыш сыйлығым, – деп едім: – Ы, ы, – дегеннен басқа сөз айтпай, бетіме қара-а-ап жатты. Сөйлей алмады. Біраз отырған соң, кетуіме тура келді. – Мама, мен тағы келем, – деп қоштастым. Арада екі-үш күн өтті. Бір қыз – Киноға барайықшы? – деп қоймаған соң, киноға бардық. Кинотеатр біздің жатақханамызға жақын еді. Кинодан шығып келе жатқанда жан-жағыма алақтап, біреу-міреу көріп қалып: «Мамасы ауырып жатқанда мынаның киноға барғаны қалай» дей ме деген  ойда қатты қуыстандым. Сол жолы киноға барғанымды өзім  дұрыс көрмедім. Бөлмеме енгенімде,  Сусар келіп: – Ұлжан қайда жүрсің? Перне мамаң қайтыс болды ғой, – деді. Шыңғыры-ы-ып жылағаным сондай, тереземіздің ар жағындағы аялдамада тұрған адамдардың бәрі біз жаққа бұрылып қарапты. «Не болды?» деп көрші бөлмедегі қыздар жүгіріп келді. Бәрі жұбатып, көңіл айтты. Жылаған күйі жүгіре басып үйге бардым. Адамдар жиналып қалыпты. Аулаға ене бере: – Мама! Маматайым! Мені кімге тастап кеттің? Мен енді не істеймін, мама?! – деп ботадай боздадым. Біреулер шешемнің атын айтып: «Мариямның қызы ма?» – десіп жатты. Ана бөлмеге енсем, адам көп, мына бөлмеге енсем, адам көп. «Мамам қайда, мамам?» – деп жылап жүрмін. «Сабыр ет, қызым, сабыр ет», – деп үлкен кісілер мені жұбатып әлек. Біраздан кейін Жақтия әпкем түпкі бөлмеден: – Мамаң екеуімізге керек еді, – деп жылап шығып, мені құшақтады. Жұрт жабылып бізді жұбатты. Жатақханама қайтып келе жатып та: «Ұлжаным,  түсін. Сені интернатқа бергенім, балаларымның қайсысының есігінен сығалап жүресің. Олардың әйелдері бар, әйелдерінің пейілдерін білем», – деген Перне мамамның сөзін есіме алып, өкси бердім. – Нағашы Перне әжең сізді интернатқа өткізіп, өте дұрыс істеген.  Өзі ақылды, көреген, алысты болжай білетін, қасиетті кісі екен. Сол кісінің арқасында интернаттың даяр киімін киіп, даяр тамағын ішіп, тәлім-тәрбиесін алып, қатарға қосылдыңыз. – Иә, Перне мамам болмағанда өмірім кісі есігінде қор болып өтер еді.

«БӘРМІЗ БҰЛ ДҮНИЕГЕ ҚОНАҚПЫЗ»

Ұлжан апайдың телефон нөмері ауысып кетуіне байланысты өзімен көптен бері хабарласа алмай жүр едім. Көшеден бір танысы жолығып, сол кісіден телефон нөмерін алып, хабарласқанымда: – Айналайын, сен де телефон соғады екенсің ғой, – деп Ұлжан апай жылап жіберді. – Ойпырма-ай,   қарапайым, кішіпейіл бала  едің. Неге хабарласпай қойдың?  Бауыржан ағай қайтыс болғаннан кейін   мені ұмыттың-ау.  Ол кісі қанша адамды көріп жүріп, ықыласы саған ауған еді ғой. Анда-санда келіп, апалап қолымды алып тұрсаң  қайтер еді? Баукең аузынан тастамайтын Тәкеңнің, Тәңірберген Отарбаевтың  қызы едім ғой, қарағым. Өзіңді бір көрсем деп сағынғалы қанша ай? Телефон соғып хабарласқаныңа қуаныштымын, жанғанам-ау.    Өстіп анда-санда  хабарласып тұрсаң қайтеді? Бауыржан ағамның көзісің ғой. Халің қалай? – Шүкіршілік. – «Өзі кеткеннің көзі кетеді» дегендей бұл да менен теріс айналды-ау деп саған ренжігеніммен,  «айналайыным, аман болсын» деп Құдайдан тілеуіңді, амандығыңды тілеп келем. Үстіне жаңа киім кисе, не кіші-гірім жетістікке жетсе,  өзгеріп шыға келетіндер бар. Сен ондай топтан, яғни мақтаншақ, лыпылдап-зыпылдап жүргендерден емессің. Ылғи Бауыржан ағаның қасында болып, әңгімесін тыңдадың. Ең бастысы, ол кісі сенің жан дүниеңді танып,  саған сенді, сені  жақсы көрді. Жаза алатыныңды  да білді. Түсінген адамға бұл үлкен дәреже ғой. Бауыржан ағаның қасынан табылып,  әңгіме айтқызудың өзі әркімнің қолынан келе бермейді. Ол кісі дәмететін адамнан дәметеді. Шүкір, тұрмыс жағдайым жаман емес. Шаңырағым, ыстық суым, газым бар. Тек денсаулығым болмай жүр. Биыл жасым сексен бірде. Әнеукүні кіші-гірім шаруамды реттеймін деп  қатты науқастанып, әрі екі көзім көрмей, магазинге бара алмай қалдым. Көршілерім көмектесті. Жанат қызыма: "Мені Коноваловқа алып бар, көзіме ота жасатам», – деп едім, ол алып барып, ота жасатты. Қазір көзім  көреді.  Алла тағалам аяды. – Жақсы болған екен, Сізге тілеулеспін. – Өткен аптада  есік алдындағы  темірге сүрініп құлап, белімді ауыртып алдым.  Таңға дейін төсекке жата алмай, екі креслода отырып шығам. Үй ішінде ілбіп әрең жүрем. Мені өлтірмей, алға сүйреп келе жатқан әкемнің аруағы мен Бауыржан ағамның аруағы.  Сенің телефон нөмеріңді тере алмаймын, жаным.  Кішкентай ес жинасам, келін бала екеуіңді үйге шақырып, қонақ етсем деймін. Азын-аулақ сыйлығым да бар. – Ой, апай, оған әуре болмаңыз – Бәріміз бұл дүниеге қонақпыз, қарағым.  Жетімдіктің кесірінен мен  жасқаншақ болдым. Бауыржан ағаның қасында жүріп суретке де түспеппін.

«БАРЛЫҚ КЕЗДЕ ӘКЕМДІ ОЙЛАДЫМ»

– Ұлжан апай,  өміріңіздің көп жағдайынан бейхабар екем.  Сізді тыңдауға құштармын, – дедім қызығушылық танытып. – Сенің тыңдайтыныңды білем, айналайын. Аулада ойнап, үйге енген соң, Перне мамамнан: – Ана баланың да, мына баланың да әкесі бар. Менің әкем неге жоқ? Ол қайда? Әкем болды ма? – деп сұрай  берем. Перне мамам жауап қатпайды.   Жауап бермеген сайын жүрегім бұрынғыдан да сыздап ауырады. Кейде: – Неге менің әкем жоқ? – деп жылаймын. Танитын кісілердің  бәрі білмейміз дейді. Жақтия әпкемнен сұрасам: –  Үндеме, аузыңды жап! – деп жекиді. Нағашы ағаларымнан да, жеңгелерімнен де: – Менің әкем қайда? Әкем болды ма? Әлде өліп қалды ма? Айтыңыздаршы? Қайда? – деймін. Бесінші сыныпқа көшкен жылы Перне мамам: – Сен-ақ сұрап қоймадың ғой.  Әкең «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Мұны ешкімге айтпа, айтсаң, бәріміз де түрмеге қамаламыз. Түсіндің бе? – деді. – Шынымен әкем «халық жауы» болды ма? – Қайдағы жоқты айтпа. Ондай болған емес. Әкеңнің ақ, адал екенін кейін үлкейгенде түсінесің. Қазір ешкімге ештеңе айтпаймын деп уәдеңді бер. – Ешкімге ештеңе айтпаймын, – деп уәдемді бердім. Бір жолы Қайрат ағам: – Сен неге анамызды аузыңа алмайсың, Ылғи әкемізді сұрай бересің? – деді. – Мен ауырып жатқан анамды көрдім, әкемді көргем жоқ, сіздер көрдіңіздер. Сондықтан сұрай берем.

      БАУЫРЖАН АҒАМЕН КЕЗДЕСУ

 – «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қандай жақсы мақал. 1970 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Ақын ағартушы» деген мақала шығып, оны  Шымкенттегі Жақтия әпкем маған хатпен салып жіберіпті. Сондағы қуанғанымды көрсеңіздер. «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі мақаланы оқып,  жылап келем. «Өмірде болған екенсің ғой, әкетайым. Ақыры сізді де көрдім-ау», – деп  әкемнің суретін қайта-қайта сүйіп, көз жасымды көлдетіп келе жатсам, көшеде қарсы кездескен адамдар: – Қызым, қымбат адамыңнан айырылдың ба? – деп сұрайды. –  Жоқ. Керісінше, қымбат адамым – әкеме жолықтым, әкеме, – деймін өксігімді баса алмай. Үйге келген соң, күйеуім: – Ойпырма-ай, әкең Бауыржан Момышұлындай кісіге сабақ берген ғажап адам болған екен ғой. Мен сені жетім балалар үйінде  өскен, ешкімі жоқ екен деп жүрсем, – деп таңғалды. Мен оған: – Мені Бауыржан ағайдың үйіне ертіп баршы? Мен ол кісіге жолығып, әкем туралы не білетінін сұрайын, – дедім өтініп. – Ой, ол кісінің мінезі шатақ. Бірдеңе айтып, тіпті боқтап жіберуі де мүмкін, – деп  кішкене тартыншақтады. Ішімнен: «Қой, бұдан ештеңе шықпас, өзім барам», – деп жалтақтап жүріп, арада 7-8 жыл өткенде, 1979 жылы батылданып барып, есік қоңырауын бастым. Ол кісі жақсы қарсы алғанда, әкем тіріліп келгендей қуандым. Бетіме қарап: – Қарағым, сен кімнің қызысың, фамилияң кім? – деді. Бәрін айттым. – Сен Тәкеннің фамилиясын жамылып жүрген біреу шығарсың? – Жоқ, менің алдымда   Қайрат деген ағам,  Жахтия деген әпкем бар. Мен әкемнен бір айлық нәресте кезімде қалған екем. Жәмила апай залға стол дайындап қойған екен. Сонда бардық Мен қуанғаннан жылап отырмын, Бауыржан аға: – Жылама! Я терпеть не могу женской слезы! – деп ұрысты. Жәмила апай: – Менің әкемді көрген кісі болса, мен де жылар едім, – деп еді: – Сен тыныш отыр! – деп тастады. – Бүгінде  жақсының атын жамылған шарлатандар көбейіп кетті.  Соның бірі емессің бе? – Бауыржан аға мені әкесіне ұқсаған шығар деп ойласа керек. – Ондайдан Құдай сақтасын, аға. – Қайдасың? Кімің бар?  Қайда жұмыс істеп жүрсің? – деді бастырмалата сұрақ қойып. – Күйеуім Алматы ауыл шаруашылық институтында оқытушы, тарих ғылымының кандидаты. Мен де сол институттың бухгалтериясында жұмыс істеймін. – Тәкен, Тәңірберген Отарбаев ағайымыз ұзын бойлы, керемет ұстаз,     ақылды,  ақын, сұлу кісі еді. Домбыраны керемет тартатын. Оның даусы ерекше әдемі болатын. Жаным, сен ренжіие, бойың  қортық, түрің де ұқсамаған. – Аға, күйеу балаңыз бойың қортық деп шағым жасап жүрген жоқ, – деп едім, Бауыржан аға қарқылдап күліп: – Тәкеннің қызы екеніңе енді сендім, балам. Юморың бар екен. Менің үйіме әртүрлі адам келеді.  Смирно! Кругом! Шагом марш! – деймін. Қайсыбірі бұрылады да кетеді. Олар юморды түсінбейтіндер. Қайсыбірі әлгіндей бұйрық бергенімде: – Әуелі, Бауке, нан ауыз тиейін, қазақпыз ғой. Содан кейін шагом марш болайын, – дейді. – Олар юморды түсінетіндер. Қызым, сен бүгіннен бастап жыламайтын бол. Тәкеңнің көзі – мен бармын. Үміт үзуге болмайды. Кешегі күннің сұмдығы ұмытылады.  Ел үшін, қазақтың бір сүйем жері үшін, тілі, салт- дәстүрі үшін күрескендер түптің түбінде жарыққа шығады. Ол ағарып атқан таңды мен көрмеуім де мүмкін, сен көресің.  Амал қанша, өз ұлтын туған анасындай сүйген күрсініске толы  жүрек жылайды. Халқымның қаймақтары атылды, асылды, қорлықпен өлтірілді. Алайда олардың өр рухын  ешкім де, ешқашан да халық жүрегінен өшіре алмайды. Көсемдеріміздің ұстамдылығы мен қайсарлығын ұмытуымыз мүмкін емес. Жендеттердің жауыздығын мен де, сен де, болашақ ұрпақтарымыз да кешірмейді. Айналайын қызым, мына үй сенің де үйің. Қалаған уағыңда келіп тұр.  Келесі жолы жолдасыңды ертіп кел, – дей отырып,  телефон соғып, сені шақырып алып: – Мен ылғи айтып жүрген ұстазым Тәңірберген Отарбаев ағайдың кіші қызы Ұлжан осы, –  деп саған таныстырған  еді ғой. Есіңде ме? – Есімде. – Тәңірберген ағай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бермегенде  менен жазушы шықпас еді. Тәкең медресе бітірген, басына ақ сәлде орап молда  болудың орнына бізге  қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сабақ үстіне өзімен бірге  ала келген домбырасымен қазақ жырауларының өлең-толғауларын әндетіп орындағанда  ұйып тыңдайтынбыз. Бойы ұзын, реңді келген, аса талантты кісі еді, – деп әкем туралы көп әңгіме айтты.  Қоштасарында, басымнан сипап, тағы да: – Мына үй өзіңнің үйің, келіп тұр, қызым, – дегенде төбем көкке жеткендей болды.

«БАУКЕҢ БАЙҚАМПАЗ ЕДІ»

Бір бөлмелі тар пәтерімізге Бауыржан ағаны, Жәмила апайды шақырып қонақ еттік. Үйіне оралған соң Бауыржан аға: – Ұлжанның төрт кілемі бар екен, – депті. – Бауке, төртеу емес, үш кілем, – деп Жәмила апай жеңістік бермепті. – Жоқ, төрт кілем. – Жоқ, Бауке, үш кілем. Сізге санап берейін, еденде, диван жанында жатқан екі, стенка  жақта бір кілем. Одан басқа жоқ қой. Мен әйелмін, білем. – Түк те білмейсің. Төрт кілем. Жәмила апай маған телефон соқты. – Ұлжан, үйіңде қанша кілем бар? – Оны неге сұрадыңыз? – Баукең Ұлжанның төрт кілемі бар дейді. Мен: «Бауке, қызықсыз ғой, мен анық білем, төрт емес, үш кілем» деймін. Сенде кілем нешеу? – Төртеу. – Қалайша төртеу, үшеу емес пе? – Жоқ, төрт кілем. – Біреуі қай жақта? – Ана стенканың үстінде ораулы жатқан жаңа кілем. – Мен бойым ұзын болса да, стенканың төбесіне зер салмаппын. Баукең қандай байқампаз. Қорқайын дедім, – деп Жәмила апай ішек-сілесі қатып күлді. Мұны естіген күйеуім Әбдіғали: «Осының бәрін жазып қойсаңшы. Кейін ұмытып қаласың», – деді ескертіп. – Жазбаймын. Бәрі менің жүрегімде жазулы, – дедім.

«БАУЫРЖАН АҒАНЫҢ ШАРАПАТЫ»

– «Жақсының жақсылығын айт» дейді ғой, әкемнен көре алмаған, өмірі басымнан сипамаған мейірімді  Бауыржан ағадан көрдім. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа: «Мен сізден өз басыма, не бала-шағама ештеңе сұрамағанымды білесіз. Мына «халық жауы» деген жаламен құрбан болған ұстазымның қызы Ұлжан Отарбаева көп жылдан бері бір бөлмелі пәтерде тұрып келеді. Арада оншақты жыл өтсе де, кезегі алға жылжымайтын көрінеді. Оның отбасына лайықты, заңды тиесілі пәтерін иеленуге көмектесуіңізді өтінем.  Сәлеммен сізді құрметтеуші Бауыржан Момышұлы» деп хат жазып, оған қажетті құжаттарды,  әкем туралы жарияланған газет мақалаларын қосып,  Жәмила жеңгейдің қолына ұстатып: – Димекеңнің қабылдауына барып, өзіне табыс ет. Егер қиналатындай кейіп танытса, сыпайы қоштас та шығып кет,  – дейді. Жәмила апайды  Димаш Ахметұлы қабылдап, Баукеңнің хал-жағдайын сұрап, хатын оқып, қосымша құжаттарды өзі асықпай тізімдеп: – Баукеңе сәлем айтыңыз, өтініші орындалады, – дейді. Арада екі ай өтпей қаланың ең жақсы ауданынан үш бөлмелі пәтерге ие болдық.  Әкем орнындағы әкем Баукеңнің осындай мейіріміне бөленгенім әрі  әкем ұстаз болған мектепте Бауыржан ағаның да,  өзімнің де білім алып, тәрбиеленгенім үшін мен  – бақыттымын. Кешегі жалаңаяқ жетім қыз атанған менің қатарға қосылып, бүгін сексен бір жасқа келгеніме тәуба деймін. Бауыржан ағаның: «Денсаулығым дұрысталса, Ташкенттің, Шымкенттің мұрағатына барып, Тәкең өмірінен деректер жинап,  кітап жазсам деген ойым бар. Оны жүзеге асыра алам ба, асыра алмаймын ба? Уақыт бюджетім аз қалды, – дегені де есімде. 1982 жылы аға ауруханаға түсіп қалды. Көңілін сұрай барғанымда: – Тәкең тіріледі, әлі аты шығады, ақталады, – деді. – Аға,  ақталды ғой, – деп едім: – Заң жағынан ақталды, енді әдеби ақталады. Ол кісінің жазғандары көп, – деді.  Бұл менің ол кісімен соңғы тілдесуім екен. Көп ұзамай қайтыс болды. Әкем қайда деп жүргенімде Құдай мені Бауыржан ағамен кездестірді.  Қазір жұртқа айтып жүргенімнің бәрі Бауыржан ағадан естігендерім. Оны мен мақтаныш үшін емес, әкемнің аты шықса екен деген оймен айтамын...

«ӘКЕМ ТІРІЛІП КЕЛГЕНДЕЙ СЕЗІНЕТІНМІН»

– Жәмила апайдың өзіне жарастықты жақсы қасиеттері болды. Алайда  ақылы, білімі, мәдениеті, өмірге түсінуі жағынан Бауыржан ағаға лайықты емес еді. Бірде сөйлесіп отырғанымызда: «Қоңыраттарға қарағанда Дулаттар сондай жақсы», – деп қалды. – Жәмила апай, мұндай сөзді неге айта бересіз? Дулаттың ішінде де, Қоңыраттың ішінде де жақсысы да, жаманы да бар. «Халқымыз «бес саусақ бірдей емес» деп неге айтқан? Бауыржан аға ешкімді бөлмейді ғой. Алыстан мысал іздемей-ақ қояйын. Қайрат ағамның әйелі Дулаттың қызы.  Бауыржан аға Шымкентке барғанда, ол кісіні Қайрат ағам үйіне шақырмақ ниет танытса, әйелі көнбей қойыпты. Содан, амал жоқ, Қайратым қазы-қартасын пісіріп, Бауыржан аға жатқан қонақүйдегі бөлмесіне алып барып сыйлауға мәжбүр болған. Сонда: – Осы тамақты үйінде берсе де болатын еді ғой. Келін дұрыс  емес-ау деген Бауыржан аға. – дедім. Шынында шай-пайын үйінде берсе, балаларының көңілі өсіп, мақтанып жүрер, әрі күйеуін қолдаған болар еді. Әйел заты жақсылығын жасап, талап етерін талап ете білуі керек деп ойлаймын, – деп едім, Жәмила  апай: –  Сенің  Қоңыраттың қызы екеніңді білмей қалдым. Мінезің Бауыржан әкеңнің мінезіндей тік екен-ау, – деп күлді. Менің кейде осы тәрізді айтып салатын сөздерімді естіген Бауыржан ағам: – Ұлжан қызым осындай, Тәкеңе аумай тартқан! – дейтін мәз болып, жадырай күліп. Айтатын жерде айтамын, тақылдайтын жерде тақылдаймын. Мен баяғы жетім, жасқаншақ Ұлжан емеспін. Өзімді өзім қорғамасам, мені ешкімнің  қорғамайтынын білем.  Институтта істеймін. Ұжымым сыйлайды.  Аярл