Астана халқының саны 3 миллионнан асады

Астана халқының саны 3 миллионнан асады

Астана халқының саны 3 миллионнан асады
ашық дереккөзі
Астананы 2035 жылға дейін дамыту жоспары әзірленеді. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қала активімен өткен жылды қорытындылауға арналған жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай елордада халық саны 2 млн адамға дейін өссе, 2050 жылға қарай 3 млн-нан асады деп күтілуде. Осыған байланысты, Астананы жаһандық қала ретінде дамыту бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүзеге асады деп жоспарланып отыр. «Біріншісі - адами даму. Қаланың басты капиталы - тұрғындар. Таланттарды тарту үшін қалалық ортаны барынша тартымды және жайлы ету керек. Ең алдымен, бұл - қолжетімді, сапалы тұрғын үй, қауіпсіз қоғамдық көлік, денсаулық сақтау мен білім берудің жоғары сапасы, қоғамдық қауіпсіздік. Екіншісі - қаланың креативті экономикасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астананың тартымды туристік дестинациясын өзгерте отырып, ақылды және мейірімді қалаға айналуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл - қонақжайлық атмосферасын қалыптастырып, тұрғындар мен туристер үшін қалалық сервисті жақсарту. Астана жаһандық сауда ағындарының хабына, ең ірі тұтыну нарығына және елдің негізгі көлік-логистикалық торабына айналуы тиіс. Тиісінше, бұл қала қазынасына қосымша салық әкеледі», - деді ол. Бақыт Сұлтанов үшінші қалалық жоспарлау мәселесіне тоқталды. «Бұл стратегиялық қалалық жоспарлаудың жаңа форматына көшуді білдіреді. Ол үшін біз 2035 жылға дейін Астананы дамыту жоспарын әзірлейміз», - деп атап өтті Б.Сұлтанов.