БҰҰ-НЫҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫНА – 70 ЖЫЛ

БҰҰ-НЫҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫНА – 70 ЖЫЛ

БҰҰ-НЫҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫНА – 70 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
Бүкіл әлем бір мемлекеттің аузына қарамайды, бірақ бүкіл әлемнің басын біріктіретін ортақ бір құжат бар, ол – Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. Осы жылдың 10 желтоқсанында аталған құжаттың қабылданғанына 70 жыл толды. 1948 жылы желтоқсанның 10-ы күні Парижде БҰҰ бас ассамблеясында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданған болатын. БҰҰ-ға мүше және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына дауыс берген барлық мемлекеттер аталған құжат талаптарын орындауға міндеттелген-ді. Сөйтіп, адамзат тарихында алғаш рет адам құқықтарын қорғау туралы жазылған басты құжат қабылданды. Ол әлемнің 500 тіліне аударылды. Кеңестік кезде ол құжат жайлы халықтың хабары болса да, мәтінімен толық таныс болғандар санаулы еді. Өйткені осы құжаттың қабылдануын қолдап, дауыс берген КСРО үкіметі декларацияны мойындай тұра, одан туындайтын міндеттемелерді орындаған жоқ. Сондықтан оны тек жоғары биліктің рұқсатымен ғана басу керек болатын. Ал рұқсатсыз басып шығарылса, тәркіленіп, кеңестік идеологияға қарсы әрекет ретінде бағаланып, жауапты тұлғалар жазаланатын. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы наурыздың 2-сі күні БҰҰ-ға мүше болып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы міндеттемелерін орындауды өз мойнына алды. Содан бері Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы еліміз үшін халықаралық норма ретінде мойындалған құжат деп саналады. 30 баптан тұратын декларацияның 1-бабында «Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс» делінсе, соңғы 30-бабы: «Бұл декларация қандай да бір мемлекетке, адамдар тобына немесе жекелеген топтарға осы Декларацияда айтылған құқықтар мен еркіндіктерді жоюға бағытталған іс-әрекеттермен айналысуға немесе оны жасауға құқық беретіндей етіп түсіндірілмеуі керек» деп түйінделген. Адам баласының қадір-қасиетінің сақталуын қамтамасыз ететін осынау декларация – адамзаттың азаттығы мен еркіндігіне толық кепілдік беретін құжат. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 70 жыл толған күні Астана қаласында «Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының құқық қорғау жөніндегі қызметі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Онда Қазақ­-стан Республикасының Сыртқы істер министрі  Қайрат Әбдірахманов баяндама жасады. «Өздеріңізге мәлім, Декларация ХХ ғасырдың тарихындағы ең қайғылы кезең аяқталған кезде – Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әзірлене бастады. Декларацияның авторлары «адам құқығын елемеу мен жеккөрушілікпен қарау адамзаттың ар-ұжданын бүлдіретін дөрекі әрекеттерге әкеліп соқтырғандықтан» адам құқықтарын қорғаудың жаһандық жүйесінің негізін қалауды өз мақсаттары ретінде белгіледі. Құжат әр адамның нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де нанымына, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, өзге де мәртебесіне қарамастан, ажырамас табиғи құқықтары мен бостандықтарын айғақтады», – деді ол әлемге ортақ құжаттың мән мағынасы жайында. Сыртқы істер министрі аталмыш баяндамасында бірнеше маңызды оқиғаға тоқтала кетті. Соның бірі туралы Қ.Әбірахманов: «Өздеріңіз білетіндей, біз 2009 жылы Адам құқықтары кеңесінің арнаулы рәсімдерінің барлық мандаттарына ашық шақыру жібердік және мандат иелерін жүйелі түрде қабылдадық. Осыға орай, 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрестегі адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу және қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы ресми сапармен Қазақстанға келмек», – десе, одан кейін: «Сондай-ақ, Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2022 – 2024 жылдарға мүше болуға өз кандидатурасын ұсынғандығын хабарлағым келеді. Қазақстан 2013-2015 жылдар БҰҰ АҚК мүшесі болған еді. Қазақстан сайланған жағдайда, БҰҰ АҚК-нің мүшесі ретінде белсенді жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», – деп  жиналғандарды еліміздің халықаралық саясаттағы беделі мен жүргізіп жатқан істері туралы маңызды хабарлармен таныстырды.