Мың құбылған тариф бағасы ретке келе ме?

Мың құбылған тариф бағасы ретке келе ме?

Мың құбылған тариф бағасы ретке келе ме?
ашық дереккөзі
Жаңа жылдан бастап елімізде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді деген ақпарат тарады. Мұны естіген халықтың қуанышында шек болмады. Алайда қаңтар айының соңында коммуналдық төлем туралы түбіртек қолына тиген Алматы қаласының кейбір тұрғындары арзандаған тарифті көрмедік дейді.  Елбасы 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тарифтерді төмендетуге және тариф қалыптастыру ісінің айқындылығын күшейтуге қатысты тапсырма берген еді. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясының, әкімдіктердің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін және журналистерді шақыра отырып, ТКШ саласындағы түйткілді мәселелер бойынша 102 қоғамдық қабылдау өткізілген. Бұл қабылдаулар жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысып, арыз-шағымын жеткізді. Бұдан бөлек, «қауырт желі» телефондары ұйымдастырылған. Келіп түскен өтінімдер мен арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша, сондай-ақ, монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтап, оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 55 монополисті жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Яғни, шара нәтижесінде барлық өңірде коммуналдық қызметтердің, соның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, жылумен және газбен қамту тарифтері төмендетілетінін мәлімдеді. Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, былтыр желтоқсан айының соңында үш өңірде жылу тарифтері төмендетілген. Нақтырақ тоқталсақ, жылу құны Ақмола облысында – 36,8%-ға (үйдің шаршы метрі үшін 116,1-ден 73,4 теңгеге дейін), СҚО-да – 1,1%-ға (114,7-ден 113,4 теңгеге дейін), Семей қаласында (ШҚО) 2,8%-ға (70,1-ден 68,2 теңгеге дейін) арзандапты. Бұған қоса, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, қалған 14 өңірдің тұрғындары осы игілікке қол жеткізеді делінді. Бұл ретте ең аз төмендеу Қарағанды облысында – 2,2%, ал ең жоғарысы Түркістан облысында 15,3%-ға дейін. Нәтижесінде, халықтың жылумен қамту қызметінен үнемдейтін қаржысы шамамен 6 миллиард теңгені құрамақшы. Осылайша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 16 аймақта тұрғындар үшін тарифтер 3%-дан 22,7%-ға дейін төмендейтіні белгілі болған. Елбасының қатаң сынынан кейін газбен жабдықтау саласында да бой бермей кеткен тарифтің беті бері қараған. Ұлттық экономика министрлігі 1 қаңтардан бағаның төмендеу деңгейі 3,3%-дан 17,5% аралығында болатынын мәлім етті. Соның ішінде алматылықтар үшін газ бағасы енді 12%-ға (текше метрі үшін 29,8-ден 26,2 теңгеге дейін), Шымкент қаласы мен Түркістан облысында – 6%-ға (30,7-ден 28,9 теңгеге дейін), Жамбыл облысында 6%-ға (24,3-тен 22,8 теңгеге дейін) арзан болмақ. Сөйтіп, газбен жабдықтау қызметтеріне шығындалатын халық қаражатының шамамен 5 миллиард теңгесі үнемделмек. Алайда «тариф бағасы арзандады» деп сүйіншілесек те, Алматы қаласының іргесінде тұратын елді мекен тұрғындары «мұның бізге түк қатысы жоқ» дегенді айтуда. Мәселен, Іргелі елді мекенінің тұрғыны Оспан Бағдатов: «Біз газды да, жарықты да өзіміз ақша жинап қостық. Қарасай ауданының әкімдігі де, елді мекен әкімі де осы жерге қоныстанған халықта шаруасы болмады. Қазір жарықтың киловатына 30 теңгеден, ал газдың текше метріне 32 теңгеден төлейміз. Жаңа жылдан бастап газ 29 теңгеге арзандайды деген сыбыс бар», – дейді. Бағасы тоқтаусыз басқа шауып, төске өрлеген электрмен жабдықтау қалың бұқараның қалтасын қағып келеді. Өйткені электр энергиясының бөлшек бағаларындағы стансалардың үлесі 60%-ға дейін жетеді. Тіпті, 2015 жылы бекітілген бесжылдық шекті тариф аясында электр энергиясын өңірлер арасында сым желілермен жеткізетін KEGOC АҚ-ның тарифінің де 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12%-ға, яғни 2,4-тен 2,8 теңге/кВт сағатқа дейін қымбаттауы жоспарланған көрінеді. Дегенмен сынға ұшыраған Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті KEGOC АҚ-мен келіссөз жүргізіп, тарифті өсірмей, сол қалпында 2,4 тг/кВт сағат деңгейінде қалдыру туралы уағдаласыпты. Белгілі экономист Рахман Алшановтың айтуынша, тариф бағасын төмендету үшін Прокуратураның нұсқауы бар. «Алматы қаласы бойынша бұл мәселені Қоғамдық кеңесте талқылаймыз. Тіпті, жалған табыстан ақша туып жүргендердің жайы түсінікті. Тариф қаншалықты төмендеді, оны да тексереміз. Кейбір мекеме басында төмендетіп, кейін бағаны өсіреміз деп жүр екен. Сонда Елбасы тапсырмасының орындалғаны қайсы?», – дейді экономист.