10 Қаңтар, 13:17 364 0 Ішкі саясат Әсел ӘНУАРБЕК

Күн санап түлеген Түркістан

Түркістан облысы Жібек жолы арқылы алыс-жақын елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі мол Еуразиялық кеңістіктің кіндігінде орналасқан. Содан болар, бұл өңірді дамытуға шет мемлекеттер де қолдау көрсетіп, инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Соның нәтижесінде өңірде шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келеді. Мәселен, өткен жылы 482 млрд теңге қаржы құйылды. Енді тағы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылуда. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын өнеркәсіп саласында соңғы 10 айда 3,7 млрд теңгені құрап, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100 пайызға орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 98,1 пайызға жеткен.

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше жағдай жасалған. Сондай-ақ, 2 млн тұрғыны бар Түркістан өңірі Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан облысқа жатады. Мұндағы ауылшаруашылық саласы аймақтық экономиканың драйверіне айналған деп айтуға болады. Атап айтсақ, жылына 1 млн тонна бақша өнімдері жиналады. Респуликадағы жылыжайлардың 90 пайыз үлесі осы облысқа тиесілі.

Қазір облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында аудандарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жетісай ауданында 2018 жылдың 11 айында 300 млн теңге инвестиция тартылды. Атап айтсақ, «Khansuar invest» ЖШС және «Тұңғатар» өндірістік кооперативтері ауданға шетелдік мақта теретін комбайндар, жер жыртуға арналған техникалар және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын алып келіп, ауданға қосымша 1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Қазіргі таңда тиісті құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ, шетелдік инвесторларына зәйтүн майын шығаратын зауытқа қажетті 20-30 гектар жер учаскесі ұсынылған. Қазір ұсынылған жерлердің топырақ құрамын анықтау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, ауданда баламалы энергия көздерін дамыту арқылы тапшылықты жоюға бағытталған «Компания Кади» ЖШС-ның қуаттылығы 4,8 МВт-тық күн электрстансасы жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, аудандағы сүт өңдеу зауыттарының санын арттыру мақсатында желтоқсан айының соңына дейін Қарақай ауылдық округінен сүтті қайта өңдеу цехы ашылмақ. Аталған жобаның құны 100 мың АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде Жетісай ауданында сүт өңдейтін екі кәсіпорын болады. Оның біріншісі Асықата кентінде бұрыннан жұмыс істеп келеді. Аудандағы «Ақ алтын Береке» ЖШС 2008 жылы құрылған. Кәсіпорын жылына 400 тонна сүт өнімдерін өңдейді. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері негізінен облыс аумағында саудаланады.

Ал Сайрам ауданында 2018 жылдың 10 айында 13,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Облыс көлемінде инвестиция бойынша ауданның үлесі 6,5 пайызды құрайды. Аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша белсенді субъектілердің саны 14665 бірлікке жетіп, өсім 12,8 пайызға тұрақтады. Өңірде 324 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 992 жұмыс орны ашылған. 2018 жылы кәсіпкерлік саласында 85,8 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспарланып, 10 ай көлемінде 93,7 млрд теңге өнім өндірілген. Нәтижесінде жылдық жоспар 109,2 пайызға орындалған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 10 ай көлемінде 5 жобаға 103 млн теңгеге қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлікті қаржы институттары арқылы қаржылай қолдау мақсатында аудан көлеміндегі микрокредиттік ұйымдар арқылы 8 мыңға жуық адамға 4 млрд 367 млн теңге несие берілген.

Өңірдегі инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жұмыс жүргізіп келе жатқан «TURKISTAN INVEST» компаниясы да ауқымды жобаларды қолға алуда. Қазіргі таңда «TURKISTAN INVEST» компаниясында облысқа жалпы құны 507 млрд тенгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, баламалы электр энергиясын өндіру бойынша – 6, ауылшаруашылық саласына қатысты – 5, өңдеу өнеркәсібіне қатысты 8 жоба бар. Өткен жылы 4 кәсіпорынның құрылысы басталды. Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары пайда болуы тиіс. Олардың қатарында жалпы құны 13 240 млн теңгелік «ЭкоПроТех-Астана» ЖШС күн электростанциясы – 20 адамды, құны 95 000 млн теңгені құрайтын «Standard Petroleum & Co» ЖШС мұнай өңдеу зауыты – 1000 адамды жұмыспен қамтымақ.

Сонымен қатар, инвестициялық компания тарапынан әлеуетті инвесторларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында «InvestInTurkistan.org» инвестициялық порталы әзірленген. Ондағы ақпарат ағылшын, француз, қытай, түрік, араб, орыс және қазақ тілдерінде көрсетілген. Бұл порталдың көмегімен инвестор әлемнің кез келген бұрышынан, кез келген уақытта өзіне қажетті өңіріміздегі инвестицияға қатысы бар ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болады.

Ерекше тарихи-архитектуралық және археологиялық ескерткіштері, айрықша табиғаты бар өңірдің бірінші даму бағыты – туризм. Қазірдің өзінде мұнда келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы облысқа 270 мыңнан астам саяхатшы келген. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Инвестиция тартуға қолайлы екінші бағыт ауыл шаруашылығы саласы. Ауа райы жайлы облыстың ауылшаруашылық саласы дамуы жағынан республикада бірінші орынға шыққан. Сондай-ақ, логистикалық және транзиттік әлеуетті көтеру жұмыс кестесінде тұрған үшінші мәселе. Облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетімен таныс шетелдіктер Түркістан өңірінде туризм, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамытуға атсалысуға ниетті.

Соңғы жаңалықтар