Бабалар тарихын жаңғыртқан

Бабалар тарихын жаңғыртқан

Бабалар тарихын жаңғыртқан
ашық дереккөзі
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар әрбір саналы адамның мерейін тасытып, рухтандыратыны сөзсіз. Халқымыздың жаһандық тарихтағы рөлін айқындап берген бұл мақаланы және ондағы аталған жобаларды біз Елбасы межелеген отыз өркениетті елдердің қатарына жеткізетін бірден бір сара жолдың бастауы деп түсінеміз. Өйткені Елбасының «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының аясында қыруар жұмыстар атқарылды. Олардың жарқын айғағының бірі – осы жылдың 30 қарашасында Елбасымыздың кітапханасында тұсаукесері өткен, Халықаралық Түркі академиясында қазақ тіліне аударылып, оқырмандарға жол тартқан Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат тауарих» атты кітабы мен Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты еңбегі. Аталған кітаптар қалың оқырманға әлі жете қойған жоқ, жетсе де, көлемдері өте үлкен болғандықтан, оларды оқып шығуға, ой елегінен өткізуге біраз уақыт керек. Мырзатай Жолдасбеков пен Дархан Қыдырәлінің тұсаукесердің алдында шыққан шағын мақалалары, тұсаукесерде сөйлеген шешендердің қысқа баяндамалары бұл кітаптардың сырларын толық қамти алмайтыны белгілі. Сондықтан бұл кітаптардың түпнұсқасы мен қолжазбасын іздеп тауып, оларды аударып, олардың сапалы және ғылыми талаптарға сай болуын қадағалаған адамдар ретінде, кітаптардағы деректерге сүйене отырып өз ой-тұжырымдарымызбен бөлісуді жөн көрдік. Жеті жүз жыл бұрын парсы тілінде шыққан, кезінде әлем оқымыстылары мойындаған және ортағасырлық энциклопедия ретінде танылған «Жамиғ ат тауарихта» түркілер тарихы туралы аса маңызды мәліметтер мен өте құнды деректер келтірілген. Олардың негізгілері төмендегідей: Мұсылмандар тарихында айтылғандай және Бәни Исраилдың «Тауратында» жазылғандай, Нұх пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) жерді солтүстіктен оңтүстікке қарай үш бөлікке бөлді: бірінші бөлігін – өзінің ұлдарының бірі, қара нәсілділердің атасы болып табылатын Хамға, екінші бөлігін – арабтар мен парсылардың атасы болған Самға, үшінші бөлігін түркілердің атасы болған Яфес (Абулжа хан) атты ұлына еншілеген. Сөйтіп, Яфесті шығысқа аттандырған, ол Алатау мен Қаратаудың қойнауына қоныс тепкен, ол аймақта Инанж аталатын шаhар болған. Абулжа ханның қыстауы Борсық, Қақиян, Қарақұрым деп аталатын аймақтарда болған екен, бұл жерлердің маңайында Талас (Тараз) пен Кәрі-Сайрам қалалары орналасқан. Кәрі-Сайрам – сол кезде қырық қақпасы бар өте көне әрі аса үлкен, бір шетінен екінші шетіне дейін бір күндік жол болатын қала (автордың айтуынша, онда ХIV ғасырда мұсылман түркілері өмір сүрген, ол Қайдуға тиесілі болып, Күнші ұлысына кірген). Абулжа хан аталған өңірлерде өніп-өскен өзінің ұрпақтарын солтүстікке, солтүстік шығысқа, солтүстік батысқа аттандырған. Әлемде өмір сүріп жатқан түркі тектес халықтардың барлығы солардан тарайтыны көрсетілген. Абулжа ханның немересі Оғыз Алла жолын таңдайды, сондықтан халық екіге бөлінеді де, оған қосылмаған бауырлары мен немере ағайындары ұлыс пен әскерге таласып, жеңіліске ұшырайды: өзіне қосылған немере ағалары мен қауымдарға ол «уйғыр» (бірігу-көмек беру дегенді білдіреді), «қаңлы», «қыпшақ», «қарлық», «қалаш», «ағаш ері» (орманда тұратын адам) деген лақап аттарды береді, кейіннен олар сол аттас руларға айналады. Оғыз әуелі Талас пен Сайрамнан Бұхараға дейінгі аймақты иеленеді, содан соң Иран, Тұран, Шам, Мысыр, Рұм, афранж (франк және герман тайпалары) және тағы басқа аймақтарда орналасқан елдердің бәрін бағындырған соң, өзінің ата қонысына қайта оралады. Ата қонысына келген соң алтыннан жасалған аса биік киіз үй тігіп, той берген, тойға тоғыз жүз бие мен тоқсан мың қой сойылған. Оғыздың Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау және Теңіз атты ұлдары болған. Олардың алғы үшеуін Бозоқ, қалғандарын Үшоқ деп атаған. Осы алты ұлынан Оғыз жиырма төрт немере көреді, бұлардың жартысы әскердің оң қанатын, жартысы сол қанатын басқарады. Бұлардың есімдері мен лақап аттары кейіннен олардан тараған тайпалардың аттарына, ұрандарына айналыпты (ұйғыр, қаңлы, қыпшақ, қарлық, қалаш, ағаш ері, жалайыр, сүнит, татар, қабтұрын, меркіт, күрлеуіт, тарғұт, ойрат, барқұт, қоры, тулас, тумат, бұлағашын, керемүшін, ұрасұт, таңлақұт, күстемай, орман ұранқайлар, құрқан, сұқайыт, керейт, шұрқын, түңқайыт, сақият, тубауыт, албат, найман, үңгіт, таңғұт, бекірін, қырғыз). Патшалық пен мал-мүлікке таласпауы үшін олардың әрқайсысына тиесілі мансап (лауазымы), жол, атауы мен лақап аты, белгісі мен таңбасы беріледі және еттің қай бөлігі қай тармақтың сыбағасы болатыны нұсқалады. Сондай-ақ, сол жиырма төрт тармақтың әрбіріне аң немесе жануарды унқуң (құт) етіп бекітеді. Сол заманнан бері рудың унқуңы болған аңның сол рудың адамдары үшін қасиетті екені, олардың әлгі жануардың етін жемейтіні және оған қастық жасамайтыны айтылады. Оғыз бен оның балаларынан, олардың тармақтарынан бастау алған тайпалардан ұзақ уақыт бойы көптеген патша шыққан, сөйтіп, әр дәуірде аттары аталған жиырма төрт тармақтың ішінен құдіретті де дәулетті бір патша пайда болады және оның әулеті ұзақ уақыт патшалықты ұстайды. Сөйтіп, көп жыл бойы патшалық Салур (Көк ханның ұлы) тармағында болады. Мұнан соң патша Аймур (ол да Көк ханның тұқымы) тармағынан болады. Кейіннен өзге тармақтардан да даңқты патшалар шыққан, олар да ұлық әрі аса құдіретті болған. Тұран мен Иран өңірлерінде төрт жүз жылға жуық патшалық еткен және Мысырдың алыс аймақтарынан Қытай шекарасына дейінгі халықтар олардың билігінде болған Селжук әулетінің сұлтандары мен ата-бабалары Қынық (Теңіз ханның ұлы) тармағынан екені көрсетілген. Кітап мазмұнына қарағанда, түркілердің мұғыл қауымының тарихы жаугершілік заманда тірі қалып, қазіргі кезден шамамен екі мың жеті жүз жылдай бұрын Ергене қонға барып тығылған Нукуз бен Қиян атты екі адамнан басталады да, кейін бұлардың есімі екі тайпаның атына айналады. Олардың жан-жағы биік таулар болып келетін аймақта төрт жүз жылдай өніп-өскен ұрпақтары (мұғылдың «дүрлүккин» тармағы: ұраңқай, қоңырат, қоралас, екерес, олқұнұт, қаранұт, күңлеуіт, ұрнауыт, үшін, сұлдыс, елдүркін, баяуыт, гинжит; мұғылдың «нируун»деп аталатын тармағы: қатаған, салжуыт, тайжуыт, сижуыт, үртіген, шинас, нұяқын, ұрыт, маңғыт, дүрбен, барын, барлас, хадаркін, жүрият, бұдат, дұқлат, бисүт, суқан, қиңқият) ол жерге сыймай бара жатқан соң, ақылдасып, темір кені болған жерден темір балқытатын орын тауып, көп мөлшерде ағаштан көмір дайындап, жетпіс бас сиыр мен жылқыны сойып, барлығының терісін сылып, одан ұста көрігін жасап, олардың көмегімен тауды балқытып, сол жерден көп темір өндіріп, жол салып, жазық жерге шығады. Кітапта мұғылдардың нируун тармағынан тарайтын қият деп аталатын рудан шыққан Ұлы қаған Шыңғыс ханның өмірбаяны, шежіресі, оның патшалық құрған ата-бабаларының, даңқты ұлдары мен ұрпақтарының және батырларының тарихы, жорықтары, нақыл сөздері мен өсиеттері, бүкіл әлемге билік жасаған уақыттарында болған ерекше оқиғалар келтіріледі. Рашид ад-Динге «Жамиғ ат тауарихты» жазуға тапсырма берген, шашылып, ретсіз жатқан мұғыл тілінде және мұғылша жазумен жазылған жазбалар мен жинақтарды, аңыз бен әңгімелерді тауып, оларды дүниенің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен даналардың көмегімен сараптап, анығын тексеріп, терең зерттеуден өткізіп, аталған кітаптың жазылуына барынша жағдай жасаған әрі оның сапалы, мазмұны шынайы болып шығуын қатаң қадағалаған Шыңғыс ханның бесінші ұрпағы Ғазан ханның осы кезге дейін өміршеңдігін жоғалтпаған қырық хикаясы да осында баяндалған. Осының бәрі Елбасымыздың мақаласында айтылған және айтылмай қалған Ұлы даланың қырларын тайға басқан таңбадай анық және ерте заманнан орта ғасырға дейінгі түркі халықтарына қатысты тарихи деректерді қазіргі Иран мемлекетінің мұрағаттарынан іздеу керектігін көрсетеді. Бекасыл Биболатұлының XIX ғасырдың екінші жартысында шағатай тілінде жазылған «Зикзал» атты кітабы, білімділердің айтуынша, тек қазақ топырағында ғана емес, дүниежүзілік деңгейде өте сирек кездесетін, бүкіл адамзаттың қымбат жауhарларының бірінен саналатын еңбек. Кітаптың негізгі бөлігі «Палнама» (белгілер тылсымы жайлы ілім немесе болжау-жорамал ілімі) деп аталады, онда Әбжад (араб әліппесінің ең алғашқы төрт әрпінің жиынтығы) ілімі жайлы және оған қатысты мәліметтер жазылған. Әбжад сөздерді жасырын шифр (кодировка) түріне келтіруге, сол арқылы сөздердің құпия мағыналарын ашуға мүмкіндік беретіні, кітапта келтірілген барлық тылсым сыры осы ілімге тікелей байланысты екені, әріптердің тылсымдық сипаттамасы, тылсымдық сөздердің мағыналарын тек сол тылсымдарды құрастырған адам ғана білетіні туралы сөз болады (Әріптер мен оған сәйкес келетін цифрлардың құпиясы осы күнгі цифрландырудың арқауы екені баршаға мәлім). «Бұржылар ілімі» туралы бөлімде ата-бабамыз жиі қолданған, бүгінде кез келген адам түсіне бермейтін, әлем кеңістігіндегі 12 бұржының (Тоқты, Торпақ, Егіздер, Теңіз шаяны, Арыстан, Бикеш, Таразы, Шаян, Мерген, Таутеке, Суқұйғыш, Балық) қасиеттері мен олардың аспан кеңістігінде орналасқан орындары мен қозғалысы, олардың адам тағдыр- талайына жасайтын ықпалы мен әсері жайлы жазылған. Тәуліктің жиырма төрт сағатының қай сағатына қай бұржы, қай жұлдыз сәйкес келетінін, әр айдың алғашқы күндері аптаның қай күндеріне келетінін, жылдардың сипаттамасы, әр жылдың қасиеті, оның белгілері мен онда болатын құбылыстардың сыры және олардың адам баласына зияны мен пайдасын сөз етеді. Осы кезеңдерде нені істеуге болатыны мен болмайтыны, апта мен күн-түндердің жақсы-жаман, сәтті-сәтсіз және қолайлы-қолайсыз деп бөлінетіні, кейбір сәтсіздіктер мен сырқаттар жайлы айтылып, оларды емдеу және қайтарық жасау әдістері мен түрлері, емді қалай және қай кезде пайдалану, дәрілерді жасауға қандай шөптерді, аңдар мен жануарларды, құстарды және басқа қандай заттарды қолдану керек екенін жазады. Атқарылатын істерді де, шығатын сапарды да, ұйықтап, дем алатын мезгілді де, тіпті ішетін дәрі-дәрмектің уақытын да бөліп көрсетеді. Қайсыбір адамның талқысы төмендеп, тіршілігінен береке кетсе немесе ісі алға баспай қалса, қандай амал жасау керектігін, кісінің жолын ашу, сауданың жолын ашу, бақыт пен дәулетке жету жолында жасалатын шаралар, шипагерлік туралы, адамның ішкі және сыртқы ағзасында, он екі мүшесінде кездесетін ауру мен дерттер, олардың пайда болу себебі мен жолдары, оны емдеу амалдары, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту, жақсылы-жаманды әрекеттер кезінде жасалатын ырымдар, әйел мен еркекте болатын түрлі ерекшеліктер, қыздардың бағын ашу, еркек адамның қуатын көтерудің жолдары, әйел затының бала көтеруі, баланың денсаулығын жатыр ішінде күту амалдары, ер кісіде болатын белсіздік, әлсіздік, олардың алдын алу мен емдеу жолдары, ерлі-зайыптылардың арасындағы суықтық пен отбасын сақтап қалудың амал-тәсілдері, сәбиді күтіп баптау амалдары, оның шошуының себептері, алдын алу амалдары көрсетіледі. Адамды жылан, шаян және басқа улы жәндіктер шаққанда, уды қайтаратын дұғалар, табиғат құбылысына байланысты қар, жаңбыр жаудыру, бұлт шақырып, жел тұрғызатын дұғалар, оларды дұрыс пайдалана білу жолы баяндалады. «Уағыз-хикаялар» бөлімінде саятшылық жайлы айта келе, Бекасыл әулие жалпы саятшылықтың шарттары мен амалдарын, оны орындаудың дұрыс жолдарын, жылқыны баптау, оның жолын ашу, құсбегілердің құсты баптауы мен аңға салардағы тәсілдерін, құстың жақсы-жаманын білу жолдарын, мергендік пен мылтық ату дәстүрінің кімнен қалғанын, мергеншілікте қандай қасиеттер болатынын, Адам Атадан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) заманына дейін жеті мың жеті жүз жетпістен асқан дана әрі тақуа өткенін, олардың он сегізінің өте әйгілі диқан болғанын, айтқан аманаттары мен насихаттары жайлы, әрбір дақылды егу жолы мен олардың алдында жасалуы тиіс амал-тәсілдер; қасапшылық, тоқымашылық, иіссу жасау және басқа да кәсіптердің сыры, олардың жасалу шарттары мен қағидалары жайлы әңгімеленеді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) екі жауырынының арасындағы пайғамбарлық белгісі туралы, құдіреті күшті Алла Тағаланың Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың нұрын он сегіз мың әлемнің жаратылуынан бұрын жаратқандығы, ол нұрдың кімнен кімге ауысқаны, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға қалай жеткендігі туралы нақты деректер келтіріп, осыған сәйкес туған қасиетті дұғалардың сыры мен қасиетін сөз етеді. «Ғайып ерендер» туралы бөлімде, олардың жер бетінің қай тұстарын бақылап тұратындығы және де басқа да қасиеттері, дәрежелері мен сыр-құпиялары жайлы айтады. 12 мың асыл адам шаhид болған Испинжаб (Сайрам) шаhары туралы, оның жеті қабат аспанды нұрландырып тұратыны, ол жерде істеген амалдардың сауабы көп болатындығы туралы деректі баяндайды. Бекасыл әулие: «Адам – Алланың көркем, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің Жаратушысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берген, сөйлеу қабілетіне ие қылған. Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады», – дегенді уағыздайды. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі қасиеттерді бойына сіңіру, ұлағатты азамат болып шығу. «Адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Алланың алдында үлкен абыройға ие адам қасиетсіз, қадірсіз атануы мүмкін емес. Сондықтан сол дәрежеге лайық болуы үшін кісі өз бойына адами асыл қасиеттерді дарытуы керек», – дей келіп, Бекасыл әулие Аристотель, Платон, Сократ, Ибн Сина, әл-Фараби сияқты философтардың шариғатқа қайшы келмейтін ой тұжырымдарын жіктей отырып, пайдалы тұстарын көрсетіп, Жаратушының құдіретіне мойынұсынуға және құдыретті көріністерін танып-түсінуге бағытталған зертеулер жасап, алынған тың нәтижелері мен қорытындыларын өз еңбегіне кірістіре отырып, Ислам дінін, шариғат заңдарын ұлттық салт-дәстүрмен қиюластыру арқылы, салиқалы өмір салтын қалыптастырудың жолдарын ұсынады. Имани тәрбиенің артықшылығын сөз етіп, оған жетудің жолын жан-жақты саралап береді: Алланы тану ілімі арқылы көп жамандықтардан алыстау; Алланың ризашылығында ата-ананың разылығы барын ұғыну, оларды құрметтеуге үйрену; туысқандық, ағайындық қарым-қатынастың, бауырластықтың қадірін ұғыну; көркем мінездің қалыптасуына әрекет ету; қуанышта шүкіршілік, қиындықта сабырлы болуға үйрену. Бұл – имани тәрбие екенін, оның астарында қазақи таным жатқанын айта келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кейінгі үмбеттерінің қамы үшін Әзірет әліге айтқан өсиетін келтіреді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұларды білу аса маңызды. Өйткені осының бәрі адамзат пен қоғамның игілігіне пайдалануға,жастарды тәрбиелеуге, оның көзін ашып, қазіргі кездегі пайда болған түрлі діни ағымдарға тойтарыс беруге өте қажетті және құнды нәрселер екені сөзсіз. Бұл екі кітапты оқығаннан шығатын қорытындылар мынадай: түркілердің кіндік жұрты Алтай ғана емес, негізінен Алатау мен Қаратау, өйткені түркілердің атасы Абулжа ханның ата қонысы Алатау мен Қаратаудың қойнауындағы Талас пен Сайрамның аралығы болған; қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан түркілер сол жерден тараған; Тәңірлік сенім де алғаш рет сол жерде пайда болған; осы аймақтарда ол заманда өте көне және үлкен қалалар орналасқан; Абулжа ханның ұрпақтарынан әр дәуірде көптеген патшалар шыққан, олардың әулеті осы патшалықты ұзақ уақыт билеген. Әлем билеушісі Ұлы қаған Шыңғыс хан түркілердің Ергене қондағы өсіп-өнген мұғыл атты тармағынан тарайды. (ИПЦ «Дизайн. Информация. Картография» баспасы, 2008 жыл. «Туран на старинных картах», атластың 229-бетіндегі Ф.Л. Гюссфельдің 1786 жылы Нюрнбергте шыққан картасы). Бұл айтылғандар «Қазығұрттың басында кеме қалған, кереметі болмаса неге қалған?!» деген аңыздың дұрыстығын аңғартады. Сол төңіректе Түркібасы, Түркістан, Тәңіртау, Қарақорым, Ханқорған, Мыңбұлақ деген жер, тау атаулары сол заманнан қалған. Арыстан бап, өзге де сансыз баптар, Қожа Ахмет Ясауи сол өңірде өмір сүрген; Хандарымыз, билеріміз бен батырларымыз баяғы сол Түркістанға жерленген; Қаңлы мемлекеті, Батыс Түрік қағанаты, Қарахан мен Қазақ хандығы сол өңірде салтанат құрған. Ата-бабаларымыздың тек қана көшпелі болмағандығын, ерте замандардан бері Кәрі-Сайрам, Тараз, Отырар, Сығанақ, Баласағұн, Шу деген өте көне және үлкен қалаларда да тұрғандығын, өзінің тілі мен жазуы, кітапханаларының болғандығын осы еңбектер дәлелдей түседі. Алтын мен күмістен, темірден түйін түйіп, қару-жарақ, сауыт-сайман, арба, шана, сал, кеме жасағанын, бабаларымыздың аттың құлағында ойнаған жауынгер халық болғандығын аталмыш деректерден көреміз. Ендігі жерде «Жамиғ ат тауарих» пен «Зикзалды» терең зерттеп, ондағы түркілерге қатысты аса құнды деректерден жер, су, адам аттарын қайтадан зерделеп, өткен тарихымызға жаңаша қарап, халқымыздың тарихын қайта жазу – бүгінгі ұрпақтың жауапты міндеті. «Жамиғ ат-тауарихты» жоғарғы оқу орындарында арнайы курс ретінде оқытса жөн болар еді. Сонда «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің тәңірі берген несібі ғой», – деп қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, қайта түлей бастаған Түркістан мен Ұлы даланың көне әрі байтақ тарихы қайта жаңғыратын болады. Рашид ад-Дин «Жамиғат тауарихтың» шығу тарихын егжей-тегжейлі баяндай келіп: «Қандай болған жағдайда да ата-бабаның ізгі есімін қайта тірілту, өткен буындардың істері мен сөздері туралы тарихи естеліктерді қайта жаңғырту – ізгіліктің белгісі, тек бұл жақсылық қөрнекті де ерекше қасиетті ұрпақтардың, әрі мәртебелі мұрагерлердің табанды күш салуларының арқасында, Раббани құптау және Құдайдың көрсеткен илахи көмегімен ғана орындалатын болады» деп жазады. Ғұлама айтқандай,бүгінде Ұлы далада тәуелсіз ел де, байтақ тарихтың мәртебелі мұрагері, елін сүйген ер де бар.  

 Ержан Исақұлов,

 саясат ғылымдарының докторы

Зәріпбай Оразбай,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы