Жыл басынан бері «111» байланыс орталығына 110 мыңнан астам баладан өтініш түсті

/
Жыл басынан бері «111» байланыс орталығына 110 мыңнан астам баладан өтініш түсті
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті

Жыл басынан бері отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтініштер қабылдайтын «111» бірыңғай байланыс орталығына балалардан 110 999 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 108 987 өтініш мектептер мен колледждерде орналастырылған QR-кодтар арқылы, ал 2 012 қоңырау телефон арқылы қабылданған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байланыс орталығының жұмысы барысында 3 499 балаға психологиялық көмек көрсетілді, 1 602 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел қолдау ұйымдастырылды. Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық және кеңес беру сипатында болды.

Ең көп өтініш түскен өңірлердің қатарында Алматы қаласы (9 160), Батыс Қазақстан (7 654) және Түркістан (7 478) облыстары бар. Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау (1 017), Солтүстік Қазақстан (1 738) және Абай (1 765) облыстарында тіркелген.

Мемлекеттік органдардың қатысуын қажет еткен өтініштер орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен, өңірлік уәкілдермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қаралды.

«Өтініштерді талдау барысында балалардың қоңырау шалудан гөрі жазып көмек сұрауды жиі таңдайтыны анықталды. Көпшілігі сөйлесуге ұялады, кейбірі қобалжиды. Ал хабарлама арқылы өз ойын ашық айтып, анонимді түрде көмек алуға мүмкіндік бар. Күн сайын мамандар жүздеген баланың жанайқайын естиді. Бірі – уайымын, бірі – қорқынышын, енді бірі – отбасындағы қиындықтары мен ата-аналар, достар арасындағы түсініспеушіліктерімен бөліседі. Жақында ғана бір оқушы QR-код арқылы хабарлама жазып, көмек сұраған. Мамандар оған бір реттік емес, жүйелі психологиялық қолдау көрсетіп, өзіне деген сенімділігін қайта қалпына келтіруге көмектесті. Әр бала мектепте өзін түсінетін, тыңдай білетін әрі дер кезінде қолдау көрсететін ұстазы бар екенін сезінуі керек. Ал әрбір ересек – ата-ана мен мұғалім – баласына қысқа ғана «111» нөмірі туралы айтып, қажет сәтте қайда жүгінуге болатынын үйреткені маңызды. Өйткені кейде осындай қарапайым ақпарат баланың өмірін өзгертіп, оны үлкен қиындықтан арашалап қалуы мүмкін», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Еске салайық, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» Қазақстан Республикасының Заңы аясында «111» байланыс орталығының функциялары баланың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық тетік ретінде заңнамалық деңгейде бекітілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары