219
Қазақстанда «Сарқыт» республикалық акциясы басталды
Қазақстанда «Сарқыт» республикалық акциясы басталды
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық қайырымдылық шарасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордадағы Достық үйінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған «Қайырымдылық керуені» шарасы аясында «Сарқыт» республикалық акциясы басталды.
Шарада елордалық этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Аналар үйінің» балалары үшін «Тұсаукесер» және «Бесіктой» рәсімдері өткізілді.
«Бүгіннен бастап Қазақстан хақы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» шарасы өз жұмысын бастады. Өткен жылы аталған акция аясында түрлі бағыттағы 8700 іс-шара өтті. Соның нәтижесінде 400 мыңнан астам адамға 2,5 млрд теңгенің қайырымдылық көмегі берілді. Сондай-ақ, жыл бойы аталған шараларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосып жүрген меценаттарға «Жомарт жан» атағын табыс еттік. Бүгін басталған қайырымдылық шарасы еліміздің барлық өңірлерінде өтеді және жыл бойына жалғасады», - деді ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.
Оның айтуынша, бүгінгі шара барысында астаналық көмекке мұқтаж 55 отбасыға тегін азық-түлік үлестіріледі. Одан бөлек, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен флешмоб өтеді.
Қайырымдылық шарасына ҚР Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен қорлар және этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.