Болмысты  бүлдіріп, «Болмасты»  бұзғандар...

Болмысты  бүлдіріп, «Болмасты»  бұзғандар...

Болмысты  бүлдіріп, «Болмасты»  бұзғандар...
ашық дереккөзі
362
Ақ пен қараның айқасы секілді, жақсылық пен жамандық, қайырымдылық пен жауыздық, жомарттық пен сараңдық ықылым заманнан бері тартысып келеді. Адам бойындағы тума қасиеттердің қатарына бертінде «жемқорлық» деген желөкпе қосылды. Қосылып қана қоймай, адам мен қоғамды, тіпті, күллі дүниежүзін «жұтып» барады. Мұның себебі – күнкөріс, қатардан қалмау, түбі дүниеқоңыздық, ал салдары ше? Жер бетіндегі жемқорлық статистикасы жыл өткен сайын артып отыр. Деректерге көз жүгіртсек, тіпті миллион долларға дейін пара алып, оны берушілер бар. Мәселен 2008 жылы Украинадағы бірнеше ресми тұлға 48 миллион АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталды. Кейіннен ол қаржының қайдан келіп, қайда кеткені анықталмағаны себепті іс тоқтап қалған. Қызық жағдай. Жыл сайын жаһандағы жемқорлық статистикасын жасап отыратын «TRANSPARENCY.ORG» сайтында (2017 жыл) 30 балл жинаған Украина жемқорлық аз 180 ел ішінен 130 орынды алды. Ал Қазақстан 31 баллмен аталған тізімде 122-орында тұр. 1 миллиардтан астам халқы бар Қытай Халық Республикасы 41 балл жинап 77 орынды Сербиямен бөліскен. Бұған себеп қытайлықтардың параға қырын қарайтыны болса керек, тіпті заң жүзінде өмір бақи түрмеге тоғытатындардың бірі дәл осы Қытай. Сондай жемқор басшылардың бірі 2010 жылы құрықталды. Белгілі бір қаладағы заң басқармасының басшысы ұйымдасқан қылмыстық топтар мен өз мүлкін мемлекеттен жасырып қалған тұлғаларға «көмектесіп», заңсыздыққа бой ұрған. Ол 1996 жылдан бастап 2009 жылға дейін жалпы көлемі 1,8 миллион АҚШ доллары көлемінде пара алыпты. Осылайша Қытай соты аталған азаматты өмірлік қамаққа алуға үкім етті. Жаңа Зеландия, Дания, Финляндия сынды мемлекеттер парасыз мемлекеттердің көшін бастап жүреді. Болмысты бүлдіріп, болмасты бұзып жүрген миллиондар қайырымдылыққа арналып, жақсылық жолында жаратылса, жер жүзіндегі талай жанның бір үзім нанға аузы тиіп, бөркін аспанға атар еді-ау.

ЖАҚСЫЛЫҚ ҺӘМ ҮМІТ

Жаһандық ақпарат ағынының кей парасы әуелгісінен айнып, «түймедейді түйедей етіп» көрсетуге, жақсылықты жасырып, жамандықты асырып айтуға әуестеніп кеткендей. Халық тарапынан сұраныс солай ма, белгісіз. Әйтеуір соны оқып, көріп, естіп отырған жұрттың қабағы шытылмай қайтсін?! «Қоғам солай екен» деп оған салғырт қарап жүргендер қанша. Бұл ғасыр басталғалы ширек ғасырға таяп қалды. Шынында ақты қара жұтып жіберді ме? Жоқ! Жақсылық та, қайырымдылық та, жомарттық та өз биігінен түспепті. Жуырда әйгілі үнді актері, Болливуд жұлдызы Амитабх Баччан 560 мың АҚШ доллар соммасын сарп етіп, жерлестеріне көмектесті. Нақтылап айтсақ, 1 мың 398 шаруаның қарызын өтеп берді. Уттар Прадеш штатында тұратын шаруалар ұлттық банкке қарыз болған. Бұл Үндістандағы дағдарысқа түскен 10 мыңнан астам шаруаның бір парасы ғана. Ауа-райының қолайсыздығы мен табиғи ресурстардың жетіспеушілігі үндістандық шаруаларды 30 жылдан бері сарсаңға салып келеді. Еңбекшілердің еккені мен сепкені, ниет еткені жыл сайын нәтиже бермей жүр. 1995 жылдан бері қайғының табы меңдеп, қасірет шеккен 300-ге жуық шаруа қайтыс болды. Табаны тозып тән қиналғанына шыдаған шаруаларға, жан ауруы, үмітсіздік бәрінен ауыр соққан. Амитабхтың жомарттығы еңбекшілердің еңсесін тіктеп қана қоймай, ауыл шаруашылығында бағаның тұрақтауына оң әсер еткен. «Жақсыны халық мақтар» демей ме?! Бір жарым миллиардқа жуық халқы бар үндістандықтардың Болливуд жұлдызына құрметі еселенгені сөзсіз. Онымен қоймай шаруалармен кездесіп, тиісті құжаттарын да өз қолымен тапсырды. Қайырымдылық! Әсілі, қайырымды, жомарт жандардың үш түрі болса керек. Біріншісін амал жетелесе, екіншіде жоғарыда аталған Амитабх Баччан секілді қанға біткен тума қасиет көрініс береді. Ал үшінші біреулерге өмір үйретеді. Өмір жоқшылықпен сынап, сіңірі шыққан кедейліктен көл-көсір байлыққа жете алған жандар көп. Жағдайы төмен көпбалалы отбасынан шыққан Филиппин боксшысы, әлемге аты мәлім Мэнни Пакьяо сондай жандардың көшін бастайды. Ол бала күнінде күн көру үшін сәбіз, қызылша сияқты көкөністердің тамырымен, табыла кетсе бананмен тамақтанған. Тумай жатып өмірдің соққысын көп көрген Мэнни отбасын асырау үшін 12 жасынан еңбекке араласқан, жұмыс істеген. Көше бойында тәттілер сатып, бос уақытында бокспен шұғылданған. Спорттағы алғашқы жаттықтырушысы немере ағасы үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Оның айтуынша, Мэнни ешқашан жалқау болмаған. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында сегіз салмақ дәрежесінде әлем біріншілігін жеңіп алып, әлемдегі үздік боксшы атанды. Атақты спортшы бұдан бөлек саясатпен де айналысып, конгрестегі сайлауда жеңіске жетті. Мэнни Пакьяо жекпе-жектен алған алғашқы қомақты жүлдесіне өзі туып-өскен Танго елді мекенінің кедей тұрғындарына бірнеше үй салып берді. Уақыт өте келе үйсіз-күйсіз жүрген мың отбасыға баспана тұрғызды. Әлемге танымал боксшы Мэнни Пакьяо өз елді мекенін «Пакман-вилладж» деп атады. Балалар бос сенделіп, есірткіге әуес болып кетпеуі үшін спорт алаңдарын, қоғамдық саябақ және көпбейінді орталық салдырды. Мэнни Филиппиндегі ең табысты және ең бай адамдардың қатарында. Кедей отбасынан шыққан атақты боксшы ешқашан жетістігімен мақтанған емес. Ол өз ісімен жастарға, жалпы адамзат атаулыға үлгі боларлық қадамға барды. Әлемде жомарттықтың ерекше үлгісін танытқан колумбиялық есірткі экспорттаушы Пабло Эмилио Эскобар. 44 жылдық ғұмырында «ғасыр адамы» атанған Пабло жоқтықтан «тоқтыққа» дейінгі аралықта талай қайырымдылық жасады. Өзі туған ауылға қала салып, кедейлерге тегін үлестіріп берді. 1989 жылы «Форбс» журналы Паблоның байлығын 3 млрд АҚШ долларына бағалап, жер бетіндегі ең бай 10 адамның қатарына қосты. Кей сарапшылар байлықтың шегіне жеткен Пабло мемлекеттік қызметке орналасу үшін осындай амалдарға барды дейді. Және 32 жасында есірткі әлемінің «иесі» Колумбия конгресмені атанды. Оның қандай жолда жүргені әшкере болып, сол күні қызметтен алынды. Осыған ызаланған Эскобар «Колумбия президенті боламын» деп мақсат қойып, жолындағы ешкімді аяған жоқ. Осылайша ол өткен ғасырдағы ең қауіпті «қылмыскер» болып тарихта қалды. Америка мен Колумбия әскери күштері жаппай Эскобарды іздеп жүрген шақта, өз ауылында көше бойында жүріп адамдарға бума-бума ақша таратуын тоқтатпады.

ТОҚШЫЛЫҚ ПЕН ЖОҚШЫЛЫҚ

Қайбір жылы әріптестеріміз Африкадағы Нигер мемлекетіне журналистік сапармен барды. Айтуларынша, Тесава қаласына барған, онда 3 ешкісі бар жанұя ауқатты отбасылар қатарына кіреді екен. 1 ешкісі барлар оның сүтімен көрші көлемге көмектеседі. Қайырымдылық! Өткен жылдың соңында жаһандық БАҚ өкілдері қытайлық Хонд Джиа жайлы жарыса жазды. Ол жыл сайын өтетін жаппай сатылымға ақша жинау үшін «диетаға» отырған. Үш апта бойы тез пісетін кеспемен қоректенген бойжеткеннің ас қорыту жүйесі бұзылып ауруханадан бір-ақ шығады. Сөйтіп 20 күн үнемдеген 150 доллары емделуге жетпей, 50 доллар қалтасынан тағы шығындалған. Жаһан назарын өзіне аудартқан тағы бір жағдай Ауғанстанда болған еді. Балаларына тамақ таппаған әйел 6 жасар қызын шарасыз сатып жіберген. Ол жайында әйелдің өзі: «Ауылды қуаңшылық жайлағаны үшін тастап кеттім. Қалтамда 70 долларым ғана қалды. Басқа балаларым аштан өлмеуі үшін, қызымды сатуға мәжбүр болдым. Менің күйеуімді өлтіріп кеткен. Ал қызымды сатып алған адам 3000 доллар беруге уәде етті», ‒ деп журналистерге сұхбат берген-ді. Акила есімді қыз болса, болашағынан бейхабар. Қызды сатып алған ер адам, Акиланың өзінің он жасар ұлына қалыңдық ретінде сатып алғанын мәлімдеген. Жер бетінде күні бүгінге дейін 1 миллиардқа жуық адам аштық тауқыметін тартуда. Есесіне ғаламдық астықтың 3/1 бөлігі қоқысқа төгіледі. Қарама-қайшылық деген осы-ау. Жыл сайын Еуропаның өзінде 100 млн тонна тағам қалдық есебінде қоқыс орындарын толтырады. Кіл жұлдызды маңдайшасына жапсырған қымбат мейрамханалар мен қонақүйлерде тартылатын тамақ молдығынан ба, тапсырыс берушінің қанағатынан ба толық таусылмайды. Қалған тамақты бірде бір қызметшінің алып кетуіне рұқсат жоқ. Жағдайы төмен отбасыларға да үлестірілмейді. Түгел қоқысқа төгіледі. Бір адам уланып қалса, сертификатымыздан айырыламыз деп қорықса керек. Бұл үрдіс соңғы жылдары біздің ірі қалаларымызға да жетті. Тағы бірнеше жылда тойға барып, сарқыт әкелетін әжелердің қатары күрт кемуі мүмкін. «Форбс» журналының есебінше әлемдегі бай адамдардың санатында 114-орынды Стивен Коэн еншілейді. Оның хоббиі өнер туындыларынан коллекция жинау. Стивен 2012 жылы ұзындығы 4 метрден асатын мұзда қатырылған акуланы 110 миллион долларға сатып алады. Оған қажетті күтім көрсетуді ескермеген Коэн бірнеше аптадан кейін сатып алған туындысын қоқысқа лақтыруға мәжбүр болған-ды. Осы секілді ақылға қонымсыз дүниелерге миллион долларлап ақша жұмсайтын жандардың тізімін жасап, кітап шығаруға болар еді, бірақ... P.S: Тарихтан Абылай ханның «Дүниеде тозбайтұғын нәрсе бола ма, өлмейтұғын жан бола ма?» деген сауалына жауап берген билердің сөзін жоққа шығарып, шешендігімен хан көңілінен шыққан Таймас Жұдас аты мәлім. Шешен сонда қара жердің, асқар таудың, аққан судың, күн мен түннің өлетінін дәлелдеп, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демеуші ме еді?! Парақорлық та тыйылар, байлық та түгесілер, бірақ жақсылық дүние тұрғанша екенін ұмытпайық.

Серіктес жаңалықтары