617
Жемқорлыққа жол жоқ
Жемқорлыққа жол жоқ
«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 2016-2017 жылдар ішіндегі ұсыныстарды орындауы туралы» мәселесі қаралды.
Отырысқа Парламент депутаттары, Есеп комитетінің, Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Партия орталық аппаратының қызметкерлері қатысты.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес 2016-2017 жылдары қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік аясын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. 2016-2017 жылдары кеңесте құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мәдениет және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайы қаралды, салықтық және кедендік әкімшілендіру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді.
Сондай-ақ, Алматы облысында инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайының мәселелері зерделенді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасын іске асыру мақсатында жыл сайын орталық және өңірлік деңгейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі Жол картасын орындау бойынша іс-шаралардың жоспары бекітілді.
Осыған байланысты аталған кезеңде Қостанай, Жамбыл және Қызылорда облыстарында бағдарламаны орындау жөніндегі жұмыстың жағдайы зерделеніп, тексерілді. Мәселен, 2016-2017 жылдары отырыстарға материалдарды дайындау үшін жұмыс топтары профильді мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп 11 өңірге сапармен барды. Сапар барысында жергілікті жерлердегі аудандық әкімдіктердің, партия филиалдарының, ішкі істер бөлімдерінің, мемлекеттік кірістер басқармаларының, кеден бекеттерінің, прокуратураның, мектептердің, емханалардың және басқа да мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы зерделенді.
Жалпы алғанда, есепті кезеңде кеңестің 11 отырысы және 2 республикалық семинар-кеңесі өткізілді. Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша, 22 қаулы қабылданып, олардың ішінде берілген ұсыныстардың жалпы санынан 102 ұсыныс мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдарға берілді. 2018 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша 72 ұсыныс орындалды. Жиын соңында орталық мемлекеттік органдар мен партиялық ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту бойынша ұсыныстар айтылды.