Риддер қаласында Даңқ обелискісінде Мәңгілік алауға белгісіз біреулердің тауық етін пісіргені анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
M.noks.kz жазуынша, қала тұрғыны Наталья аталған жайтқа наразы болып, әлеуметтік желіде қаланың бейнебақылау жүйесін, әкімдік пен полицияның әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, Мәңгілік от маңы қоқысқа толып, қар да дер кезінде тазаланбай келген.
Азаматтық шағымнан кейін қала билігі тез арада жауап беріп, «Эталон» фирмасы обелиск төңірегіндегі қарды тазалады. Дегенмен, Мәңгілік оттың алтын жұлдызының үстіндегі қалған күл мен кір әлі тазаланбаған. ТКШ бөлімі басшысы Рауан Құрметұлы бұл аймақ толық тазартылады деп уәде берді.
Қалалық полиция вандализм жасаған азаматтарды анықтау бойынша тексеріс басталғанын, олар жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.