Елбасы «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына барды

Елбасы «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына барды

Елбасы «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына барды
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті Ақкөл қаласына жұмыс сапары аясында «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына барды. Бұл туралы  Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart city – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жөніндегі байқау жобасының қорытындыларымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты. «Менің тарапымнан әрдайым мемлекетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді», – деді Елбасы. Жоба жол және қоғамдық қауіпсіздікті, соның ішінде білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарға бейне бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласына мониторинг жасап, басқару, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді соңғы үлгідегі ақылды құралдармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тіршілігін кешенді қамтамасыз етуге бағытталған. Ахуалдық орталық ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру, қаланы тактикалық және стратегиялық тұрғыдан басқару, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөніндегі шынайы және уақтылы алынған мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Сонымен қатар, аталған жобаны іске асыру барысында энергия тиімділігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу жөніндегі инновациялық тәсілдер енгізілді. Бұл елімізде ақпараттық технологияларды тәжірибеден өткізіп, Smart Сity тұжырымдамасын дамыту үшін Ақкөл қаласының үлгі ретіндегі алғашқы елді мекен болуына септігін тигізді.