3620
«Күнделік.кз» бизнес пе, әлде...
«Күнделік.кз» бизнес пе, әлде...
Бүгінде Қазақстан мектептерінің оқушылары мен ұстаздары «Күнделік.кз» электронды күнделігіне тәуелді. Себебі оларға мұнда күн сайын тұрақты түрде кіру міндеттелген. Тіпті, қазір бұл іске ата-аналар да жұмылдырылған. Егер ата-ана сайтқа белгілі бір уақыт ішінде кірмесе, оқушы «жазаланады».
Білім саласына Ерлан Сағадиев министр болып келгелі жыр болған «Kundelik.kz» сайты биылғы оқу жылында іске қосылған еді. Ең сорақысы, ата-аналарға «Kundelik.kz» сайтын қалай қолдану туралы да түсіндірме жұмыстары жүргізілген жоқ. Іші бос тұр. Сайттан қандай да бір мәлімет алу қиын. Бір қызығы, бұл жобаны енгізбес бұрын оның баламалары ұсынылған жоқ. Алайда министр электронды күнделікке шаң жуытпайды.
Кезінде Білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін атқарған, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов «Kundelik.kz – бұл бизнес» деп кесіп айтты. Жаңа жобаның тиімсіз тұстарын тізіп берген ол ата-аналар тарапынан жағымсыз пікір көп екенін тілге тиек етті. «Тиімділігіне көз жетпесе де соны ұсынады. Ресейде «Дневник.ру» деген бағдарлама болған. Ұстаздарға оны пайдаланғаны үшін қосымша айлық төлейді», – дейді Мұрат Әбенов.
IT саласының маманы, әрі оқушы тәрбиелеп отырған Рымбек Ізғалидің айтуынша, мұндай жобаны жасау аса қиын емес, қымбатқа да шықпайды. Отандық мамандардың қолынан келеді. Ал қазіргі электронды күнделік жобасының рейтингі де төмен дейді. Ол саяси астарын айта алмаса да, техникалық тұрғыда талдау жасап берді.
«Ең қарапайым нәрсе, сіздің бірнеше балаңыз болуы мүмкін. Кейде екі баласы екі мектепте оқитын жағдай болады. Сондай жағдайда әр балаға бөлек аккаунт ашуыңыз керек. Және екеуіне ақшаны бөлек төлеуіңіз керек. Ол ол ма, сайтқа бөлек төлейсіз, қосымшаға бөлек төлейсіз», – дейді ІТ маманы Рымбек Ізғали.
Осылайша, қоғамда мәртебесі пәс мұғалімдерге қосымша тегін жүктеме тауып берген Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев: «Күн сайын күнделікке кіру керек емес. Ата-аналар өздері шешеді. Балалардың бағаларын көру, үй жұмысын, сосын мұғалімдермен ақылдасу деген жағдайда сонда ғана күнделікке кіруге болады», – дейді.
Ал бұл тұрғыда Мұрат Әбенов: «Қандай пайда бар сонда? Түбін қарасақ, бұл бизнес жүйе. Неғұрлым сол жүйеге көп адам кірсе, соншалықты жарнама берушілер көбірек пайда табады. Егер ол бизнес болса, бизнес ретінде жұмыс істесін. Оны бір-бірімізден несін жасырамыз», – дейді.
Шынында да, білім саласы нағыз реформаның алаңына айналды. Оқушы оқушы ретінде бағасын кәдімгі қағаз күнделікке қойғызғанда әсері басқаша болар ма еді?! Демек, оның да дәурені өтті деген сөз. Алайда жаңалыққа жанымыз құмар болса да, жүйесіздікке бой алдырып жатқан жоқпыз ба? Әрине, қала мектептері бір жылда электронды күнделікке уақтылы кіруді меңгерді. Ал кеңжолақты интернетпен толық қамтамасыз етілмеген шалғайдағы елді мекен мектептері ше?