Мертігу мен мерт болу

Мертігу мен мерт болу

Мертігу мен мерт болу
ашық дереккөзі
1090
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында адам капиталына ерекше назар аударған болатын. Өйткені  егемен еліміздің алдында тұрған асқаралы мақсат-міндеттер еңбек адамдарының ерен еңбегі, ерік-жігері мен қажыр-қайраты арқылы орындалады. Өкінішке қарай, тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы мен әл-ауқатын көтеру жолында ақ тер-көк тер болып жүрген жандардың жұмыс орнында мертігіп, тіпті мерт болатын оқыс оқиғалар азаяр емес. Жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауы мен лайықты жағдай жасамауы қайғылы жағдайларға әкеледі. Кейбір кәсіпорын иелерінің ең басты көздегені – көл-көсір табыс. Жалдамалы жұмысшыларға еңбекке лайықты жағдай жасаудан бұрын қалта қампайтуға жақын тұрады. Олар үшін еңбек адамдарының амандығы мен денсаулығы – екінші мәселе. Оған көп бас ауырта қоймайды, қаржы қарастырмайды. Түрлі сылтау айтып, бұл мәселені кейінге ысыра береді. Осындай келеңсіз көзқарастың салдарынан өндірісте оқыс оқиғалар орын алады. Мұндай жағдайды азайту үшін не істеген жөн? Қандай іс-шараларды қарастыру керек? Осы бір өзекті мәселені ойдағыдай шешуге Қазақстан Кәсіп­одақтар федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы бірге бел шеше кірісіп, жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Алдымен 2018 жылдың сәуір айында Павлодар қаласындағы электролиз заводының өндірістік алаңында Кәсіподақтар федерациясы мен «Нұр­Отан» партиясы жұмысшылардың мүддесін қорғау мен еңбек қауіпсіздігін бақылау бағытында өзара ынтымақтаса жұмыс істеу үшін Меморандумға қол қойды. Жеті, сегіз ай көлемінде екі ұйым бірқатар іс-шараларды бірлесе жүргізді. Соның бірі – Павлодар облысы, Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» деген тақырыпта өткен еңбекшілер форумы. Мұндай форум кейінгі кезде ұмыт бола бастаған еді. Енді қайта жанданды. Оның да жөні бар. Бұл қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге мемлекеттің айрықша назар аудара бастағанының тағы бір айқын көрінісі. Еңбек адамына әрдайым құрмет көрсетіліп, еселі еңбегі бағалануы тиіс. Мұны Елбасы талай мәрте айтқан болатын. Олардың ерен еңбегінің арқасында ел экономикасы өркендеп, Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылуына жол ашылады. Сондықтан осындай жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген жандардың қауіпсіздігі мен амандығы да ең маңызды мәселелердің бірі болуы тиіс. Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен форумда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев былай деген еді: «Республикалық форумның Ақсу ферроқорытпа зауытында ұйымдастырылуы тегін емес. Жарты ғасырлық тарихы бар, жылына 1 млн тоннадан астам қорытпа шығаратын бұл кәсіпорын – еңбек қауіпсіздігін сақтап, жаңғырту жұмыстарын жүйелі жүргізетін зауыт. Өкінішке қарай, еліміздегі өнеркәсіптің барлығы дерлік осындай деп айта алмаймыз. Әсіресе, мұндай оқыс оқиғалар тау-кен, құрылыс салаларында жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігін арттыруымыз қажет». – «Нұр Отан» партиясы төр­ағасының бірінші орынбасары айтқандай, бұл форумды үлкен өндіріс орындары шоғырланған Павлодар өңірінде өткізуіміздің мәнісі – осындағы кәсіпорындарда еңбек адамдарының жағдайы мен мүддесіне байланысты республиканың басқа аймақтарына таратуға тұрарлық жақсы іс-тәжірибе бар. Соны кеңірек насихаттау керек. Басқа өңірлердегі өндіріс орындарында да дәл осындай еңбекті қорғау мақсатында табанды іс-шара жүргізілетін болса, жұмыс орнында мертіккендер мен мерт болғандар көп азаяр еді, – дейді Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым. 2018 жылдың бірінші желтоқсанына дейінгі мәліметке қарағанда, еңбек жағдайында зардап шеккен адамдар – 1231. Оның ішінде өмірмен қоштасқан 189 адамның 15-і әйел. Адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондықтан бұл мәселені «Нұр Отан» партиясы мен кәсіподақ қатаң қадағалауға алып отыр. «Нұр Отан» партиясы мен Кәсіподақтар федерациясы «2018 жылды еңбек қауіпсіздігін сақтау жылы» деп жариялаған болатын. Биыл бұл жалғасын тапты. Енді Қазақстан Үкіметі де қолдау білдіріп отыр. Екі ұйымның бастамасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылды. Енді 2019 жыл да – еңбек қауіпсіздігі жылы. Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 12849 өндірістік кеңес бар. Ал өндірістік оқыс оқиғалар мен жарақаттар көбірек орын алатын ірі және орта кәсіпорындарда бар-жоғы 1032 кеңес құрылған. Бұл өте аз. Барлық өндірістік кеңестердің 7-ақ пайызы. Жұмысшылардың өмірін сақтап, олардың денсаулығына зиян тимеуін қаласақ, ірі өндіріс орындарында өндірістік кеңестердің қатарын арттыру керек, бірақ бұған барлық кәсіпорындардың басшылары мүдделі емес. Олардың арасында тіпті жұмысшылармен жеке еңбек шартын жасаудан қашқақтайтындар да бар болып шықты. Мұндай жағдайда, жұмысшылардың еңбегін қорғау мен қауіпсіздігі былай тұрсын, олардың заңды құқы мен мүддесі аяқасты болды деген сөз. Жұмыс беруші еңбек адамының тиесілі жалақысын бермей созбалаңға салады немесе қысқартады. Ал жұмысқа тұрғанда төбесі көкке жеткендей қуанған жұмысшы алғашқы сәтте еңбек шартын жасауды ойламайтын да болар. Аз-маз уақыт өткеннен кейін қуанышы су сепкендей басылып, табан ет, маңдай терімен тапқан еңбекақысын ала алмай, жүйкесі тозып, әуре-сарсаңға түседі. Еңбек адамдарының осындай жағдайға тап болуын азайту үшін Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісім-шартын жаса!» акциясын бастаған. Ал, еңбекті қорғау жөніндегі жұмысты жандандыру мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірге «Қазақстан Республикасы Кәсіп­одақтар федерациясындағы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық конкурсын өткізіп, оның қорытындысына орай еліміз бойынша 39 үздік техникалық инспектордың еңбегі бағаланған.  

Ғалым ОМАР-ХАН

АСТАНА

Серіктес жаңалықтары