Тиянақтылық – табыс кілті

Тиянақтылық – табыс кілті

Тиянақтылық – табыс кілті
ашық дереккөзі
Көбінде жұртшылық жоғары лауазымды азаматтардың кем-кетігін іздеп, шалыс басқан қадамын аңдып отыратындай көрінеді. Олай болмаған күнде де, белгілі адамдардың сүрінгені құлағандай боп көрінетіні рас. Десек те, сол азаматтар өз жұмыстарын тиянақты түрде атқарып, еңбегі жемісті болуы үшін барын салады. 2012-2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Серік Әбденовтің есімі қазақстандықтарға жақсы таныс. Министрліктен кеткеннен кейін де Серік Сақболдаұлы жауапты қызметтерден қол үзген емес. Ал күні кеше ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Серік Әбденов ұлттық компанияның корпоративтік мәселелеріне жауап беретін болады. Еңбек жолын 21 жасында ҚР Әділет министрлігінде бастаған Серік Әбденовтің еңбектегі ептілігі мен қызметтегі белсенділігін айналасында жүрген жандар жақсы біледі. Қарапайым отбасынан шыққан жас жігіт жұмысқа деген қабілеті мен біліктілігінің жоғары екенін дәлелдегендіктен ғана биіктен көрінді. Әділет министрлігі Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу басқармасы бөлімінің бас маманы боп қызметін бастаған Серік Әбденов кейін заң сараптамасы бөлімінің бастығы, бақылау және құжаттық айналым басқармасының басшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2004 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және халықты еңбекпен қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары қызметінде болды, кейінірек аталған департаментті басқарды. Ал 2007 жылы Серік Әбденов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Екі жылдан кейін Серік Сақболдаұлы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысты. Арада 3 жыл өткенде, яғни 2012 жылы ол Үкіметке қайта оралып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атанды. Жас та болса, бас болып, мемлекет ісіне білек сыбана кірісу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан Серік Әбденовтің де мықтылығын мойындайтындар көп. Ол қырық жасқа жетпей министр атанған санаулы азаматтардың бірі. 35 жасында министр атанып, талай мәселені шешуге атсалысты. Әсіресе, зейнетақы жүйесін дамытуға барын салды. Барша жұрттың зейнетақы қорларына тиісті салымдарын тұрақты түрде жасап отыруы қажеттігіне баса назар аударды. Еліміздің әр түкпірінде министрге қарсылық танытқандар болғанымен, ол қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуден қашқан емес. Көлеңкелі табысты жарыққа шығару мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған да дәл осы Серік Әбденов болатын. Бірақ ол өз сұхбаттарында да мұның бәрі оның өмірлік мақсаты емес екенін үнемі айтатын. Айтылған мәселелердің түйінін тарқату қоғам үшін, мемлекет үшін пайдалы қадамдар еді. Бұл шаралар бүгінгі еңбекке қабілетті азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін алаңсыз болуын қамтамасыз етуге бағытталған.