Тақтан бас тартқан  император

Тақтан бас тартқан  император

Тақтан бас тартқан  император
ашық дереккөзі
Жапония тарихында соңғы 200 жылда алғаш рет император өз еркімен тақтан бас тартты. Ел императоры Акихито тақтан өз еркімен кетіп, орнын 58 жастағы үлкен ұлы Нарухитоға қалдырмақ. Жапония тарихында бұл ерекше құбылыс болып есептеледі. Себебі Жапониядағы монархиялық заң жүйесі бойынша император өле-өлгенше тақта отыруы керек. Тек қайтыс болғаннан кейін ғана орнына мұрагері отыруы тиіс. Елде соңғы рет 1817 жылы император Коукаку тақты өз қалауымен тастаған болатын. Акихито әкесі Хирохито 1989 жылы көз жұмған соң, 55 жаста таққа отырған еді. Жапонияның 125-императоры болып тағайындалған Акихитоның билік құрған жылдары Хисей (бейбітшілік) дәуіріне тұспа-тұс келіп, жұрт оны бейбітшілік орнатушы император деп атап кеткен. Осылайша тарихта ол император Акихито емес, император Хисей ретінде қалатын болады. Акихито өз еркімен тақтан бас тарту туралы шешімді 2016 жылы жазда қабылдаған. Мұның себебін жасының ұлғайғандығы және денсаулығына күтім қажеттігімен түсіндірген еді. Бұл ісі заңға қайшы келгенімен, Жапония парламенті Акихитоға тақты мұрагеріне жалпы дәстүрді өзгертпей өз еркімен тапсыруына мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдаған. 2017 жылдың желтоқсанында Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің хабарлауы бойынша Жапония императоры Акихито 2019 жылғы сәуірдің 30-ы күні тақтан бас тартып, мұрагеріне жол береді. Император Акихитоның Нарухито және Фумихито есімді екі ұлы және бір қызы бар. Бірақ император отбасында Нарухитодан кейін таққа отыруы тиіс ұл көп күткізіп, араға 41 жыл салып қана келді. 2006 жылдың 6 қыркүйегінде екінші ұлы Фумихито отбасында дүниеге келген немересіне император Хисахито деген есім берді. Бүгінде 13 жастағы Хисахито ағасы мен әкесінен кейін жапон тағына кезекте үшінші орында тұр. Жалпы, жапон императоры өз еліндегі құқы қатты шектелген адам болып саналады. Ол сайлауда дауыс бере алмайды, тіпті, өзінің саяси көзқарасын білдіруге де рұқсаты жоқ. Өзінің жеке мүлкіне ие бола алмайды, монарх пен оның жақын туыстары мемлекеттік бюджеттен бөлінетін, заңмен белгіленген қаражатқа өмір сүреді. Император ақшасының пайдалануы мен жұмсалуын мәртебелінің істерімен айналысатын арнайы министрліктің лауазымды тұлғалары қадағалайды. Тіпті, жұртшылық арасында шенеуніктер император отбасы мүшелерінің ас мәзірі мен киетін киімдеріне дейін басқаратыны туралы қауесет бар. 2005 жылы Акихитоның қызы Саяко әкесі сияқты ежелден келе жатқан заңды бұзып, ақсүйектер қауымына кірмейтін қарапайым дизайнерге тұрмысқа шығып, некеден кейін императорлық отбасының мүшесі дейтін мәртебесін жоғалтты. Айта кетейік, император Акихито да өзіне жар таңдағанда ақсүйектік ортадан емес, бірақ ауқатты отбасының қызын өмірлік серігі етіп алған. Парламент ол жолы да Акихитоның таңдауын қолдаған. Жапония императоры – мемлекет басшысының функцияларын орындаушы және жапон халқының бірлігі мен мемлекетінің символы болып табылады. Жапон императорлары британдық монархтарға қарағанда әлдеқайда аз билікке ие. Нақты билік Жапонияның премьер-министріне жүктелген. Ал император атағы ертеден жалғасып келе жатқан ақсүйек тұқымдары арқылы беріліп отырады. Императордың өз еркімен тақтан кетуі неліктен қиын? Себебі жапон елінің Конституциясына сәйкес, император мемлекеттік билікті жүзеге асыруға байланысты өкілеттіктерге ие емес. Акихито ағымдағы саясатқа қатысты толық бейтараптықты сақтайды, бірақ кейде үкіметпен келісіп, Жапонияның әлемдегі жағдайына елеулі әсер ететін мәлімдемелер жасайды. Осылайша, тақтан өз еркімен кетуді шешкен Акихито 2016 жылдың тамыз айында халқына жолдау жасап, онда тақтан уақытынан ерте кететіндігін айтқан болатын. Ал 2017 жылдың 9 маусымында Жапон парламентінің жоғарғы палатасы император Акихитоны ерте босатып, орнына ұлы, мұрагер ханзада Нарухитоны тағайындау туралы арнайы заң жобасын мақұлдады. 2018 жылдың 6 наурызында жапон үкіметі 2019 жылы 30 сәуірде император Акихитодан бас тарту рәсімін ашатын арнайы қаулы қабылдады. Акихитоның арнайы тақтан бас тарту рәсімінен кейін 2019 жылдың 1 мамырында Жапония тарихындағы 126-император Нарухито таққа отырмақ. Өткен жылдың 28 желтоқсанында 85-ке толған император туған күнінде халқымен қоштасып та үлгерген. Тақ патшасы Акихитоның қоштасу сөзін есту үшін Токиодағы император сарайына 80 мыңнан астам адам жиналды. Император өз сөзінде өте риза көңіл күймен қоштасып жатқандығын жеткізген. Себебі оның билік құрған жылдарында Жапония ешкіммен соғыспай, жұрт бейбіт өмір сүрді. Сондай-ақ, қоштасу барысында Акихито 2018 жылы орын алған жер сілкінісі, тайфундар мен күннің қатты ысуы салдарынан зардап шеккен, отбасыларынан айырылған жапондарға көңіл айтты. Табиғаттың айтпай әкелген зардаптары болса да, император осы сөзімен еліне жаны ашитынын көрсетті. Сонымен қатар, жаңа императордың таққа отыру құрметіне елде «Алтын апта» жарияланып, жапон халқы 27 сәуірден 6 мамырға дейін 10 күн демалатын болады. Жалпы, жапон халқы императорын құрмет тұтатын халықтың бірі. Императордың да тақтан өз еркімен кетуіне қарағанда онша-мұнша атаққұмар, таққұмар, малқұмар еместігі көрінеді. Денсаулық жағдайына байланысты және өмірінің қалған бөлігін жанына жақын биология, ихтиология салаларымен айналысу үшін тақтан бас тарту – нағыз өмірсүйгіш жанның тірлігі емес пе?! Жан байлығын толтыру жапон императорларының қанында бар қасиет пе, осыдан бір апта бұрын Акихитоның әкесі, император Хирохитоның (1901-1989 жылдар) өз қолымен жазған өлеңдерінің қолжазбасы табылды. Қолжазбаны монархқа жақын адамдардың бірінен алған «Asahi Shimbun» газеті ол шығарманы халыққа жариялады. Өлең жолдары 29 беттен құралған. Сарапшылар оның 1985-1989 жылдары жазылғандығын мәлім етті. Онда императордың екінші дүниежүзілік соғысқа көзқарасы және естеліктері арқау болған. «Бұл өлеңдер монархтың жеке басының қандай адам болғанын түсінуге ықпал етеді», – дейді жапон ғалымдары.