Қош бол, мейірбан күн, мерейлі жыл!

Қош бол, мейірбан күн, мерейлі жыл!

Қош бол, мейірбан күн, мерейлі жыл!
ашық дереккөзі
329
Санаулы күндерден кейін тағы бір жыл артта қалып, жаңа жылдың парақшалары ашылады. Өткен жыл еліміз үшін сәтті кезең болды деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Тарих қойнауына енгелі тұрған 2018 жылы елімізде маңызды шешімдер қабылданып, айтулы шаралар атқарылды. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жарық көруі Қазақ елінің жасампаз жұрт екенін анық танытты. Әлемге әйгіледі. 2019 жылға да жоспарланған жұмыс көп, ел игілігі үшін қолға алынатын шаруалар жетерлік. Жаңа жыл қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалықпен басталмақ. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде табысы төмен жұмысшылардың, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 1,5 есе артады. Президенттің бұл тапсырмасы 1 млн 300 мың адамның жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Бюджеттік мекемелердегі 275 мың қызметкердің еңбекақысы да ұлғаяды. Ал 1 қаңтардан бастап жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерінің көлемі 7 пайызға өседі. Ең төменгі күнкөріс шегі ұлғаятындықтан, базалық зейнетақы да көбейеді. 2019 жыл елімізде өткізілетін халық санағымен де есте қалмақ. Айта кетейік, Қазақстан­да халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Соңғы рет халық санағы 2009 жылы өткізілген болатын. Бұл жылы 1999 жылмен салыстырғанда халық саны 1 млн 27 мыңға өскен. Халықтың этникалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26 пайызға, өзбектер 23 пайыз, ұйғырлар 6,8 пайызға өскен, ал орыс, неміс, украиндармен басқа да этностардың саны керісінше 15,3 пайыз, 49,5 пайыз, 39,1 пайыз және 4,8 пайызға азайған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды – жастар жылы деп белгілеген болатын. Мемлекеттің болашағы, ұлттың ертеңі – жастар. Келер жыл сол жастарға арналмақ. Осы ретте 2019 жылы елімізде жастарды қолдауға бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінгі күні жастар үшін сапалы білім алу, жұмыспен қамту және баспаналы болу аса өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан жастар жылында осындай түйткілдердің түйіні тарқатылып, ел жастары мемлкет дамуына ересен үлес қосады.

Серіктес жаңалықтары