Тренд пен талғам

Тренд пен талғам

Тренд пен талғам
ашық дереккөзі
1018
Қазіргі уақытқа «техника заманы» деп айдар тағып, ақпараттық технология мен интернетке басымдық беріп қойдық. Бірақ ғаламтор ешқашан кітапты алмастыра алмайды. Бұл пікірге қарсы сөз айтатындар да табылатыны сөзсіз. Дегенмен компьютердің мүмкіндігі шексіз болғанымен, кітаптың орны бөлек екенін көкірегі ояу, көзі ашық жандардың бәрі де мойындайды. Өйткені кітап – өткеннің рухы, келешектің кілті.

Ең көп оқитын 10 ел

Дамыған ел газет-журнал, кітап оқыса, дамушы ел радио тыңдайды. Ал дамымаған ел теледидар көреді. Бұл тәмсіл көзі қарақты оқырман үшін жаңалық емес. Жалпы, кітап оқу – мәдениеттілік. Әрбір адам осы нәрсені санаға сақтап алса, кітап пен оқырман арасы өздігінен жақындайды. Әлемдік статистикалық деректерге назар салсақ, жер жүзінің халқы аптасына 16,6 сағат уақытын теледидар тамашалауға, 8 сағатын радио тыңдауға, 8,9 сағатын компьютер мен интернетке жұмсайды екен. Маркетингтік зерттеумен айналысатын NOP World компаниясы өткен жылы әлемдегі ең көп кітап оқитын елдердің рейтингін түзген еді. Рейтинг бойынша оныншы орынға Гонконг тұрғындары жайғасыпты. Мұндағылар аптасына 6,7 сағат уақытын оқуға арнайды. Ал тоғызыншы орындағы Сауд Арабиясы мен Венгрия елдерінің тұрғындары аптасына 6,8 сағат кітап оқиды. Ал Швеция мен Франция тұрғындары аптаның 6,9 сағатын кітап оқуға жұмсайтын көрінеді. Аптасына 7,1 сағат кітап оқитын ресейліктер жетінші орында. Дәл осы елдің тұрғындары аптасына орта есеппен 8,9 сағатын компьютер мен интернетте өткізеді. Теледидар тамашалауға – 15 сағат, радио  тыңдауға – 6,6 сағаттары кетеді екен. Алтыншы орын Чехияға бұйырыпты. Чехия халқы аптасына 7,4 сағат кітап оқыса, бесінші орындағы Египет тұрғындары 7,5 сағатын кітапқа арнайды екен. Филлиппиндіктер де египеттіктермен шамалас, аптасына 7,6 сағат кітап оқиды. Бұл ел NOP World рейтингінде төртінші орында. Енді үздік үштікке тоқталайық. NOP World сарапшыларының есебінше, Қытай үшінші орынға орналасқан. Аспан асты елінің тұрғындары кітап оқуға аптасына орта есеппен 8 сағат жұмсайды.Қытайлықтардан бір саты жоғары тұрған Таиланд аптаның 9,4 сағатын кітап оқуға бөледі. Сонымен, ең көп кітап оқитын ел – Үндістан. Үнді халқы орта есеппен аптасына 10,7 сағат кітап оқиды. Ал кітап оқуға ең аз уақыт жұмсайтын – кәрістер. Олар аптасына тек 3,1 сағат қана кітап бетін ашады.

Қандай кітаптар сұранысқа ие?

Адам баласын кітап оқуға күштеу қиын. Ал ұнамаған кітапты оқыту тіпті де мүмкін емес. Бүгінгі күні кітаптың түр-түрі жарыққа шығуда: оқулықтар, ғылыми-танымдық кітаптар, бизнес-кеңестер, психологиялық туындылар, көркем әдебиет. Оның біразы сұранысқа сай оқылса, көркем әдебиетті оқырман жан қалауымен қолға алады. Десек те, әрбірінің өз оқырманы бар. Ағылшын философы Фрэнсис Бэконның: «Кей кітаптардың дәмін татып көруге, кейбірін жұтуға болады. Бірақ шайнап, қорытатын кітаптар көп емес» деген сөзін білмейтін жан кемде кем болар. Расында да, сан алуан кітаптың арасынан өзіңе қажетін таңдап алу өте қиын. Кітапты таңдай білу де үлкен білімді қажет етеді. Ал жазылған туындылардың қайсысы өтімді екенін оқырман талғамы анықтайды. Сонымен, бүгінгі оқырмандар қандай кітап оқиды? Әлем бойынша дәл қазіргі уақытта қандай кітаптар сұранысқа ие? Кей дерек көздеріне сенсек, бүгінгі күні әлем бойынша әйелдерге арналған романдар, бизнес және құқықтық әдебиеттер, танымал және жетістікке жеткен адамдардың биографиялық кітаптары, психологиялық туындылар мен детектив жанрындағы кітаптар сұранысқа ие екен. Адам баласының жас ерекшелігіне қарай кітапқа деген талғамы да өзгеріп отырады. Мәселен, шытырман оқиғалы, детектив, фантастика жанрындағы шығармаларға көбіне мектеп жасындағы жеткіншектер қызығушылық танытады. Есейе келе психология, жан ілімі, өзіңді жетілдіру, астрология, саясат, экономикалық әдебиетке деген қызығушылық пайда болуы мүмкін. Ал ақыл тоқтатар жасқа келгенде адам баласы өз әлеміне және қоғамына пайдасы тиетін, өзгеріс алып келе алатын, ойландыратын, жанына тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптарды оқуға тырысады. Ал қазақстандық оқырмандар қандай кітаптарды таңдайды? Кітап дүкендеріндегі сатылым көрсеткіштеріне қарағанда, біздің елдегі жағдай да жоғарыдағыдай. Бүгінгі күні оқырмандар арасында биографиялық шығармаларға, психология, мотивациялық еңбектерге, сентиментальды махаббат романдарына деген сұраныс артып тұр. Өкінішке қарай, оқырмандардың басым бөлігі шетел әдебиетін таңдайды. Неге? Өйткені қазақ тілді туындыларды дүкен сөрелерінен әзер табасыз. Оның үстіне, бүгінгі оқырман ел арасында есімі жиі аталатын авторларды бірінші орынға қояды. Бұл ретте қазіргі заман прозасын жазып жүрген авторлардың бәсі басым. Тағы бір айта кететін жайт, бұрындары қазақ оқырмандары бизнес тақырыбына аса назар аудара қоймайтын. Кітап дүкендерінде де кәсіпкерлік, іскерлік, бизнес жайлы қазақша кітаптар табу да өте қиын еді. Алайда соңғы бірнеше жылда бұл олқылықтың орны тола бастағандай. Әрине, оқырман іскерлік тақырыбындағы қазақша кітаптардың бәріне жоғары баға бере қоймас, бірақ қазір жұртқа бизнес бастауды үйретуге тырысып жүрген кәсіпкерлер мен мотиваторлар баршылық.

Бүгінгі оқырманның талғамы қандай?

«Қазір кітап оқитындар аз», «Жастар кітап оқымайды» деген пікірлерді жиі құлағымыз шалып жатады. Бірақ бұл пікірмен толықтай келісуге болмас. Себебі бүгінгі күні кітапты таңдап, таразылап оқитын сауатты оқырмандар легі қалыптасып келеді. Сол оқырмандардың бірнешеуіне сауал қойған едік. 1. Оқитын кітабыңызды қалай таңдап аласыз? 2. Кітап оқуда ұстанатын қандай да бір қағидаңыз бар ма? Мөлдір МЕҢЛІБЕКОВА: 1.Ең алдымен, классикалық әдебиет оқуға тырысамын. Бұл – бұрыннан қалыптасқан әдетім. Заманауи психологиялық «бестселлер» кітаптарға күмәнмен қараймын. Сондықтан ондай туындылардың жарнамасы жер жарып жатса да, назар аудара қоймаймын. 2.Қатып қалған қағидам жоқ. Бірақ электронды кітаптарды онша оқи алмаймын. Кәдімгі қағаз парақтап отырып оқыған ұнайды. Қолыма алған кітапты сызбауға тырысамын. Кейде балаларым сызып қойып, осы қағидамды бұзып жүр. Шолпан НИЗАНОВА: 1.Белгілі бір жанрдағы кітаптарды ғана оқимын деп айта алмаймын. Өзімнің оқуым тиіс кітаптардың тізімін жасап аламын. Сондай-ақ, кей кітаптарды өзгелердің кеңесіне сүйеніп оқып шықтым. Жиі аты аталатын кітаптар туралы ғаламторда жазылған пікірлерге қарап та өзіме қажетін таңдап алатын кездер болады. Содан кейін мен үшін қызықсыз кітап болмайды. Әр кітап өзінше қызық, өзінше бір беретін пайдасы бар. Дегенмен психологиялық кітаптарды ұнатпаймын. Соған қарамастан, 3-4 психологиялық туындыны оқып шықтым. 2.Кітап бетін майыстыру, сызу дегенді мүлдем ұнатпаймын. Келген жеріме белгі салып қоямын. Сосын электронды кітап оқығанды көңілім қаламайды. Кітапты парақтап, қағаздың иісін сезініп отырып оқимын.   Қызық деректер: - Адамның миына 45 млн кітап қоры бар Ресей мемлекеттік кітапханасын сыйдыруға болады екен; - Microsoft-тың патшасы Билл Гейтс жыл сайын 50 кітап оқиды; - Атақты француз жазушысы Оноре де Бальзак романның 200 бетін жарты сағатта оқиды екен; - Кітап оқыған кезде адамның екі көзі әртүрлі әріптерге қарап тұрады екен; - Кітап үшін ең көп қаламақы төлеген Марк Аврели есімді Рим императоры; - Атақты кітап ұрлағыш (библиоклептоман) Стивен Блумберг 23 000 құнды кітап ұрлаған; - Адамдардың 95 пайызы кітапты өте баяу оқиды – минутына бар болғаны 180-220 сөз (1 бетті 1,5-2 минутта); - Кітапты дәстүрлі түрде оқуда оны түсіну деңгейі 60 пайызды құраса, жылдам оқуда – 80 пайыз; - Дүниежүзінде көп  таралыммен шыққан Агата Кристидің романдары. Оның 78 кітабы әлем бойынша 44 тілге аударылды, таралымы 2 миллиардқа жуық.  

Серіктес жаңалықтары