Әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі премьерасы өтті

Әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі премьерасы өтті

Әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі премьерасы өтті
ашық дереккөзі
274
Елордада Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдік «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы ұсынған, аңызға айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi премьерасында залда ине шаншар орын болмады. Мюзикл Астанада алғаш рет қойылып жатқанын айта кету керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте әлемдік мюзиклді Қазақстанның барлық қалаларында қою жоспарланған. Шынайы ғашықтық пен сатқындық хикаясы, сенiм мен ғажайыпқа толы қойылым кɵрермендердi тамсандырғаны залдағы қошеметтен айқын байқалғаны хақ. Сахнада XX ғасырдың ең үздiк əндерi шырқалды. Ерекше атмосфера сыйлайтын француздық шансон желiсiндегi мюзиклін 24 желтоқсанға дейiн Бейбiтшiлiк жəне Келiсiм сарайында тамашалауға болады. Премьер алдында «Notre dame de Paris» мюзиклінің авторы, белгілі итальяндық-француздық композитор Риккардо Коччанте, «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, қоюшы режиссер Роберт Мариен, мюзикл продюсері Николя Талар, қазақ тіліндегі либреттоның авторы, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. «Бүгін шынында да ақ түйенің қарны жарылған күн. Біздің жас театр әңгіменің шыны керек, енді ғана аяғынан тұрып келе жатыр десек те болады. Өйткені, үш жылдық қана тарихы бар театрымыздың әлемді таңғалдырған, 11 миллионнан астам адам көрген, әлемнің тоғыз тіліне аударылған мюзиклді мойнына алып жатқаны - үлкен жетістік. Әлемдің мәдениеттің жауһары саналатын аты аңызға айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклінің авторы Риккардо Коччанте, міне, ортамызда отыр. Осыдан 20 жыл бұрын осынау әлемдегі мықты композитордың әндерін тамсана тыңдай жүріп, 20 жылдан кейін Қазақстанда бас қосамыз деген ой басымызға келмеп еді. Сондықтан, мен өзімізді ғана емес, барлық қазақстандықтарды бүгінгі премьерамен құттықтағым келеді», - деді Жеңіс Сейдуллаұлы. Әлемдік мюзиклдің қазақ тіліне қалай аударылғаны туралы  елімізге белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы кеңірек айтып берді. Ақынның айтуынша, «Notre Dame de Paris» мюзиклі тек бізде ғана емес, дүние жүзінің бірнеше тілдеріне аударылған. «Ең бірінші Брюссельде, кейін Женевада, одан соң Лондон секілді әлемнің үлкен қалаларында қойылған. Кейін Канада, Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай секілді үлкен мемлекеттерде де сахналанған. Мюзиклдің продюсерлері бір мәтін болуы турасында бізге талап қойды. Біз өз еркімізбен аудара алмадық, яғни поэзиямызды еркін қоса алмадық. Мәтін қандай болса, дәл мағынасын беретін сөздер арқылы қиюластырып аудардық», - дейді ақын. Серікзат Дүйсенғазының айтуына қарағанда, мюзиклдің мәтінінің өзі өте жеңіл әлі түсінікті жазылған. «Мюзиклдің авторы Риккардо Коччанте маған көркем поэзияңыздың бізге қажеті жоқ деп талап қойды. Бізге ең бастысы - бұл шығармада мағынаны дәл беріп, өлең түрінде жеңіл, жалпы адам түсінетіндей болуы керек деді. Яғни, автор маған «зиялы қауымға, ақындар немесе жазушыларға түсінікті тілмен ғана жазбаңыз» деп ескертті. Бірінші аудармамыз поэзиялық жағынан терең болып кетті. Соған байланысты олар маған кішкене ескерту де берді. Демек, авторлар бізге қарапайым зауыт жұмысшысы немесе малшы, журналист немесе жазушы көре беретіндей болуы керектігіне назар аудартты», - дейді ол. Ақынның айтуынша, мюзиклдің аудармасын француздардың продюссерлік компаниясы егжей-тегжейлі тексерген. «Аударма барысын мюзиклдің авторы Риккардо Коччантенің өзі қадағалап отырды. Себебі, олар қазақша білмесе де, өз жағының аудармашыларымен, біз жақтың аудармашыларымен тығыз жұмыс жүргізді. Өте көп тер төктік. Францияға екі мәрте бардым, Қазақстанға олар келді. Бес-алты айдың ішінде осындай жұмыс жасалды. Оған мен ғана емес, басқа үлкен ақындар да атсалысты. Француз компаниясы бірнеше ақынның ішінен мені таңдап алған екен. Бірақ, бұл ретте бір ерекшелік туралы да айта кету керек. Бұған дейін ән мәтіндерін жазғандықтан, соның маған пайдасы тиді ме деп ойлаймын. Себебі, бұл жерде бүкіл ой мен философияны әннің ішіне сыйғызу міндеті тұрды. Осы мәселеге келген кезде ауқымды жұмыстар жүргіздік», - дейді Серікзат Дүйсенғазы.  

Серіктес жаңалықтары