Қыс қаһарына мінді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 2018 жылдың соңғы отырысын өткізді. Әдеттегідей қоғамда күйіп тұрған өзекті мәселелер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталған ол күн тәртібіндегі түйткілдерге назар аудару керектігіне басымдық берді.

Желтоқсанның соңына таман біраз өңірде қыс қаһарына міне бастады. Соған байланысты еліміздің өңірлерінде жылыту құбырлары қалыпты жұмыс істеп тұр ма? Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде қақаған суық кесірінен электр сымдарына алапат ауыртпалық түсуде, тұтынушылардың қуат тұтыну көлемі артқан. Мәселен, 24 желтоқсанда ең жоғарғы электр жүктемесі 14 мың 740 мегаватқа жетіпті. Бұл – жалпы жылыту кезеңіне жоспарланған ең жоғарғы шектің 99 пайызы. Осылайша, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш орын алды. Дегенмен министр төтенше жағдай орын алмағанына, халық электр және жылу энергиясымен толықтай қамтылғанына сендірді. Министр электр стансаларындағы жоспарланған жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын хабарлады. Елімізде 8 энергоблок, 52 қазандық пен 44 турбина, 28,3 мың шақырым электр сымдары және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 500 қазандық жөндеуден өткен. «Электр стансаларының отын қоймаларында 4 миллион тонна көмір және 112 мың тонна мазут жинақталды, бұл бекітілген нормаға сәйкес келеді. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы қазандықтарда көмір қоры 978,8 мың тоннаны, мазут 115,2 мың тоннаны құрап отыр», – деді Қ.Бозымбаев.

Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018-2019 жылдар аралығындағы жылыту маусымы еліміздің барлық өңірінде тұрақты режимде өтіп жатқанын мәлімдей келе, министрлік жылыту маусымының барысына, жылумен жабдықтау, су мен жабдықтау және кәріз желілерінде болған технологиялық ақаулар мен істен шығуларға мониторинг жүргізгенін жеткізді. «Әкімдіктер және ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті біздің министрлікке нысандарда болған технологиялық ақаулар туралы күнделікті негізде ақпарат беріп тұрады. Жылыту маусымы басталғалы бері коммуналдық жүйелерде 24 технологиялық бұзылулар тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз: былтыр 45 бұзылу болған. Осы жылы автономды қазандықтарда – 4 (оның ішінде Ақмола және Алматы облыстарында – бір-бірден, БҚО-да – 2), жылумен жабдықтау желілерінде – 6 (Қарағанды облысында – 2, СҚО-да – 1, Алматы қаласында – 3), сумен жабдықтау және кәріз желілерінде – 14 (Ақмола облысында – 1, ШҚО-да – 5, БҚО-да – 3, Қостанай облысында – 1, Алматы қаласында – 3, Астана қаласында – 1 ақау табылды», – деді Ж.Қасымбек.

Бір айта кетерлігі, былтырғы жылыту маусымында әр өңірде ауа райының күрт сууына шыдамай және басқа да жағдайлар ықпалымен жылумен жабдықтау жүйелері қыс үстінде 11 рет, ал сумен жабдықтау және су бұру жүйелері 34 рет жарылды. Авариялық жағдайлар Алматы қаласында – 6 (жылумен жабдықтау желісінде – 3, сумен жабдықтау және су бұру желісінде – 3), БҚО – 5 (тиісінше 3 және 2); ШҚО – 5 (барлығы сумен жабдықтау және кәріз желісінде). Бұл технологиялық ақаулардың көбі сумен жабдықтау және су тарту желілерінде тіркелген.

Қазақстанда 10 мың 558 автономды қазандық бар. Еліміздегі жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 13 мың 60 шақырымды, олардың орташа тозуы 61 пайызды құрайды. Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 77 мың 954 шақырым, орташа тозу деңгейі – 48 пайыз. Ал кәріз желілерінің ұзындығы 15 мың 626 шақырым, орташа есеппен 61 пайызға тозығы жеткен. Ең бастысы, тұрғындар коммуналдық төлемақыны уақытында төлемейді. Министр Ж.Қасымбек 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналды қызметтер үшін 12 миллиард 995 млн теңге берешегі бар екенін жария етті. Ең көп берешек үш мегаполиске – Шымкент (2 миллиард 618 млн теңге), Астана (2 млрд 455 млн теңге), Алматы (1 миллиард 718 млн теңге) қалаларына тиесілі. Одан кейінгі тізімде Маңғыстау (1 миллиард 581 млн теңге), Қарағанды (852 млн теңге) облысы тұр. Сондай-ақ, жыл басынан 20 желтоқсанға дейінгі аралықта еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5 пайызға немесе 5 млн тоннаға көп. Олардан энергия өндіруші кәсіпорындарға 56,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің (54,4 млн тонна) 103,8 пайызына тең. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа далада сатуға 12,4 млн тонна көмір босатылды. Бұл да өткен жылдағыдан (12 млн тонна) 103,3 пайызға жоғары.

Осы мәселенің бәрін ескерген Үкімет басшысы кейбір өңірлерде алда тағы қатты аяз болжанып отырғанын айта келе, жергілікті атқарушы органдарға жылумен, энергиямен жабдықтау ұйымдарын қажетті көлемде отынмен, керекті материалдармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды, қосымша техникалық ресурстар тартуды, тиісті ұйымдар мен бригадалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.

Бағаны бақылауда ұстау керек

Үкімет басшысының жылжабар жиыны бағаны шарықтатпау жайына да тоқталды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің есептеуінше, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (XМАТ) бағалары өткен аптадан бері 0,3 пайызға көтерілген. «21 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық өңірлерде тауарлардың екі түрі – қырыққабат және қанттың 15 пайыздан астамға жоғарылауы байқалды. Мәселен, қант қымбаттауы 10 өңірде, қырыққабат бойынша 11 өңірде тіркелді», – деген Ұлттық экономика министрі жергілікті биліктің жайбасарлығына алаңдаушылық білдірді. «Жыл аяқталуға таяу, бірақ әкімдіктер келесі жылға арналған XМАТ бойынша болжамдық мәндерді белгілемеген. Бұл шекті мәндерді дер уақытында белгілеу – келесі жылда мониторинг жүргізу және қажетті шараларды тиімді түрде қабылдау үшін қажет. Алайда бірде-бір әкімдік шекті мәндерді бекіткен жоқ. Бұл 2019 жылдың бірінші тоқсанында XМАТ бағаларының өсуіне уақтылы ден қоюға кері әсерін тигізуі мүмкін», – деді ол. Жылда желтоқсан айында дәстүрлі түрде бағалардың өсу үрдісін, сондай-ақ, әлеуметтік сипаттағы басқа да тауарлардың қымбаттауы қаупін ескере отырып, Үкімет әкімдерге жергілікті комиссиялар жұмысын ұтымды ұйымдастыруды, оларда қабылданатын шешімдердің орындалуын ерекше бақылауға алуды, биылғы жыл соңына дейін 2019 жылға арналған шекті мәндерді бекітуді, саудагерлер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жүктеді. Үкімет мүшелері Елбасының биылғы 7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тарифтер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды төмендету туралы тапсырмаларын орындау бойынша қабылданған шараларды пысықтады. Үкімет басшысы осы бағытта жұмысты жалғастыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол өңір әкімдеріне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, келесі жылдың 1 қаңтарына дейін ПИК қызметтерінің тарифтерін төмендету және әкімдіктің қарауындағы басқа да коммуналдық қызметтер бойынша тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды. 1 қаңтардан бастап барлық монополистер төмендетілген жаңа тарифтерді ұстануға міндеттеледі. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдеріне, соның ішінде көкіөніс өнімдеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Back to top button