760
ХАЙПҚҰМАР ТҮБІНДЕ ТАЙЫП ҚҰЛАР
ХАЙПҚҰМАР ТҮБІНДЕ ТАЙЫП ҚҰЛАР
2017 жылы бір ғана Қазақстанда емес, әлем бойынша «Биткоин» сөзінің танымалдығы күрт өскен-ді. Ал ит жылында өмірімізге «Хайп» түсінігі кеңінен еніп кетті. Дәл осы хайп үшін талай жігітке айып тағылды, қаншама қаракөз қыздарымыз ұяттан тайып, қағынды. Мұның астарында көрсеқызарлықтан бөлек ұлттық идеологияның әлсіреуі жатқан жоқ па? Қайтпек керек?
Жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін жыл жарым артқа шегінелік. Орталық Азия елдеріне 2017 жылы «ХАЙП» сөзі мен ұғымы сәнге ене бастады. «Атың шықпаса, жер өрте» деген баяғы қазақ мәтелімен мазмұндас ерсі, ессіз іс. Сол ессіздік биыл жаппай танымал сөздер көшін бастап, «хит» ұғымының жолын қиып кетті. Әрісі 1920 жылдан бастау алатын бұл түсінікті америкалықтар ойлап шығарса керек. Әйтеуір, жаһан қазірде «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөзді қысқартып «Hipe» деп атап кеткен. Мағынасына үңілсек, «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деп аударылады. Бір ғажабы, қаракөз қазақтың ұл-қыздары биыл хайпқа бізді әбден байытты. Лайықты болса, айтпас та едік. Амал не? Америкалық медиамаман Дуглас Рашкофф «хайптың түпкі мағынасы – тері астындағы ине дегенді білдіреді», – деп жазыпты. Яғни, 1920 жылы Америкадағы жаппай есірткіге тәуелділікті осылай жеткізген. Хайпқа да тәуелділер саны күрт көбейіп келеді. Бірақ оны тәуелділік емес, сән деп түсінеді көбі. Сөйтіп, бірінен бірі асып түсемін дегендер жалаң тілмен ойына келгенді сөйлеп, тіпті жалаңаштануға дейін жетті.
ТҮСІНІКТІҢ ӨЗІ ТҮСІНІКСІЗ
Журналист, блогер Өркен Кенжебек қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумында: «Басты проблема ‒ ненің хайп, ненің хайп емес екендігін ажырата алмау. Ал жалпы өнім, қызмет сапалы, көңілге қонатын болса, хайпке жүгінудің қажеттілігі жоқ. Себебі хайпты көрген, оқыған адамда сол өнім не компанияға деген сенімі ұлғаймайды. Бұл назарды уақытша аударту құбылысы. Өмірі қысқа, қысқасы», ‒ деген еді. Хайп жасаушылардың кәсіби тұрғыда сауатының болмауы, оның астарындағы жайттарды ұғынбауы мамандарды алаңдатады. Саясаттанушы Айдос Сарым «Hype майып қылмасын» дей келе: «Хайптан «кайф» алатындар көбейіп бара жатыр. Мәдениеттанушы Торстейн Вебленнің бүгінгі ақпараттық заман туралы айтқан мынадай бір сөзі бар: «Біз қазір бір қызық уақытқа дөп келдік. Әр адамның 15 минутқа болса да танылуға хақысы бар», ‒ депті.КЕЙ ҚЫЗДАН ҚЫЛЫҚ КЕТТІ
Жуырда VII шақырылымдағы Астана жастар мәслихатының депутаты, модель Динагүл Тасова хайп жасаймын деп, төсін жұқа жібек суматамен «жасырған» көрсетілімдегі суретін жариялаған-ды. Іле-шала өзі қатты құрметтейтін жаннан оңбай таяқ жесе керек. Танымалдық жолында денсаулығын құрбан еткен хайпер дәл осы жәбір көруін де «сәтті хайпқа» айналдырып жіберді. Үсті-басы көгерген жартылай жалаңаш суреттерін желіге жүктеп, «мен таяқ жедім» деп, сүйінші сұрағандай болды. Сурет мәтініне: «Мен оған ризашылығымды білдіремін – ол маған нағыз проблеманың не екенін ұғындырды! Жан жарасымен салыстырғанда тән жарасы ештеңе де емес. Мен бұл жайында үнсіз қалмаймын деп шештім», ‒ деп жазады Тасова. БАҚ өкілдері ортаға араша түскендей айтты, көрсетті, әлеуметтік желі қолданушылары да басқа жұмысын ысырып қойып, осы жайды жаппай талқылады. Сонда мұның кімге пайдасы бар? Бойжеткендер қандай тәлім алды екен? Соңғы уақытта Шырын Наршаева есімді 18 жастағы бойжеткен желі қолданушылар арасында қатты сынға ұшырап үлгерді. Елдің ызасын келтіргені жалаңаштанған суреті емес, қазақ халқының ұлттық нақышы бедерленген алқасын асынып, сырғасын тағынып, білегін білезікпен көмкеріп, басына ал қызыл сәукеле киіп тұрып, кеудесін жабар кездеме таппады. Жалаңаш төсін қолмен жауып тұрғаны болмаса киген киімі жоқ. Шырын отандық телеарналарға да барды, онда барып беттен алып, төске шауып, тағы бір хайп жасап кетті. «Біз еркін елде өмір сүріп жатырмыз, өзімнің қалаған ісіммен айналысуға құқығым бар. Менің өміріме ешкім де араласпасын. Екінші тараптан сұраныс, қызығушылық жоғары, сол үшін мен өз қалағанымды жасай беремін», – депті отандық бағдарламаның біріне берген сұхбатында. Өз парақшасындағы бейнежазбада «мен қазақтың қызымын, әкем де, шешем де қазақ» деп мақтанатынын қайтесіз?! Егер ата-анасы болса қызының бұл әрекетіне неге тоқтау салмайтыны түсініксіз. Желі қолданушылары өз кезегінде Шырынның бұл әрекетіне «Рухани азғыру» деп баға беруде. Тағы бір белсенділер «мектептерде орамал тағуға қарсы шығып, шара қолданғандар, жалаңаштанған жандарға келгенде неге немқұрайлы? Сонда қазақ қыздарын шешіндіру реформасы жүріп жатыр ма?», – деп мұң шағады. Жалаңаштану бүгін шыққан індет емес, түрлі сән агенттіктерінде жүрген қазақ қыздары іш киімдермен жартылай жалаңаш күйде фотосессия да жасады, көрсетілімге де шықты. Бірақ қазіргідей хайп болмаған еді. Еліміздегі «шешінгендер» арасындағы танымалдықты алғаш иеленген Айжан Байзақова есімді бойжеткен болатын. Өзі шешінгенімен қоймай, түнгі клубта шешінгендерге ақшалай сыйлық ұсынып елді шулатқан-ды. Бірақ ол заң алдында өз жазасын өтеді. Түрлі балағат сөздерді айтып жүргенімен, қазақ атын жамылмайтын. Әйтеуір сол Айжан қазір желіде де, өмірде де тәп-тәуір «жұлдыз». «Әләу-ләйлім таусылса, халау-ләйлім тағы бар» дегендей Айжанның аяғы ауыр екен, Айжан ұлды болыпты, Айжан өйтіпті, Айжан бүйтіпті т.с.с құрғақ, түкке пайдасыз ақпараттан көз сүрінеді. Тіпті, отандық сайттарда жарияланатын мемлекеттік маңызы бар шаралар Айжан Байзақова жайындағы ақпараттардың тасасында қалып кететіні рас. Осы жерде кейбір телеарналардың да хайпқа құмарлығы байқалады. «Қазанға жолама, күйесі жұғады» деген тәмсілді ескермейтін кей телеарналар қазан астындағы отқа май құюға әуестеніп барады. Дәстүрлі әнші мен ұста, шеберді эфирге шығаршы десең ақы сұрап, бермесең мұрты қисаятын кей «басшылар», қазаққа шын мәнінде қиянат жасаушыларды ақы төлеп арнаға шақырады. Ақиқаты солай. Сол Айжан Байзақова жұрттан жасырып ұлды болғанын желі қолданушылары жақсы біледі. Баланың әкесі кім екені жайлы Байзақова жақ ашпады. Сенімді адамдардан келіп түскен ақпарға сүйенсек, Айжан бұл жайында айтудан жасқанбайды. Бар болғаны миллиондап теңге төлесе, жіптің бір ұшын ұстатуға даяр екен. Шоу жасауға, тіпті, ең болмағанда шу жасап қалуға талпынатын бір отандық бағдарлама миллион теңге төлеп, Айжанды студияға қонақ еткенін естідік. Ол бала туылмай тұрғанда, жүктіліктің 8-9 айында болған жағдай. Бір қарындасымыздың еркелігі ғой дегенімізбен, Айжанның ессіз еркелігі мың қызға үлгі болып жүргенін ескерусіз қалдырмауымыз керек. Оның инстаграмдағы жеке парақшасына миллионға жуық адам тіркелген. Ол дегеніміз миллион адамға оның өмірі қызықты. Қызғанғанымыз емес, әр жариялаған видеосы тәулік ішінде 500 мың көрілім жинап, суреттеріне 200-300 мың лайк (лүпіл) басылады. 200 мыңнан аса жан Байзақоваға ұқсағысы келеді десек те айып болмас. Тіпті, алдыңғы қатардағы БАҚ-тың өзі мұндай көрсеткішті әрең жинап жүр. Жоғарыда айтып өткен 18 жасар Шырын Наршаева Байзақовадан үлгі алмады деп айта аламыз ба? «Ақмешіт жастары» басылымында Ерхан Ақын: «Хайп ‒ ескексіз қайық. Қайда алып барары белгісіз», ‒ деп орынды айтыпты. Расында да хайптың басы осындай болса, соңы қайда апарар екен?!НАМЫСТЫ ТАБЫС ЖЕҢГЕНІ ҚАЛАЙ?
Қазақта «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал бар. Хайп келгелі табыс үшін, не қар секілді тез еріп кетер танымалдық үшін, кей азаматтар намыс ұғымын шетке ысырып қоюда. Даудың басы сол баяғы әлеуметтік желіден басталатыны белгілі. Дилзат Абдурашитов есімді қазақстандық азамат отандық сайттар мен әлеуметтік желілердегі аудиориясы ауқымды парақшаларда бір-ақ күнде танымалдыққа ие болды. Америкада жүрген қазақ жігіті өзінен 30 жас үлкен америкалық әйелдің қолында тұрып жатқанын айтып, «мақтанып» видео жариялады. Дилзаттың айтуынша Стефани деп таныстырған «келіннің» жасы 50 шамасында. 20-дан жаңа асқан жігіт: «Америкада жұмыс істеу қиын екен, есесіне альфонс болу оңай, жаңа әйел, үйі бар, көлігі бар, жағдайым жақсы. Тек қана мұсылман емес, мұсылман қыламын. Жігіттер, Стефанидің құрбылары бар, 55-58 жаста, бәрі әдемі, жағдайлары жақсы», ‒ деп қазақшалап алаш қоғамына жат қылықты насихаттады кеп. Елге оралған соң шоу қуған телеарналар Дилзатты эфирге шақырып, отқа тағы май құйды. Халық енді ұмыта бергенде Дилзат отандық бір мұнай алыбының қызы деп, Жұлдыз есімді қызды таныстырып, тағы видео жариялады. «Мен енді осының әкесін пайдалануым керек», ‒ дейді сөзінде. Қай сасқаны? Мұндай сорақылықтар әлеуметтік желіден бастау алатындықтан оған ешқандай сүзгі болмай тұр. Ютуб желісінде алғашында діни бағыттағы дүниелерді насихаттап жүріп, кейін «Немене» деп атау алған парақша бар. Таксист рөліндегі жігіт біресе ауылдан келген жан, біресе тәртіп сақшысы, әскерден жаңа келген бала сынды түрлі образға еніп, жолаушы ретінде отырған қазақ қыздарын мазақ етеді, түрлі мәдениетсіз қылықтар танытады, балағаттаудан алдына жан салмайды. Бір сорақысы жігіттің осы видеосын миллиондаған көрермен тамашалайды. Тіпті, келесі саны қашан шығады деп сарыла күтетіндер бар. Хайптың қызып тұрған шағында атаққұмарлардың көбі өз атын шығарып қалуға тырысып жатыр. Олардың бәрін тізіп том кітап жинақтауға да болады. Бірақ керегі қанша?СӘТТІ ШЫҚҚАН ХАЙПТАР
Танымал бір хайпты құрылыс компаниялары сәтті пайдалана алды. Алматылық бір жігіт сүйген қызына үйлену жайлы ұсынысты елден басқаша жеткізді. Қаладағы құрылысы аяқталмаған биік ғимараттың біріне қыздың аты жазылған үлкен баннер іліп, оған: «Мен сені жақсы көремін, менімен отау құруға қалай қарайсың» деген сынды мәтін жаздыртыпты. Онысы әп-сәтте ерекше романтикалық шешім ретінде әлеуметтік желіні шарлап кетті. Еліміздегі ең ірі құрылыс компаниясы қыздың жауабы деп, өздерінің бітіп қалған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына: «Мен де сені жақсы көремін. Егер осы тұрғын үйден үй сатып әперсең, мен өз келісімімді берер едім», ‒ деп жаздырды баннерге. Екі ғашық арасындағы диалог осылайша құрылыс компанияларының арасында өрбіді. Тәп-тәуір хайп. Бірақ белгілі бір уақыт аралығында қалай жарқ етсе, солай сөніп қалды. Сосын хайпты тек танымал болғысы келетіндер емес, танымалдығын арттырғысы келетін жандар да кәдесіне жаратты. Олардың қатарында Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбрахымов, әнші Қайрат Нұртас та бар. Қайрат өзінің туған бауырымен ағылшын тіліндегі ән шырқап желіні бір шулатып алған еді. Ал Шымкент қаласының әкімі болса, әрдайым жастарға жақын екендігін көрсеткісі келіп, заманауи пікір мен түрлі сөздерді айтып жүр. Ешкімге зиянсыз бұл хайптар да қоғамдағы өз бағасын алды. Мұндай хайптардың елге пайда тигізгендері де болды. Алматыға қыс келіп, қар жауған желтоқсан айының басында үлкен Алматы көлінде мұз қатты. Сол мұз үстінде бір бойжеткен коньки теуіп, әуесқой видео түсірген. Онысы табиғаттың әсемдігін танытып, Алматыға деген туристер қызығушылығын арттырды дейді мамандар. P.S: Тақырыпқа тұздық болған «хайп» туралы түрлі ақпар да, пікір де жетерлік. Пышақтың екі жүзі болатыны секілді бірі мақтаса, бірі даттайды. Хайп жантақ секілді тез жанып, қызуы көпке бармайтынын айттық. Ең бастысы, елге, ұлтқа зиянды әрекеттен аулақ болған абзал. Хайп жасап байығаннан не пайда, қазақ атына лайық болмағасын?!