1530
СУДЬЯ ТӘУЕЛСІЗДІГІ – СОТ ӘДІЛДІГІНІҢ КЕПІЛІ
СУДЬЯ ТӘУЕЛСІЗДІГІ – СОТ ӘДІЛДІГІНІҢ КЕПІЛІ
Биліктің бір тармағы ретінде соттың мемлекет дамуында атқаратын қызметі зор. Демократиялық жолды таңдаған елге тән негізгі белгілердің бірі онда қоғамның барлық саласындағы қарым-қатынастардың заңмен реттелетіндігі. Ал, сол заң аясында реттелген қарым-қатынастар барысында туындайтын құқықтық дау-дамайлардың бәрі тек сот арқылы шешіледі. Бұл да зайырлы, демократиялық дамуды таңдаған мемлекеттің еншісіне тиесілі басты артықшылық.
Аталмыш ауқымды міндетті атқару барысында сотқа түрлі сыртқы ықпал етулер болуы мүмкін. Оған жол берілген жағдайда судьяның әділ шешім шығаруы да екіталай. Осы себепті де Қазақстанда соттардың құзыреті, тәуелсіздігі заңмен, оның ішінде ең әуелі Конституциямен айқындалып, ерекше мәртебе берілген. Басты құжаттың 75-бабының 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Яғни, басқа ешқандай да орган сот секілді мемлекет атынан шешім шығара алмайды. Сондықтан да, осынау мәртебеге қазылар қашан да лайықты болуы керек. Судьялардың дербестігі басқа да заңдармен көзделген және оның бәрі өз кезегінде Конституцияға негізделеді.
Мәселен, ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 22-бабына сүйенсек, «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады». Аталмыш баптың 2-бөлімінде қандай да бір сот қызметіне араласушылыққа тыйым салынған. Олай болған жағдайда жауапкершілік көзделеді. Сондай-ақ, іс қарап, шешім не үкім шығару барысында сотқа бейтараптылық позициясын ұстану міндеті жүктелген. Қылмыстық процестік кодекстің 23-бабы 5-бөлімі бойынша, сот не айыптаушы, не қорғаушы тарап жағында болмайды және қандай да бір мүдделерді көздемейді. Себебі, осының біріне жол берілген жағдайда соттың тәуелсіздігіне, үкімді әділ әрі объективті шығаратынына көпшіліктің күмәні туары сөзіз. Бұл өз кезегінде қоғамның сотқа деген сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес. Ал, оның ар жағында тұтас мемлекетке деген сенім мәселесі тұр.
Елбасының да сот беделі мемлекет беделімен тығыз байланысты екенін үнемі еске салып, сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған тың міндеттер жүктеп отыратыны да сондықтан. Елімізде бұл мақсатта ауқымды реформалар атқарылып та келеді және олар жеміссіз емес. Халықтың қандай да бір құқықтық келіспеушілікті сот арқылы шешкенді құп көретіндігі соның айғағы болса керек.
Өмен Ботагөз
Алатау аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы