Үздік білім ордасына – 85 жыл

Еліміздегі сапалы білім мен ғылым ордасы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 85 жыл толды. Осыған орай,  университеттің тәрбие ісі жөніндегі департаменті мен Жастар ұйымдары комитеті арнайы флешмоб ұйымдастырды.

ҚазҰУ-дың студенттері мен түлектерінің қатысуымен ұйымдастырылған флешмоб «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының алдында өтті. Университеттің барлық факультеттерінен жиналған 7 мың студент «ҚазҰУ 85» деген жазуды бейнеледі. Белсенді студенттер өз білім ордаларына деген құрметі мен алғысын осылайша білдірді. Флешмобқа ҚазҰУ-дың түлектері де келіп, білім нәрімен сусындаған білім ордасы, қарашаңырақ ҚазҰУ-ды мерейтойымен құттықтады.

Бұл флешмоб 85 жылдық мерейтойы аталып өтетін  ұлттық университеттегі игі іс-шаралардың алғашқысы болып отыр. Кеш концерттік бағдарламамен және би кешімен жалғасын тапты. Талай талантты түлеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі әрі қарай жалғаса бермек.

Айта кетейік, 1934 жылдың 15 қаңтарында Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университет ресми түрде ашылған еді. Сол күні оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталды. Университет құрылған уақыттан бастап, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына аса зор үлес қосып келеді. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды. Өткен жылдың соңында Түркі халықтарының дүниежүзілік конгресі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Түркі әлемінің үздік университеті» атағымен марапаттаған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылы ҚазҰУ ғаламдық «UI Green Metric Ranking of World Universities» рейтингінің зерттеу мәліметтері бойынша әлемнің үздік 200 экологиялық университеттері қатарында 172-орынға тұрақтады.

Back to top button