1094
Самғау Нәсіпхан: Президентке арнап етік тігіп, ризашылығын алдым
Самғау Нәсіпхан: Президентке арнап етік тігіп, ризашылығын алдым
Бүгінде жұрт реті келсе, ә дегеннен мол табысқа кенелуге құштар. Ал таңның атысынан күннің батысына дейін қаншама күш-жігерін жұмсап, еңбек ететіндердің ләззаты бөлек. Сондай шебердің бірі – Самғау Нәсіпхан. Оның аяқ киім өндіретін шағын цехы бар. Қазір шебердің қолынан шыққан сапалы аяқ киім көптің ықыласын аударып отыр.
– Самғау, өзіңді шебер ретінде біраз жұрт біледі, таниды. Етік тігу қаннан берілген қасиет пе, әлде...
– Қытайда туып-өстім. Кейіннен ес біліп, етек жиғанда атамекенге оралғанды жөн көрдік. 2005 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауылына көшіп келдік. Ел қатарлы жұмыс істедік. Отбасымызда атадан мирас боп келе жатқан ұсталық өнер бар болатын. Әкем тері илеп, етік тігетін. Тіпті, әкемнің нағашылары да бұл өнерден кенде емес. Сондықтан да әуелі қаннан, сосын тәрбие арқылы берілді деуге болатын шығар. Көз ашқаннан бері осы саланың айналасында жүрмін. Уақыт өте келе, өзім де аяқкиім тігуді бастадым. Бірде Өскемен қаласында шарада сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесіп: «Аяқ киім тігетін едім. Құжаттар жағынан толық ақпараттар ала алмаймыз. Соған жеке көмегіңізді сұраймын, көмектесесіз бе?» дедім. Сөйтіп БҰҰ-ның Даму қорынан 1,5 млн теңге бір жылға пайызсыз алып берді. 2011 жылы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен шағын цех аштық. Осылайша отбасыммен бірге жеке бизнесімізді бастап кеткен едік. 2014 жылы Астанаға көшіп, «Арлан» атты жеке кәсіпорын ашып, халықтың тапсырысын орындап жүрмін. Осы атты брендтеп, тауар таңдау белгісін заңдастырып алдық. Астанаға алғаш келгенде қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан өз тарапынан қолдау білдіріп, ағалық қамқорлығын көрсетті.
Кейде осындағы жігіттермен әңгімелесіп қалсаң, «Немен айналысасың?» деп сұрайды. «Аяқ киім тігемін» десем, «Е-е, Қытайдан келдің бе?» дейді. Біртүрлі болып қаламын. Қытайдан келгендердің бәрін тек қана аяқ киім тігеді деп ойлайтын сияқты. Білгенге, Қытайдан келген қандастардың қай-қайсысы да «Мен Отаныма не беремін?!» деген қағидамен өмір сүреді. Және де сол үшін тер төгіп жүр.
– Кез келген киімге ұлттық бояу мен реңк беру дәстүрге айналды. Ою-өрнекті де орнымен қолдану керек деген пікір көп. Білуімше, аяқ киім ұлттық нақышта безендіріледі екен. Ол да оңай шаруа емес шығар...
– Қазір ою-өрнекті киімге әлем-жәлем етіп қолдана беретін болды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, көбінесе сыңар мүйіз, қошқар мүйізді аламыз деп шештік. Бұл идеядан гөрі өткенімізді жаңғырту деп түсінген абзал. Өйткені сән дегеніміздің өзі біраз жылдан соң қайталанып отыратын дүние ғой. Сондықтан өзіміздің ұлттық нақышта аяқкиімдер шығару екі жаққа да тиімді. Біріншіден, қазақы нақыштағы киімдерді кию арқылы өзімізді танытып, айналамыздағы адамдарға дәстүрлі тұрғыдан ықпал ете аламыз. Екіншіден, еліміздегі бизнесті дамытудың жаңа көздері ашылады. Сол арқылы мемлекетке де пайдамыз тиеді, шаруамызды да дөңгелетеміз. Әрине, біз ұлттық нақышта да, классика түрінде де жасаймыз. Ою-өрнекті бүгінгі заманға лайықтап, орналастырамыз. Мәселен, ұлттық оюды қол сөмке, киімдерге қою оңай. Ал етікке бүгінгі заманға лайықтап, орналастыру қиын. Екіншіден, бұрын-соңды аяқ киімге ою салу сирек кездесетіндіктен жұрттың қызығушылығы басым. Сондықтан да нарықтағы сатылым да жақсы.
– Етікті жасау технологиясының өзі үлкен мектеп шығар. Ал шикізатты қайдан аласың?
– Ұстазым әкем осы салада 40 жыл еңбек еткен. Қазір бұрынғыдай саптама етік киетін ешкім жоқ. Ол кісі өз ісінің шебері. Ал шикізатқа келсек, көбінесе сиырдың терісін пайдаланамыз. Біз теріні Семей қаласынан және Жамбыл облысынан алдырамыз. Ал сапалы, өңделген дайын тері Қытай мен Түркиядан келеді.
– Елбасыға арнап етік тікті деп еді. Оны табыс ете алдың ба?
– Иә, ол рас. Оған дейін өнер адамдарына арнайы тапсырыспен ұлттық нақыштағы аяқ киімдер тіккенмін. Мәселен, Бекболат Тілеухан, Төреғали Төреәлі, Досымжан Таңатаров сынды азаматтар менің саптама етіктерімді киіп жүр. Ал Елбасыға етікті арнайы тігіп, Ақордаға өзім апардым. «Қалай қабылдар екен» деген іштей толқыныс болды. Біраз уақыт өткен соң Н.Назарбаевтың өз қолымен жазылған хатын алдым. Ол хатта «іске сәттілік тілеймін» делінген. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Меніңше, ұнаған болуы керек.
– Әрине, еңбектің бағаланғаны қуантады. Ал етік бағасы қарапайым халықтың қалтасын көтере ме?
– Біздің кәсіпті үлкен бизнес деуге келмейтін шығар. Кәдімгі қолөнерден енді ғана бизнеске ауысып келеміз. Бізге қазір тапсырыс жеке адамдар мен шығармашылық ұжымдардан келіп түседі. Оның үстіне бізде көп өнім өндіретіндей әлеуетіміз жоқ. 4-5 адаммен ғана жұмыс істейміз. Өніміміздің бағалары әрқалай, тапсырыс берушінің қалауынша соған лайықты етіп жасап береміз. Халықтан 20-25 мыңның көлемінде тапсырыс түседі. Ал әмияндарды тек тапсырыспен ғана жасап отырмыз. Осы кәсіпті біраз жігіттер үйреніп, өзінің аудан, қалаларында жемісті жұмысын істеп отыр. Біз мұнда аяқ киім, сөмке, белбеуімен қосып жұбымен жасап береміз. Өзіміздің өнімнің белгісі ретінде «Ұлы Дала» деп жазып отырмыз. Орта есеппен айына 15-20 жұп жасаймыз, күнделіктіні есептесек, 100 жұптай істейміз. Қысқасы, нақты қатып қалған баға жоқ. Бағасы аяқ киімнің материалына байланысты. Егер арзан теріден тігілетін болса, бағасы төмендеу. 10 мың теңгеден басталады. Ал тапсырыс беруші қымбат теріден жасалғанын қаласа, 40000-70000 теңгеге дейін барады.
– Астанада өткен ЭСКПО көрмесі кезінде де өніміңді насихаттауға мүмкіндік туды. Өткен аптада ғана Елбасының қатысуымен Жастар жылының ресми ашылуы болды. Мұның бәрі шабыт үстіне шабыт сыйлаған шығар...
– Астана қаласында өткен ЭСКПО-2017 көрмесіне қатысу мәртебесіне ие болдым. Ұлттық өнімді насихаттауға мүмкіндік алдық. Шүкір, бізді біраз жұрт біледі екен. Сондықтан өзіміздің ұлттық нақыштағы киімдерді әлемдік брендке айналдырмақ ойымыз бар. Оның үстіне қазір тек етік тігумен шектелмей, әмияндар, сөмкелер, туфлилер шығара бастадық. Сұраныс көбейсе, әлі де кеңейтеміз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда цехты дамыту үшін инвесторлар қарап отырмыз, егер табылып жатса, біздің Қазақстан бойынша таралуымызға мүмкіншілігіміз де, қабілетіміз де жетеді. Алдағы уақытта бұйымдарымызды инновациялық жоба ретінде ұсынсақ деген ой бар, мемлекеттен қолдау көрсетілсе, үлкен фабрика ашып, кәсібімізді дамытқымыз келеді. Ал Жастар жылында осы арман-мақсатымның орындалуы үшін тер төгемін. Қазір жастарға беріліп жатқан мүмкіндік мол. Елбасының өзі үлкен сенім артып отыр. Біз жаспыз! Ойда – ақыл, бойда – қайрат, жүректе – жігер бар. Ендеше, ештеңеден тайсалмай, тек қана еңбек ету керек.
– Әңгімеңе рахмет! Кәсібің өрге домаласын!
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы