Әлемге жол тартқан ұлттық әдебиет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қолға алынған еді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы бастама тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерді әлемге танытуды мақсат етеді.

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеxанұлының айтуынша, әлемнің алты тіліне аударылатын әрбір жинақтың таралымы 10 мың данадан болады. Антологиялар алдымен іргелі университеттердің кітапxаналарына тегін таратылады. «Бүгінде БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор бар. Әрбір авторға бір баспа табақ беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл – өте үлкен әрі ауқымды жинақтар. Авторларды Жазушылар одағы іріктеп берген болатын», – деді Р.Кенжеxанұлы.

Былтыр басталған жобаның басты мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін әлемге таныту. БҰҰ-ның алты тіліне аудару арқылы әлем оқырманының назарын қазақ әдебиетіне аудару. Бүгінде шетелдегі бетке ұстар беделді ұйымдар осы жобаға қатысуға ықылас танытып, ортаға қосылды. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижесі көңіл қуантарлық.

Қазақ қаламгерлері шығармаларының өзге тілге аударылуына Жазушылар одағы да ықылас танытып отыр. Әр елден келген аудармашылармен кездескен Одақтың басқарма төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет: «Бұл – өте ұтымды жоба. БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, қазақ әдебиетінің антологиясын әзірлеу – тәуелсіздік жылдарында іске асқан сәтті жобалардың бірі. Бұл Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Қазақ әдебиетін әлемге танытуда аударма мәселесі өзекті. Қазақ қаламгерлерінің озық шығармаларын қазақ оқырманына ғана емес, әлем оқырманына да насихаттауымыз керек. Осы орайда, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы нағыз дер кезінде қолға алынды», – деді.

Кеше Алматыдағы «Достық» қонақүйінде «Жаһанданудағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін еуропа тілдеріне аударып жатқан және Ресей, Испания, Франция, ұлыбританиялық аудармашылармен қазақ қалмагерлерінің кездесуі болды. Олардың арасында испаниялық ғылым докторы, профессор Хоакин Энрике Торкемада Санчес, ресейлік жазушы, журналист, «Литературная газета» басылымының бас редакторы Максим Замшев, ақын аудармашы Владимир Бояринов, франциялық суретші, иллюстратор, ақын, аудармашы Кристина Зейтунян-Белоус, аудармашы Филип Риго, испаниялық аудармашы Александра Шевелева, египетттік аудармашы, Каир университетінің профессоры Ранда Ризк секілді тәжірибелі, кәсіби аудармашылар болды. Сонымен бірге жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақындардан Есенғали Раушанов, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкім, Гүлнар Салықбай, Маралтай Райымбекұлы, жазушылардан Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Жүсіпбек Қорғасбек, Әлия Бөпежанова, Нұрғали Ораз, Дәурен Қуат және киношолушы, қазақ қаламгерлерінің шығармаларының ағылшын тіліне аударылуына көп еңбек сіңіріп жүрген белгілі журналист Әсия Бағдәулетқызы қатысты.

Жиынды Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жүргізіп отырды.

Кездесу барысында алғаш сөз алған Ұлықбек Есдәулет қазақ әдебиетін әлем елдеріне насихаттау мәселесінде мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстар жайында айтып, шетелде шыққан қазақ қаламгерлерінің кітаптары жайында әңгімеледі. Сонымен бірге, биылғы қыркүйекте мемлекеттік дәрежеде Астана қаласында Азия қаламгерлерінің форумы болатынын жеткізді.

Жиында сөз алған аудармашылар қазақ әдебиетінің аударылуы жайында пікірлерін білдірді. Қазақстанда дүниеге келген, бүгінде Мәскеу қаласында тұратын ақын-аудармашы  Владимир Бояринов қазақ ақындарын аудару ісімен соңғы кездерде ғана айналысып жатқанын айта келіп, орыс тіліне өзі тәржімелеген Маралтай Райымбекұлының бір өлеңін оқып берді. Ал Хоакин Торкемада орыс тілі арқылы испан тіліне аударуға машықтанғанын айта келіп, өз аударуында белгілі қазақ ақыны Гүлнар Салықбайдың өлеңін оқыды. Сол сияқты жиынға қатысқан өзге аудармашылар да қазақ әдебиетін насихаттау жолында кездескен қиындықтар жайында айтып, қазақ авторларының шығармашылық ерекшеліктері жөнінде пікір білдірді. Мәселен, Кристина Зейтунян-Белоус – Светқали Нұржан, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүністің өлеңдерін, Филип Риго – Әбіш Кекілбаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Смағұл Елубай, Жұмабай Шаштайұлының шығармаларын аударғаны туралы әңгімелеп, қазақ қаламгерлерінің талантына жақсы баға берді.

Әзірше қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын өзге тілде сөйлетіп жатқан еуропалық аудармашылардың біразы өз тілдеріне орыс тілі арқылы аударып жатыр екен. Аударма үдерісіндегі осы олқылық жайында айтқан Әсия Бағдәулетқызы бұрын орыс тіліне аударылған қазақ ақын-жазушыларының шығармаларының көбі сапа жөнінен талапқа жауап бермейтінін айтып, өзінің Ұлыбританияда оқып жүріп, сол елдің белгілі аудармашыларымен қалай байланыс жасағанын және оларды қазақ әдебиетінің сапалы туындыларын аудару ісіне қалай тартқаны жөнінде әңгімеледі. Сонымен бірге аударылып жатқан шығармалардың өзге тілдегі нұсқаларына аударма бюросы жасалып жатқан редакциялық жұмыстардың жай-күйін баяндады.

Жиында сөз алған белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков өзінің Лондонға барып, пьесаларының тұсаукесеріне қатысқанда ол елден алған әсерін әңгімелей келе, бүгінде шығармалары шет тілдерге аударылып жатқан қазақ қаламгерлері жайында пікір білдірді. «Қазақ әдебиетін шетелге таныту ісінде аударма сапалы, таңдап алынған авторлар талантты болса – елге абырой. Егер керісінше болса, онда қазақ әдебиеті туралы өзге елдердің көзқарасы нашар болады. Сол үшін авторларды сұрыптауда қаталдық керек. Мәселен мен шығармалары аударылып жатқандардың арасында өзім атын бұрын естімеген, шығармашылығы  халыққа танымал емес ақындардың бар екенін байқадым. Үлкен істе олқылық болмауы керек, Жазушылар одағы мен Ұлттық аударма бюросы авторларды сұрыптауда әділ болғаны дұрыс», – деді.

Сондай жиын барысында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов та пікір білдірді. Ол өз сөзінде қазақ халқының мұсылмандықты ежелден ұстанып келе жатқанын, соның әсерімен шығыс ақындарының шығармаларының елімізде оқырманы көп екенін айта келіп, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын араб, парсы тілдерінде сөйлету қажеттілігіне тоқталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ,

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Back to top button