«Кедергісіз келешек»: Басымдық берілген жоба

«Кедергісіз келешек»: Басымдық берілген жоба

«Кедергісіз келешек»: Басымдық берілген жоба
ашық дереккөзі
586
«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды жалғастыруда. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының Аршалы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды Жаңа жылмен құттықтады. Партияның мұрындық болуымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысқан Мәулен Әшімбаев бүлдіршіндерге сый-сияпаттар тарту етіп, қуаныштарымен бөлісті. Іс-шара «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өткізілді. Мерекелік шараға Аршалы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Балаларды келіп жеткен жаңа жыл мерекесімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай қуанышты сәтте аршалылық жас жеткіншектермен бірге болу үшін Астанадан арнайы келген еді. Сондай-ақ, ол партияның «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың басым бағыттарына назар аударды. «Бүгінде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сапалы білім алуына, олардың жұмыспен қамтылып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына және елімізде кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша көптеген тың идеялар жүзеге асырылып жатыр. Аталған жұмыстар тек орталық деңгейде емес, ауыл-аймақтарда да сәтті іске асырылуда. Біздің бүгінгі мерекелік іс-шарамыз – соның жарқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, жаңа жылда әр отбасының шаттыққа кенелуіне тілектестігін білдірді. «Келер жыл баршаңызға жаңа жеңістер мен жетістіктер алып келсін. Алдағы жылда әр қазақстандық отбасы тек шаттық пен қуанышқа кенеліп, әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жаңа жылда арман-мақсаттарыңызға жетіп, биіктерден көріне беріңіздер», – деді Мәулен Әшімбаев. Іс-шара барысында ертегі кейіпкерлері түрлі қойылымдар қойып, жаңа жылдық кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Өз кезегінде балалар да белсенділік танытып, елордалық меймандар алдында өнерлерін аяп қалмады. Осындай айрықша кештің өткізілгеніне және балаларының нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленгеніне ерекше қуанған ата-аналар «Нұр Отан» партиясына алғыстарын жеткізді. «Жаңа жыл әр бала үшін жыл бойы күтетін мереке. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мұндай іс-шаралардың жөні мүлдем бөлек. Бүгін баламның жүзіне күлкі үйіріліп, ел қатарлы жаңа жылдық шыршаға қатысқаны үшін ерекше қуаныштымын. Осындай игі іс үшін Елбасы партиясына алғысымыз шексіз. Оның үстіне, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының Астанадан арнайы келіп, балаларымызды құттықтауы ата-аналар үшін де үлкен қуаныш болды», – дейді баласын мерекелік іс-шараға алып келген ата-аналардың бірі Нұржамал Қожабекова. Жалпы, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы Елбасының тапсырмасымен 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, соңғы айларда партиялық жаңғыру аясында жоба қайта жанданып, жаңаша қарқынмен іске асырылуда. Төрт жылдың ішінде аталған жоба бойынша 11 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 150 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қамтылған. Атап айтқанда, арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылып, 34,5 мың мүмкіндігі шектеулі қазақстандық жұмысқа орналасты. Мемлекеттік органдармен бірлесіп партия 17 мыңнан астам нысанның әлеуметтік инфрақұрылымын тексеріп, мүгедектер үшін қолайлы орта қалыптастыру жолында жүйелі жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің де мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігі басты назарға алынды. Одан бөлек, тиісті заңнамаларға өзгертулер енгізу, партияның қоғамдық қабылдауларында осы салаға ерекше көңіл бөлу, мүмкіндігі шектеулі ересек азаматтардың және балалардың қатысуымен түрлі іс-шаралар мен спорттық сайыстар ұйымдастыру, нұротандық депутаттардың бұл бағыттағы мәселелерді шешуге белсене қатысуын қамтамасыз ету сияқты көптеген игі істер жүзеге асырылды. Бұдан басқа, «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2019-2021 жылдарға арналған арнайы Тұжырымдама мен Жол картасы дайындалып, құзыретті мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттарда көрсетілген басымдықтар мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырылады.

Серіктес жаңалықтары