Бейнетпен тапқаның билетке жетпейді

Бейнетпен тапқаның билетке жетпейді

Бейнетпен тапқаның билетке жетпейді
ашық дереккөзі
373
Соңғы жылдары елімізде әуе тасымалы қызметіне жүгінетін жолаушылар саны артып келе жатқаны байқалады. 2018 жылы отандық әуе компаниялары 7,8 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, былтыр транзиттік жолаушылардың саны 40 пайызға өсіпті. Ал отандық әуежайлар 14 млн адамға қызмет көрсетті. Бұл салада жыл сайын ілгерілеушілік болғанымен, қарапайым халықты билет құнының қымбаттығы әлі күнге мазалап келеді.

Туризм һәм қымбат билет

Тағы бір деректерге көз жүгіртсек, ел азаматтарының 90 пайызы әлі ұшаққа мінбеген. Өйткені ұшақ билеттерінің құны қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Мерекелер қарсаңында тасымал құны тіптен шарықтап кетеді. Бағаның қымбаттығын жанар-жағармайдың құнымен байланыстырады. Энергетика министрлігінің ақпараттарына сенсек, жанармай бағасы жақын шет мемлекеттерге қарағанда төмен. Соған қарамастан, біздің елдегі отандық әуе компанияларындағы ұшақ билеттерінің бағасы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, Азиядағы ең арзан саналатын «Air Asia» ұшақтарымен Куала Лумпурдан Балиге дейін 13 мың теңгемен ұшуға болады екен. Ал біздің нарықтағы венгрлік «Visair» компаниясы арқылы жолаушылар Астанадан Будапештке 45 мың теңгемен жете алады. Дәл осы компанияның ұшақтары Будапешттен Италияның Милан қаласына дейін 8200 теңге алады. Ал қазақ­стандық ең арзан саналатын «Bek air» және «Scat» компаниялары арқылы Астанадан Ақтауға билет алу үшін 70-80 мың теңге шығындауға тура келеді. Бүгінде елімізде 53 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде, 20 авиакомпания коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырса, 32-сі авиациялық жұмыстарды атқарады. Көпшілігі керосинді сырттан алдырады екен. Жанармайға кететін шығын, лизинг, әуежайлардың қызмет көрсетуі билет бағасына тікелей әсер етеді. Өйткені әуе компаниялары билет бағасын осының барлығын ескере отырып белгілейді. Ал мемлекет баға саясатына араласа алмайды. Билет бағасының қымбаттығы туристік саланы дамытуға да кедергі болып тұрғанын айта кетейік. Былтыр осы мәселені Үкімет сағатында көтерген депутат Шавхат Өтемісовтің дерегінше, ресейлік туристер үшін Мәскеуден Астанаға жету – 20 мың рубль тұрса, Амстердамнан Мәскеуге билет құны – 12-13 мың рубль. «Қазақстанның ішкі рейстерінің бағасы да өте қымбат, сондықтан қазақстандықтардың көпшілігінің қалтасы көтере алмайды. Мысалы, Астанадан Алматыға бару үшін 20-82 мың теңге қажет. Жиырма мың деп отырғанымыз 2-3 ай бұрын алатын билет және қайтаруға жатпайды. Мұндай жағдайда отбасылық туризмді дамыту мәселесі өте қиын шаруа болып тұр. Облыс арасындағы байланысқа келер болсақ, тиісті рейс маршруттардың жоқтығы немесе олардың санының аз болғаны да туризмді дамытуда үлкен проблема туғызып отыр», – дейді депутат. Біздің елде балалар, зейнеткерлер, мүгедектер мен жастарға жеңілдік қарастыратын жолаушыларды тасымалдау ережелері бекітілген. Олар қазір қолданыста. Дегенмен ұшақ билетінің бағасы жұрт ойлағандай қарқынмен төмендеген жоқ. Энергетика министрлігі ұшақ паркін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуде. Биыл әуе кемелерін толықтай отандық авиаотынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Авиаотын тапшылығы жойыла ма?

Әуе билеттерінің бағасына ең бірінші әсер ететін – жанармай құны. Энергетика министрлігі биыл отандық зауыттар әуе компанияларын авиакеросинмен толық қамтуға қауқарлы екендігін айтып отыр. Бұрын-соңды қажетті жанармайдың тең жартысын сырттан долларға импорттайтын әуе компанияларына енді шағымдануға негіз жоқ. Сәйкесінше, бұл билет бағасына оң әсер етуі керек. Былтыр ғана авиаотынның 40 пайызын Ресейден сатып алған әуе компаниялары биыл тұтастай отандық жағармай тұтынады. Былтыр 393 тонна өндірілсе, биыл ол 695 тоннаға жетпек. 2018 жылы елде авиаотын тұтыну көлемі 613 тоннаны құрады. Осыған қарап, ішкі нарықты отандық зауыттар толық қамтиды деп есептей беруге болады. Үш мұнай өңдеу зауыты да авиаотын шығарады. Ол негізінен әуежайларда сатылады. Мәселен, Алматы әуежайында бір тонна авиакеросин 250 мың теңге. Мұндағылар бұл баға алыс-жақын елдермен салыстырғанда қолжетімді дейді. Алматы әуежайынан шетелдік рейстер ғана емес, отандық «Scat», «Bek air» компаниялары да жанармай сатып алады. Ал «Air Astana» мен «Qazaq air» бөлек сатып алатын көрінеді. Енді мәселенің екінші жағы – бағаға келсек. Елдегі авиакеросин тым қымбат. Тіпті шетелдік авиакомпанияларға үстемеленген бағамен сатылады. Бұл, әрине, билет құнына да әсер етеді. Баға орта еуропалық деңгейден де жоғары. Жалпы, әлемде кез келген тауар сияқты авиаотынның да биржалық бағасы бар. Соған тасу, сақтау және ұшаққа құю қызметтерін қосу керек. Керосинді сақтау мен ұшаққа құю қызметтері әуежайлардың монополиясында. Ұшақтағы билет бағасына керосиннен бөлек, әуежайдың қызмет құны да әсер етеді. Әуежайда алым-салықтың 14 түрі бар. Ішкі рейстерге қатысты екі тарифті бекітуге Азаматтық авиация комитеті тікелей араласады. Былтыр Астана әуежайы ұшып-қону алаңын 30 пайызға, қауіпсіздік қызметін 100 пайызға қымбаттатқан. Алайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астана әуежайының тарифтері халықаралық бағыттағы рейстерге ғана өскенін алға тартуда. Министрліктің мәліметінше, ішкі рейстерге тарифтер соңғы 10 жылдан бері еш өзгермеген. Әуежай алымдары ішкі рейстер бойынша әуе компаниялары шығындарының жалпы құрылымында 11 пайызын құрайды. Ал халықаралық рейстермен есептегенде 16 пайызын құрайды. Әуежайлардың алымдары авиациялық отыннан кейін әуекомпанияларда шығыстың ең ірі екінші көзі болып табылады.

«Fly Arystan» жағдайды реттей ме?

Өткен жылдың қыркүйек айында 2019 жылы Қазақстанда авиабилет құны арзандауы мүмкін екендігі жайында сөз болған. Үкіметтегілер әуе билеттерінің бағасы арзандайтыны жайлы жыл сайын уәде беріп келеді. Нәтижесі әлі көрінген жоқ. Дегенмен жоғарыдағылар бұл уәденің биыл орындалатынына сенімді. Оның үстіне, Мемлекет басшысы әуе тасымалының халыққа қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеріп, бюджеттік компания құруды тапсырған болатын. Негізінен, нарық заңы бойынша бағаның төмендеуіне бәсеке әсер етуі керек. «Fly Arystan» компаниясы осы мақсатта құрылды. Аталмыш компания биылғы жылдың көктемінен бастап жолаушы тасымалдауға кіріседі. «Fly Arystan» елдің бірнеше қаласына ұшады. Бастапқыда тек 4 ұшақпен қызмет көрсетеді. Ал ұшу кестесі мен бағыттар жиілігі келер жылдың наурыз айының басында белгілі болады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, мұндағы билет құны басқалармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен болады. «Мысалға айтсақ, «Air Astana» деректері бойынша «Астана – Алматы» бағытындағы орташа баға – 32-34 мың теңге. Ал жаңа бюджеттік авиакомпанияда билет құны шамамен, 16-18 мың теңге ғана болуға тиіс», – дейді министр. «Fly Arystan» «Easyjet», «Indigo», «Cebu Pacific», «Air Asia» халықаралық лоукостерлерінің үлгісі бойынша арзан қызмет көрсететін болады. Сөйтіп, ішкі рейстерді жасайтын 4 компанияға бесіншісі қосылады. Ол бүгінгі билет бағасына қатысты стереотипті бұзуы тиіс. Қалған компаниялар соған қарап «бой түзейді» дейді жауаптылар. Ал «Fly Arystan» бюджеттік әуе компаниясының басшысы Тим Джордан: «Fly Arystan» – жұртшылыққа қызмет көрсететін әуе компаниясы. Осы жоба арқылы біз Қазақстанда, оның ішінде аймақтарда әуе тасымалдаудың әлеуетін көтеріп, беделін арттырсақ дейміз», – деп отыр. Лоукостерді құруға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Яғни, акционерлердің инвестицияларын, мемлекеттік субсидияларды және сырттан қаражат тартпайды. Билет құны тек орын үшін алынады. Жүк пен тамақтың ақысын бөлек төлеуге мүмкіндік бар. Осының есебінен ішкі рейстердің бағасы екі есе арзандайды. Айта кетейік, мұндай лоукостерлер шет мемлекеттердің көпшілігінде бар. Көптеген шетелде «лоукостер» деп аталатын билет құны арзан әуе компаниялары қызмет көрсетеді. Оларда ас ұсыну, ауыр жүк арту деген секілді қызметтер ақылы. Әйтсе де, қол сөмкесін арқалап, сапарға шығып қайтуға таптырмайды. Әуе қатынасы халықаралық ассоциациясының (IATA) мәліметтері бойынша, 2015 жылы әлемде 3,6 миллиард адам ұшақ тасымалына жүгінген. Соның 1 миллиардқа жуығы осы «лоукостерлерді» таңдаған екен. Америкалық «Southwest» лоукостері әлемдегі ең табысты 10 әуе компаниясының құрамына кіреді. «Ryanair», «ЕasyJet» секілді компаниялар Еуропа әуе нарығының 41 пайызын иемденген. Тіпті, көрші Қырғызстанда да «Air Manas» деп аталатын арзан бағалы лоукостер қызмет көрсетеді.

Билетті қалай тиімді бағаға сатып алуға болады?

Ұшаққа жиі мінетін азаматтар әуе билеттерін тиімді бағаға сатып алудың түрлі жолдары барын біледі. Ең бастысы, билеттерді ертерек сатып алу. Әуе компаниялары да, саяхатшылар да ең алдымен осындай кеңес берері сөзсіз. Өйткені екі ай, тіпті, одан да ертерек алса, оның бағасы едәуір арзан болады. Одан бөлек, аптаның белгілі бір күндері немесе тәуліктің белгілі бір уақытында оны төмендеу бағада алуға мүмкіндік бар. Бірақ сапарыңызды әрқашан бір ай бұрын болжау мүмкін емес. Билеттің құнына апта күндері айтарлықтай өзінің ықпалын тигізеді. Әлем нарығы бойынша әуе компанияларына ұсыныстар сейсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері түседі. Осыған байланысты жұмаға қарай билет таусылып қалады. Өйткені адамдардың көбі демалыс күндерінде сапарларға шығады. Сейсенбі және сәрсенбі күндері адамдардың үйлеріне қайту үшін жексенбілік орындарды брондайды. Себебі дүйсенбі жұмыс аптасы басталады. Отандық сарапшылардың сөзінше, әуе билетін жеңілдікпен сатып алуға аптаның ең қолайлы күні – сейсенбі. Яғни, сейсенбі күні түнгі сағат 12-ден кейін бронь жасалып, сатып алынбаған билет қайта тасымалдаушылардың компьютер жүйесіне бұрынғыдан төмен бағада енгізіледі. Сонымен қатар, ұшқанда бір әуе компаниясын, ал қайтар жолда өзгесін таңдау немесе рейсті ауыстырып отыру арқылы қарастыруға болады. Әуе билеттерін алдын ала сатып алудың тиімділігі мол болғанымен, бұл елдегі билет құнының үнемі қолжетімді болуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан жауапты министрліктегілер авиабилет бағасының қарапайым халық үшін тиімді болуына жағдай жасауы тиіс.

Серіктес жаңалықтары