ЕЛ ІШІНДЕ ЕМШІ БАР

ЕЛ ІШІНДЕ ЕМШІ БАР

ЕЛ ІШІНДЕ ЕМШІ БАР
ашық дереккөзі
Бүгінгі дәстүрлі медицина пайда болып, қалыптасып, дамығанша талай сатылардан өтті. Әрбір ғылымның бастауы тәжірибе десек, заманауи медицинаның негізінде халықтық медицина жатқаны талассыз. Әлі күнге дейін халық емшілігінің кейбір түрлері қолданыстан қалмаған. Мәселен, сынықшылық. Кейде жазатайым мертігіп, сүйектері сынған адамдарды хирургиялық отасыз-ақ сынықшылар емдей алады. Оны айтасыз, сүйектері бірнеше жерден сынып, қалпына келтіру қиын жағдайда дәрігерлердің өзі науқас адамды сынықшыларға жібереді. Науқас адамдар әлі күнге неге халық емшілеріне жүгінуге дайын тұрады? Өйткені олардың емдеу шаралары қарапайым болып келеді. Біріншіден, олар ұсынған дәрілер емдік шөптерден жасалады. Ол медициналық дәрі-дәрмектерге қарағанда әлдеқайда зиянсыз. Екіншіден, халық емшілерінен ем алғандар үйде жатып-ақ емделуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, кейбір ауруларды уқалау, қыздыру, т.б. жеңіл жолдармен айықтыра алады. Сондықтан болар, заманауи медицина дәуірлеп тұрған заманның өзінде халық емшілігі өз маңызын жойған жоқ. Кейінгі кезеңде халық емшілеріне арнайы орталықтардан сертификат беріліп, оларға адам емдеуге заңды түрде рұқсат берілетін болды. Бұл – халық емшілігі мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласында да орны барын көрсетсе керек. Бүгінде халық емшілерінің арасында елге танылғандары көп. Соның бірі – Ақтөбе қаласында тұратын Жанарыс Жақсылықұлы. Ел арасында оны Қыдыр ата деген лақап атпен атайды. Мамандығы бойынша сантехник болып істеген Жанарыс Жақсылықұлына келіп емделетіндердің көбі ащы суға салынып, содан құтыла алмай жүргендер. Сонымен бірге бала көтере алмай жүрген әйелдер көп келеді екен. Қай-қайсысына да емшілік көмегін тигізіп жатқан Жанарыс Жақсылықұлының келушілерге қояр талабы да өзгеше. Сондықтан болар, ақтөбелік емші келгендерді өзінің қарапайымдылығымен, сауатты сөйлеуімен баурап, кейде әзіл айтып, көңілдерін көтеріп отырады. Жаңадан емделуге келгендерді ылғи да бейнекамераға жазып алып, емделу барысын, айығуының нәтижесін бақылауды әдетіне айналдырған Жанарыс Жақсылықұлы өзінің емшілік қабілетін солайша дәлелдеп отырады. Мәселен, бірде оған ақтөбелік аяғы ауыр бір келіншек көрінуге келеді. Әйелдің сөзіне қарағанда, оған медицина қызметкерлері ішіндегі баланың өлі екенін айтыпты. Ал емші әлгі әйелді тексере келе, баласының тірі екенін айтқан. Оған сенер-сенбесін білмеген әйел қайта тексеруден өтсе, баласы расымен де тірі болып шыққан. «Адам жақсылыққа сенуі керек, әйтпесе депрессияға түсіп қалуы анық. Мәселен, маған көрінуге келген жүкті әйел медицина қызметкерлерінің сөзіне сеніп, шынымен іштегі нәрестем өлі екен деп сеніп қалса, баласы тумай жатып шетінеп кетер еді», – дейді Жанарыс Жақсылықұлы. Осыдан жеті жыл бұрын алғаш рет «Халықтың сүйіктісі» атты ұлттық жүлде тағайындалған еді. Қоғамдағы белсенді адамдарды анықтап, бірнеше номинация бойынша марапаттау рәсімін жасайтын бұл жүлде халық емшісі Жанарыс Жақсылықұлы Еңсеповке де берілді. Аталмыш жүлдеге «Жетістік пен даму» номинациясы бойынша қол жеткізген Жанарыс емші шын мәнінде елдің ықыласына бөленген, табиғи қабілеті мол шипагер. Орталық Азия елдері мен Ресейден, ішінара Еуропадан келіп, Жанарыс Жақсылықұлының шипалы емінен дертіне дауа тауып жатқан, халық «Қыдыр ата» деп ат берген емшінің былайғы жұртқа жұмбақ қасиеттері де жоқ емес. Бірде алдына науқас қызын ертіп келген әйелге: «Мынау сенің туған қызың емес қой. Қызың перзентханада ауысып кеткен. Сенбесең ДНК сараптамасын жасат. Өзіңнің туған қызыңмен қауышар сәтің де алыс емес» – деген. Расында жиырма жыл бұрын болған оқиғаның сыры солай ашылды. Сөйтсе, жаңа туған екі нәресте перзентхана қызметкерлерінің салақтығынан ауысып кеткен екен. Екі қызды да тексертіп көрсе, расында нағыз ата-аналарымен ДНК-сы сәйкес келіпті. Теледидардан көрсетіліп, бүкіл халыққа белгілі болған бұл оқиға Қыдыр атаның көріпкелдік қабілеті барын әйгіленген. Жалпы, халық емшілеріне деген көзқарас әртүрлі, дегенмен олардың емшілік қабілеттерінің деңгейі де әртүрлі екені белгілі. Жанарыстың кейбір емі тым қызық. Кейде мелотерапиямен (музыка тыңдату арқылы) емдейтін емші бірде алдына келген ресейлік емделуші әйелге «Қазақстанның гимнін жаттап айтып жүрсең, дертіңнен айығасың» деген. Шыбын жанына шипа іздеген әйел емшінің айтқанын бұлжытпай орындап, ауруынан айыққан көрінеді. Сондай-ақ, жол апаты себебінен орынан тұра алмай қалған бір жігіт, емшінің бұйыруымен біраз уақыт музыка тыңдап, аяғына тұрып кеткен. Емшінің өмірбаяны туралы қысқаша айта кетсек, 1962 жылы Қызылорда облысының Сексеуіл стансасында дүниеге келген, белгілі күйші, композитор Жасарал Еңсеповтің туған інісі. Әкесі Жақсылық теміржолшы болған. Анасы Ханшайым он құрсақ көтерген. Жанарыс мектеп бітірген соң теміржол депосында жұмыс істеп, кейін Ақтөбе қаласында теміржолшы болған. Бес баласы бар. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын емшіге келушілер көп. Олардың арасында елге танымал кісілердің бар екенін білгенде таңданып қаласың. Емделуге келген адамдардан дәрігерлік диагнозын сұрайтын Жанарыс емші, әрдайым аурудың себептерін жан-жақты анықтап, аурулардың шынымен қай жері ауыратынына әбден көз жеткізіп барып, емдеуге көшеді. Емделушілер болған жерде азды-көпті қаражат түсетіні белгілі. Міне, осы қаражаттардың көбін ел игілігіне жұмсап, қайырымдылық жасап жүреді. Мысалы, ол туған жері Сексеуіл қаласына 200 орындық балабақшаны өз ақшасына салып берген. Және Ақтөбе қаласына да сондай бір балабақша ашып берді. Қазақ емшісінің табиғи қасиетін ресейліктер ерекше бағалап, 2008 жылы ол туралы «Киелілік міндет» атты деректі фильм түсірген екен. 2010 жылы прфессор Алпысбай Мұсаевтың құрастыруымен «Жандауа немесе емші Еңсепов феномені» деген кітап жарық көрсе, одан соң қаламгер Сәдуақас Есімбайдың құрастыруымен «Дәуір кітап» баспасынан үш тілде «Жандауа – Жанарыс әулие» және «Тағылымға тағзым» атты кітаптар басылып шықты. Сол сияқты 2012 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілінде «Әулие Жанарыс Жақсылықұлының рухани қабілет-күші» атты кітап баспадан шықты. Мұның бәрі Қыдыр ата атанған халық емшісі Жанарыс Жақсылықұлы Еңсеповтің емшілік дарынына деген құрметтің көрінісі болса керек.