МҰРАТҚА ЖЕТУ – МЫҚТЫЛЫҚ

Адам тағдыры қызық. Кейде кішкентай нәрсенің әсері үлкен арманға талпынтатыны бар. Сонау бір қиыр шетте туып-өсіп, алыс мектепке сөмке арқалап барып қайтып жүрген қарапайым ауыл қазағының баласынан болашақта қазақ мәдениетіне, өнеріне үлкен үлес қосар тұлғалы азамат шығарына сене бермейсің. Бірақ адам болжап біле бермейтін өмір ағысында күтпеген тосын нәрселер бола береді.

БАЛА КӨҢІЛГЕ БІТКЕН ҚАНАТ

Атамекеннен алыста, қиырдағы қазақ ауылында 1975 жылы орта мектепті бітірген Ықылас Нұрғалиев атты он сегіз жасар бозбала бала күнгі арманның жетегімен атажұртқа аттанған-ды. Жолы болған ол шырайлы Шымкенттегі музыкалық училищесіне сынақтарын сәтті тапсырып, студент атанды. Бұл – оның өміріндегі үлкен жолдың басы еді.

Әрине, ешбір іс жайдан-жай бола салмайды. Ықыласты өнер әлеміне талпынтқан не еді?

Ол осыдан алпыс жыл бұрын Түркіменстанның Ташауыз облысында дүниеге келді. Әкесі Ақтөбе өңірінде дүниеге келіп, 30-жылдардың аласапыранында түркімен жеріне қоныс аударған-ды. Бірақ кейін Ташауызбен іргелес, қазағы қалың Қарақалпақстанның Шоманай ауданы, Шоманай кеңшарындағы ағайындарының жанына отбасымен көшіп барады. Ықылас сол аудандағы Луначарский атындағы орта мектепте оқыды. Кеңшар директоры Сұлтан Төремұратов Тәшкенде, Мәскеуде өткен түрлі өнер декадаларына қатысқан, өнер жайын бір адамдай білетін кісі. Бірде ол кезекті декададан оралған соң, сондағы өзі көрген жайттарды саралай келе, «басқа жерде ел арасынан қаптап шығып жатқан өнерпаздарға таңдай қағып отыра бергенше, неге біз де сондай өнерпаздарымызды ел алдына шығармаймыз» деген тоқтамға келіп, «Бізде өнерде жүрген азаматтар бар ма?» деп сұрастыра келе, Ташкент консерваториясын бітіріп, сол жерде сабақ беріп жүрген Сүлеймен Сағындықов деген жігіттің барын біледі. Содан директор Ташкенге барып, Сүлейменді іздеп тауып, отбасымен елге алып қайтады. С.Сағындықовқа барлық жағдайды жасап, көркемөнерпаздарды жинап, ансамбль ашуды тапсырады. Сауатты жас маман тез іске кірісіп, ауыл балаларын музыкаға тартып, аз уақытта тәп-тәуір ансамбль құрады. Бұл кезде нағашы әжесінің қолында тәрбиеленіп жатқан Ықылас Сүлейменнің үйімен көрші тұрады. Нағашы әжесінің ықпалымен Ықылас Нұрғалиев те музыка әліппесін Сағындықовтан оқып үйренді. Ұстазы құрған домбырашылар оркестрінің құрамында теледидардан берілетін концерттерге қатысып, өнер көрсете бастады. Негізінен қыздарды музыкаға баулыған Сүлеймен Сағындықов кейіннен «Ақсүңгіл» атты домбырашы қыздар ансамблін құрып, оны республикаға танымал қылған өнер иесі еді. Міне, жас кезінен осындай ортада тәлім алған Ықылас Нұрғалиев музыкаға, оның ішінде қазақтың ән-күйіне жасынан құштар болып өсіп, болашағының да музыкамен байланысты екенін іштей сезетін. Солайша бала көңілге біткен қанат оны Шымкент музыка училищесіне алып келген-ді.

ӨЗГЕШЕ ӨНЕР ЖОЛЫ БАР

Шымкент музыкалық училищесін Құттыбай Тұңғышбаевтың домбыра класында оқып бітірген Ықылас Нұрғалиев білімін одан әрі жетілдіру үшін  1979 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына түсіп, белгілі домбырашы, профессор Айтжан Тоқтағанның класында оқыды. Сонымен бірге профессор Жамағат Темірғалиевтен дәріс алып, оркестр дирижері мамандығын алса, аспаптану бойынша белгілі күйші дирижер, профессор Кенжебек Күмісбековтен білім алды. Осылайша бір мезгілде үш мамандықты қатар оқып, теңдей игерген Ықылас Нұрғалиев 1984 жылы оқуды бітіргесін Шымкентке жолдама алып, әл-Фараби атындағы мәдениет институтына ұстаз болды.

Арада бір жыл өткенде Ықылас Алматыға, ұстазы Жамағат Темірғалиевтің шақыруымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына келді. Ол жерде жаңа ашылған «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне бас-көз болып жүрген ұстазы талантты шәкіртінің осы өнер ұжымында еңбек еткенін қалаған екен. Солайша жас маман «Адырна» ансамблінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет етіп, әрі Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында сабақ бере бастады. Алайда өзгеше бағыттағы ансамбльдің концерттері көп болғандықтан және жиі гастрольге шығатындықтан ол консерваторияны қойып, бірыңғай ансамбльде жұмыс істейтін болды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып 2001 жылға дейін қызмет етті. Сол жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысып, Сүйінбай атындағы облыстық филармония да сол қалаға көшірілетін болды. Отбасылық жағдайымен Ы.Нұрғалиев Алматы қаласында қалуға мәжбүр болды, дегенмен ҚызПУ-да, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте сабақ беріп, жұмысын жалғастырды.

Сол тұста, Ықыластың әріптес досы, бұрын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Сазген» ансамблін басқарған Бағдат Тілегенов аталған өнер ұжымының Алматы қаласында қалған бір тобын жинап, «Сазген сазы» атты фоль­клорлық этнографиялық ансамблін ашты. Алматы қалалық мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» концерттік ұйымының директоры Б.Тілегенов Ы.Нұрғалиевті «Сазген сазына» бас дирижер, Марат Жалбыровты көркемдік жетекші етіп тағайындады. Сөйтіп кейіпкеріміз «Сазген сазында» 2003 жылдан бері ансамбльдің репертуарлық, шеберлік жағынан дамуына еңбек сіңіріп келеді. Сонымен бірге, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық ансамблінде де қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, Ықылас Нұрғалиев музыкаға арналған қырық жылдық ғұмырында кім көрінген тәуекел етіп бара бермейтін мамандық арқылы өнерде өзгеше жолы барын танытқан дарын иесі.

ЖАНАШЫРЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРҒАН ҰЛТТЫҚ АСПАП

Бағы жанып, еңбегі еленсе – адам баласына одан артық құрмет жоқ. Бәйге атын баптаған атбегілер сияқты, жастарға музыканың қыр-сырын үйретіп, тереңіне бойлатып, биігіне ұмтылдырған Ықылас Нұрғалиев те тұлғалы ұстаздың бірі. Аламан жарыстарға қатысып қана қоймай, талай жерде жүлденің үлкенін иеленіп жататын Ықыластың шәкірттері – бір адамның не бір өлкенің мақтанышы емес, қазақтың музыкалық мәдениетін дамытуға зор үлес қосып жатқандар. «Еңбегіне қарай өнбегі десек», дирижер Нұрғалиев басқарған «Ақжелең» этно-фольклорлық ансамблі Республикалық жəне  Халықаралық  байқаулардың  лауреаты атанып жүр, сол секілді «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі де талғампаз тыңдармандардың құрметіне бөленіп, музыка әлемінде аты белгілі өнер ұжымына айналды. Ансамбль мүшелері өзіндік музыка орындау ерекшелігімен шет елдерге гастрольдік сапарларда жетістіктерге жетіп, қазақтың саз өнерінің мәртебесін талай асқақтатты. Оның Швейцария, Югославия, Үндістан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Голландия, Италия, Испания, Қытай, Австрия, Грекия, Франция секілді әлемнің жетекші елдерінде биік дәрежеде өнер көрсетуіне бас дирижер Ықылас Нұрғалиевтің де қажырлы еңбегі сіңді.

Қанша шебер, кәсіби музыканттардан құралса да, оркестрді мықты дирижер басқармаса, оның музыка орындауы ойдағыдай шықпайды. Сонымен бірге оркестрдің репертуарының ерекшелігі, яғни бұрын оркестрде орындалмаған немесе аса сирек орындалып жүрген музыкалардан ерекше репертуар жасау үшін дирижердің біліктілігі үлкен рөл ойнайды. Кейбір мықты дирижерлер оркестрді жетілдіру үшін оркестрге жаңадан аспап қосып, бұрыннан бар аспаптарды жаңғыртып – диапазонын кеңейтіп отырады. Ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің жүрегі болған әлемдік деңгейдегі қазақ дирижері Шамғон Қажығалиев сондай жандардың бірі еді. Ондай биік шығармашылыққа кім көрінгеннің қолы жете бермейтіні анық. Осындай санатқа дирижер Ықылас Нұрғалиевті де ұялмай жатқызар едік. Себебі ұзақ жылдар бойы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде бас дирижер болып келе жатқан Ы.Нұрғалиевтің де ансамбль репертуарына, аспаптық құрылымына енгізген өзіндік жаңалықтары бар. Ол оркестрдегі ұлттық аспаптар қатарына нарқобыз және адырна аспаптарын қосқан. Бүгінде аталған аспаптар «Сазген сазы» ғана емес, сол тектес талай оркестрлердің аспаптары қатарынан берік орын алды. Бұл – өз кезегінде ұлттық музыканың шоқтығын көтеріп жүрген көптеген оркестрлердің музыкалық тембріне өзіндік сазын қосып, түрлендіре түскені анық. Мұның сыртында Ы.Нұрғалиевтің оркестрге арналған көптеген туындылардың партитурасын жасап, өзге оркестрлер орындай қоймаған талай халық күйлері мен әндерін нотаға түсіріп, өңдеп, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің тұрақты репертуарына қосуы да үлкен ізденістің жемісі.

Әркім-ақ өз саласының білікті маманы болғысы келеді, сол жолға бар дарын қуатын арнап, қажыр-қайратын жұмсайды. Оның нәтижелі болуы, әрине, бақыт. Бұл жағынан алғанда, Ықылас Нұрғалиев қазақтың ұлттық музыкалық өнерін дамытуда орны бар тұлға деуге болады. Бұл – мұратқа жету. Ал мұратқа жету – мықтылық.

ІЗГІЛІККЕ ҰЛАСҚАН ІЗДЕНІС

Қазақтың ұлттық өнерінің дамуына жаңаша серпін берген мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков ұлт үшін атқарылар маңызды істерге талантты қазақ жастарын тарта білген, сол арқылы үлкен шаруаларды ойдағыдай атқарып шыққан тұлға екені күллі қазаққа мәлім. Оның бастауымен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер ашылды, ұлттық киім үлгілері жаңғыртылып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз жайында ғылыми еңбектер жазылды. Сондай-ақ ол кісінің археологиялық зерттеулер арқылы анықталған ұлттық музыкалық аспаптарды қайта қалпына келтіру идеясы да өрісті өнеге еді. Міне, сол кісінің ақыл-кеңесіне құлақ қойған аспаптанушы музыканттың бірі Ықылас Нұрғалиевтің нарқобыз бен адырнаны қайта тірілтіп, ұлттық аспаптар қатарына қосқаны Өзбекәлідей ұлы тұлғаның сенімін ақтау еді.

«Өткен ғасырдың 70-жылдары ұлт аспаптарын жаңғыртып, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерді құру арқылы ұлттық өнерді қайта жаңғыртудың басында Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз тұрды. Ол кісінің бастамасымен Торғай облысында «Шертер» ансамблі, Алматыда «Отырар сазы» оркестрі, «Мұрагер», «Адырна», «Сазген», «Алтынай» секілді ансамбльдер ашылып, ұлттық өнердің кең қанат жайған дәуірі басталды. Сондай-ақ, Ықылас атындағы ұлт аспаптары мұражайы ашылды. Қазба жұмыстары кезінде табылған үлгілер негізінде жетіген, үскірік, адырна, т.б. музыкалық аспаптарымыз қалпына келтірілді.

Ол кісі аспаптарды тауып, жасатып қана қоймай, дауысын қайта қалпына келтіріп, оркестрлерге қосуды да қадағалады. Таңертеңгі 9-дан кешкі 18:00-ге дейін мемлекеттік жұмыста отырса да, жұмыс біткесін музыка мамандарын шақырып алып, көне аспаптарды қалпына келтіріп, жетілдіру жөнінде пікірін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын. Бүгінде оркестрлерде қолданылып жүрген талай аспаптар сол кісінің арқасында жасалып, музыкамызға көрік беріп жүр. Ол – туған халқын шексіз құрметтей білудің үлгісі», – дейді Ықылас Нұрғалиев.

Ізденісте шек жоқ қой. Кейінгі жылдары ұлттық музыкамызды электронды аспаптарда ойнау, сол сияқты ұлттық ән-күйлерімізді заманауи рок музыкаға лайықтап өңдеу секілді жаңалықтар өмірге келіп жатыр. Мәселен, дэкко жанрында күй шертетін Асылбек Еңсепов, күйді рок стилінде орындайтын «Ұлытау» тобы, электронды домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқайтын «Алдаспан» тобы, т.б. өнерін жұрт жылы қабылдады. Демек, бұл бағыттағы ізденістер өмірлі деген сөз. «Сазген сазы» ансамблінің бас дирижері Ықылас Нұрғалиевтің бұл туралы пікірін сұрағанымызда ол мұндай жаңалықтарға оң көзбен қарайтынын айтты. Тіпті, өзі басқарып отырған «Сазген сазы» ансамблі ұлттық, классикалық музыкаларды былай қойғанда, заманауи джаз музыкаларды шебер орындайды екен. Оны естігенде алғашында таң қалдық, бірақ ансамбльдің орындауында джазды тыңдап көргенімізде сенбеске шарамыз қалмады. Бұл – ұлттық музыкалық аспаптарымыздың мүмкіндігін ашатын ерекше құбылыс. Сонымен бірге фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерді бүгінгі ұрпаққа тыңдату үшін жасалып отырған музыкалық тапқырлық десе болғандай.

Back to top button