МАНДОКИ МҰРАТЫ – МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП

МАНДОКИ МҰРАТЫ – МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП

МАНДОКИ МҰРАТЫ – МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП
ашық дереккөзі
Алматыда белгілі түрколог, қыпшақтанушы ғалым Иштван Мандоки Қоңырдың 75 жылдығына арналған «Ұлы дала және Мандоки мирасы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларды жүзеге асыру жоспары аясында аталған шараны Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырды. Академия президенті Дархан Қыдырәлі Иштван Мандокидің түркілер мен мажарлар арасындағы тарихи байланыстарды зерттеуге, түркі халықтарының әдебиет, фольклор, поэзия үлгілерін мажар тіліне аударудағы және түрлі экспедициялар ұйымдастырудағы ерен еңбегін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, ғалымның 16 мың кітаптан тұратын жеке кітап қоры 2014 жылы TWESCO кітапханасына табыс етілгенін еске салып, олар бүгінде Мандоки кітапханасының құнды жәдігеріне айналғанын айтты. Марқұмның жары Оңайша Мақсұмқызы: «Қазақ халқы өзінің дара перзенті, қыпшақ ұлы Қоңырды ұмытпағанына өте қуаныштымын. Ол қазақ жұртын ерекше сүйді. Қазақтың бай әдеп-ғұрпын, тарихын, мәдениетін өте жетік білді. Соны сыйлағандықтан қазаққа ғашық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ойлар тура Қоңырдың арман-мұратымен ұштасып жатқандай көрінеді. Бұл түркі халықтары үшін мәңгілік тақырып», – деді. Екі күнге созылған шарада түркологияның өзекті мәселелері талқыланып, Қоңыр Мандоки жайлы тағылымы мол естеліктер айтылды. Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: – Қоңыр ағамыз ерекше жан болатын. Бір күні көшеде келе жатып су ішкіміз келді. Сатушы қыз орыс тілінде сәлемдесіп, қандай түсті сусын аласыз деп сұрады. Қоңыр Мандоки болса таза қазақ тілінде «қызылын» деп жауап берді. Түсінбей қалған әйел орыс тілінде ойын жеткізуді сұрады. Сонда Мандоки орыс тілінде: «Менің орысшам Қазақстанда жүргенде нөл, орысшаны тек Ресейге барғанда қолданамын» дегені әлі есімде. Тағы бірде: «Көршілес қырғыз еліне баруым керек», – деді. Бірақ, виза шықпады. Сөйтіп Олжас Сүлейменовке бардық. Мән-жайды естігеннен кейін Дінмұхамед Ахметұлына телефон соқты. Қонаев бұл мәселені басқа біреулер шешеді депті. Олжекең бірден сол адамға хабарласып «сен» деп сөйлесті. Біз таңқалдық. Тұтқаның ар жағынан «Мандокиді Қырғызстанға жіберуге болмайды» деп жатыр. Сүлейменов: «Жібермесең, өзім саған барамын», – деп телефонды тастай салды. Содан қызметтік көліктің алдында Олжас Сүлейменов, артқы орындықта Қоңыр ағамыз, Оңайша Мақсұмқызы және мен мінгесіп, әлгі адамға бардық. Олжекең ішке кіріп кетіп 30-40 минут кідірді. Бір кезде Қоңыр ағамызға Қырғызстанға баруға рұқсатнама алып шықты. Шыңғыс Айтматовқа хабарласып: «Бауырым қонаққа бара жатыр. Өзің күтіп алып, шығарып сал», – деп тапсырды. Мандоки сол сапардан олжалы оралды. Қоржыны толған кітап. Сонда Айша апамыз: «...ақшасының бәріне кітап сатып алады, бір тиын қалдырмайды», – деп ренжитін (күліп). Қоңыр Мандокидің ғылымға деген, түбі бір түркі халықтарына деген адалдығы осындай әрекеттерінен байқалып тұратын. Андраш БАРАНИ, Венгрияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі: – Қоңыр ағамыздың атын айтсақ, оның түркітану ғылымының дамуына зор үлес қосқан зерттеулері ғана емес, сондай-ақ түркітілдес халықтардың біртұтастығын, олардың арасындағы байланыстардың нығаюын, мәдениеттерінің және тілдерінің еркін түрде дамуын армандайтын тұлғаның кейпі көз алдымызға келеді. Әсіресе, қазақ тілінің өркендеуіне ерекше мән берген Қоңыр Мандоки тек мажар мен қазақтың ғана емес, дүниежүзіндегі бүкіл түркітілдес елдердің арасындағы бауырлық қарым-қатынастардың символына айналды. Дүниеден ерте қайтса да өзі армандаған қазақ елінің тәуелсіздігін көрді. Қазақстан сол тәуелсіздіктің арқасында Еуразия құрлығына, әлемге танымал, беделі жоғары елге айналды. Сондықтан Халықаралық Түркі академиясының штаб-пәтері Ұлы даланың жүрегі – Астана қаласында орналасқаны кездейсоқ емес. Ал академия қабырғасынан Мандоки кітапханасы ашылғаннан кейін Түркі академиясын Мажарстанның бір бөлігі орналасқан жер деп санаймыз. Телқожа ЖАНҰЗАҚОВ, ф.ғ.д, профессор: – Үйге бір күні Қоңыр қонаққа келді. Қазақшасы ағып тұр. Әңгіме арасында: «Қазақ тілін не үшін және қайдан үйрендің», – деп сұрадым. Сонда берген жауабы: «Әкем бақиға аттанар алдында шақырып, «балам біздің түбіміз қыпшақ, сол тілді үйрен, мәдениетін игер» деп өсиет айтты. Ал қайдан үйрендің дегенге келсек, әскери бөлімшеде бір қазақ жігіті болған. Соған барып, тіл үйретуін сұрадым. Кітаптар берді, сонымен сөйлесіп жүрдім. Осылайша қазақ тілін бойыма сіңірдім». Тулап жатқан қанында осындай қасиеттердің барына қуанып, бірнеше кітап сыйға тарттым. Ал ол болса жұбайымның иығына «анам өз қолымен тіккен» деп орамал жауып кетті. Сол орамал бүгінге дейін Қоңырдың көзіндей болып, шаңырағымызда сақтаулы. Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры: – Иштван Мандоки тіл маманы, түркітанушы, фольклоршы ғана емес, сонымен бірге хас тарихшы да болғанын ерекше атап айтуымыз керек. Әлем елдерінде, Еуропада, Венгрияда пәнаралық байланыс жақсы дамыған. Мәселен, лингвистер жақсы тарихшы бола алады, тарихшылар керемет фольклоршы да болады, фольклоршылар мықты тарихшы болуы да таңғаларлық жай емес. Ол өз еңбектерінде ІХ-Х ғасырларда қазақтардың ата-бабаларының бірі мажарлар Орал және Батыс Сібірден Венгрия жеріне қалай барғанын зерттейді. Немесе, ХІІІ ғасырдың басында он мыңдаған қыпшақтардың Венгрия жеріне қалай көшіп барғанын зерделейді. Иштван Мандоки ағамыз ортағасырлық мадьяр-қыпшақтардың тарихын бұдан да терең зерттеуді армандап кетті. *Қоңыр Мандоки 1944 жылы Мажарстанда дүниеге келді. Ол өз өмірін қыпшақ және түркі әлемінің тарихын зерттеуге арнады. Ғалымның айтуынша, барлық қыпшақтар арасында оған ең жақын болған – қазақтар. Алматыда Қ.Мандокидің есімі Әуезов ауданындағы орта мектепке, сондай-ақ Медеу ауданындағы көшеге берілген. Иштван Қоңыр МАНДОКИ, ғалым: Халық, ұлт өз ана тілінен айырылса, ол оның өлгенімен бірдей. Мінекей, бірнеше жылдан бері Қазақстанның жеріне келген сайын қазақпен таза қазақша сөйлесу қиын болып барады. Мысалы, Алматыда жастар қазақша білсе де, сөйлескісі келмейді немесе қазақша сөйлескенде жартылай орысшалап кете барады. Қазақша сөйлегеннің ішінде он сөздің бес-алтысы немесе сегізі орысша. Сіздерге тілге ең бірінші рұқсат берілді. Тазалану керек тіл жағынан. Тіл бәрінің негізі ғой. Тілі таза емес елдің ой санасы да таза болмайды. (Қоңыр Мандокидің 1992 жылы Қазақ радиосына берген сұхбатынан)