Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілдері өңірде 14 жастағы қыздың зорланғанына байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жазады.
Жамбыл облысында кәмелетке толмаған қыздың зорланып, артынан аяғы ауыр болып қалғаны туралы ақпарат "НеМолчиKZ" қорының Instagram-дағы парақшасында пайда болды.
"Анасы 14 жастағы қызына жедел жәрдем шақыртқан. Оның аяғы ауыр болып шықты. Жасөспірімді зорлаған. Бір топ адам болып зорлаған болуы мүмкін. Зорлық әрекеттерді жасағандар бостандықта жүр. Қыз баланың менталды бұзушылықтары бар. Анасы мен қызына ешкім көмек көрсетіп жатқан жоқ. Біз не істеу керектігін білеміз.
Анасының сөзінше, осы уақытқа дейін бірде-бір күдікті ұсталмаған. 14 жастағы қыздың жүкті болып қалғаны тергеу амалдарын жеделдетпеген", - делінген қор хабарламасында.
KAZ.NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін Жамбыл облысының полиция департаментіне жүгінді.
"Кәмелетке толмаған қызына қатысты заңға қайшы әрекеттерге байланысты анасының арызы бойынша жедел түрде сотқа дейінге тергеу жұмыстары басталып кетті. Күдікті анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процестің барлық қатысушыларының дәлелдері тексеріліп, дәйектерді жинау іске асырылуда", - деді полиция қызметкерлері.
Оған қоса тергеу органдары оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп анықтап жатқаны хабарланды. Полиция тергеу амалдары аяқталған соң заң жүзінде негізделген процессуалдық шешім қабылданатынын жеткізді.